Елімізде Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығы атап өтілді. Қазақ мемлекеттігінің алтын көпірі болып табылатын Жәнібек пен Керейдің Алтын Ордадан кейінгі тарихы біршама зерттелді. Көркем шығармаға арқау болды. Қазақтың классик жазушысы Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романы бойынша тамаша фильм түсірілді. Міне, осылай тарихи танымға тамсанып жүргенде жақында Ресейдің «Мәдениет» арнасынан журналист Георгий Новиковтың «Жәнібек ханның тәжі» атты деректі фильмі көрсетілді.
Өте қызық әрі Алтын Орда дәуіріне тікелей қатысты болғандықтан, бізді де бейжай қалдырмайды.
...1834 жылы Саратов губернаторы Ф.Переверзевтің үйінде жайылған дастарқан басында екі адам кездеседі. Оның бірі миссионер әрі археологиялық қазбалар жүргізіп жүрген неміс колониясының пасторы Генрих Август Цвик те, екіншісі саудасы жүріп тұрған әлдебір көпес болатын. Дастарқандағы көңілді әңгіме, буынға түскен шарап көпесті масаңдатқаны сонша, ол қызды-қыздымен тарихи жәдігерлерін көрсетіп мақтана бастайды. Әрі Г.Цвиктің оған ұнағаны сонша, қонағына алтын жәдігерді сыйлап та жібереді. Пастор Г.Цвиктің көктен іздегені жерден табылды. Әккі коллекционер әрі археологиялық жәдігерлерді жинаушының көзіне бұл артефакт оттай басылды. Бұл Алтын Орда дәуірінің ғажап жәдігері еді. Яғни Г.Цвиктің қолына Жәнібек ханның алтын тәжі түседі.
Г.Цвик Ресейде 18 жыл тұрып, ірі екі қорғанды қазады. Оның есебін ғылыми тұрғыда сипаттап жазады. Алтын Орда дәуірінің тарихын мейлінше жетік білетін Г.Цвиктің қолына 1,5 мыңға жуық жәдігер жинақталады. Ал 1832 жылы суыр інінен тәж табылған. Жәнібектің алтын тәжі сол еді. Әрі ол пастор коллекциясының ең құндысына айналды. Бұл кезінде Сарай Бату, яғни Берке Сарай деп аталатын Алтын Орда ханы қаласының орны екен. Гүлстан деп те аталған. Ибн Баттута тамсана жазған қала ХІV ғасырдың аяғында азып-тозады. Түрлі деректер бойынша бұл қаланы Әмір Темір, бір деректерде Мамай талқандаған деген мәліметтер бар. Ал бұл қалада теңге соғатын Сарай орналасқан екен.
Кейін Ресейдегі неміс колониясы саяси ахуалға байланысты дүние мүліктерін тастап, Германияға кері қайтады. Г.Цвик те 1,5 мың алтынордалық жәдігермен бірге Жәнібектің алтын тәжін де алып кетеді.
1840 жылы пастор Г.Цвик оны және барлық коллекцияларын бар болғаны 1000 таллерге сатып жібереді. Бұл Кельн университеті профессорының бір жылғы айлығына тең болатын. Өте қымбат қазынаны пастор Г.Цвик неге арзанға сатты? Жұмбақ.
Фильмдегі мәліметтерге қарағанда, бұл өзбек ханның ұлы Жәнібектің тәжі емес, оның анасы Тайдулла ханшаның сәукелесінің алтын өрнегі болуы ықтимал. Жәнібек ханның тиындарының сыртындағы гүл-өрнекке пара-пар болғандықтан Жәнібектің тәжі деп аталуы да мүмкін деген болжам да айтылады. Бірақ Еуропада жарияланған дереккөздерінің бәрінде ол «Жәнібек ханның алтын тәжі» деп аталады.
Патшалық Ресей кезінде бұл тәждің іздеушілері аз болмаған сыңайлы. Саратовтық өлкетанушы А.Леопольдов «Жәнібек ханның тәжі» деп аталған артефакт жөнінде 1837 жылы жазған,
Г. және Н.Чернецовтар 1838 жылы әлдебір алтын тәждің табылып, қолды болғанын айтқан. Оны сарепталық біреудің сатып алып кеткендігі туралы баяндайды. Сарепта деп отырғаны баяғы Сарай Бату қаласы. Бұдан кейін В.Григорьев деген біреу «Жәнібек ханның тәжі» Йена қаласындағы ұлы герцогтың шығыс жәдігерлері қойылған кабинетінде тұрғанын мәлімдеген. Ол Шығыс жәдігерлері кабинетінің қор сақтаушысы доктор Иоганн Штикель мырзаның 1817 жылы шыққан кітабына енген.
1851 жылы Ресейдің Императорлық археологиялық қоғамының мәжілісінде «Жәнібек ханның тәжі» туралы мәлімет айтылады. Ол туралы белгілі ғалым, нумизмат, шығыстанушы әрі археологиялық қоғамның хатшысы П.Савельев Париж бен Йена қаласының кабинеттерінде қойылып жүрген қолды болған қос жәдігер туралы хабарлама жасайды. Әрі Германиядан жәдігердің гальвано-пластикалық суреті, болмаса кескінін сұрау жөнінде ұсыныс айтады. Германия жағы сегіз айдан соң жәдігердің суретін жібереді. Қоғам 1851 жылы 15 қазанда ол суреттерді жариялауды тапсырады. Өкінішке қарай, ол сурет Императорлық орыс географиялық қоғамының хабаршысына шықпай қалады. Оның себебі де түсініксіз еді. «Жәнібек ханның тәжінің» суретін 1906 жылы А.А.Спицын жариялайды.
Алтын Орда дәуірінің білгірі ғалым Г.Федоров-Давыдов 1968 жылы ғылыми-көпшілік журналдың бірінде «Жәнібек ханның тәжі» туралы ақпарат орналастырады.
Ресей Ғылым академиясы Археология институтының ғалымы Н.Савельев бұл жәдігерлердің суретін «Российская археология» журналының 2013 жылғы 2-санында жариялайды. Сондай-ақ, бұл жәдігер туралы 1837 жылы Йена университетінің профессоры Карл Гюбель сипаттама берген. Міне, «Жәнібек ханның алтын тәжі» деп аталатын жәдігердің суреттерін енді сіздер де көріп отырсыздар, құрметті оқырман.
Фильмдегі дерекке қарағанда, Германияның Саксония өлкесі екі рет соғыс ошағында қалған. Ал Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ол Кеңес Одағы әскерлерінің иелігінде болған. Мүмкін, Мәскеуге қайтарылған археологиялық жәдігерлердің арасында «Жәнібек ханның алтын тәжі» де бар шығар.
Волгоградтағы Өлкетану музейі мен «Ескі Сарептадағы» (Берке Сарай) музейінде қазақ тарихына қажетті талай жәдігерлер мен артефактар бар сыңайлы. Біздің тарихымыз үшін ұсақ-түйек жоқ.
Қазақ хандарының алтын тақтары да, алтын тәждері де болғаны біздің фольклорлық жырларымызда сақталған. Жырауларымыз хандар туралы айтқанда, олардың алтын тақта отырып, алтын тәж кигенін жырға қосқан. Мысалы, Марғасқа жырау. Бұл жөнінде белгілі тарихшы, ҰҒА корреспондент-мүшесі М.Әбусейітова ханым, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлан Атығаев бірнеше мақала жариялағанын білеміз. Міне, соның айғағындай «Жәнібек ханның алтын тәжінің» суретін жүрек елегінен өткізелік. Біздің ұлы тарихымыз бар, ұлы бабаларымыз бар. Өйткені, Алтын Орда дәуірі біздің ортақ тарихымыздың жәдігер-тұмасы...
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі