Түркіге ортақ төрт томдық
ЮНЕСКО-ның шешімімен «Халықаралық ана тілі күні» деп жарияланған 12 ақпан қарсаңында халықаралық Түркі академиясының ұйытқы болуымен басылып шыққан бұл сүбелі еңбек Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қолдауымен жарық көрген. Түркиялық профессор Суер Екердің ғылыми жетекшілігімен іске асқан жобаға әлемнің 26 елінен 130 ғалымның 132 зерттеуі топтастырылған. Ал мақалалар ағылшын, түрік, орыс, қазақ, өзбек және басқа да тілдерде жазылған. Түрлі-түсті фотосуреттермен көркем безендірілген көптомдықты оқырман қауымға таныстырған академия басшысы туыс халықтардың тамырына қан жүгіртетін мұндай туындыны басып шығару бастамасы ЮНЕСКО-ның арнайы бағдарламасы аясында орындалып отырғандығын атап өтті. Сонымен қатар, бауырлас халықтардың өзара байланысын нығайтуда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркі әлемінің ақсақалы ретінде танылғанын тілге тиек етті. «Елбасымыз Тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, халқымыздың мәңгілік мұраттарға қол жеткізу жолында ұлы мақсаттарға жетелейтін «Мәңгілік Ел» идеясын жария еткені мәлім. Оның түп-төркіні түбі бір туыс, түркі халықтарын бір-біріне жақындастыруды меңзейді. Сонымен қатар, Түркі әлемінің ақсақалына айналған Елбасымызға бүкіл түркі жұрты тілдер мен мәдениеттерді сақтау тұрғысынан мол үміт артатыны сөзсіз. Ендеше, біздердің тарих қойнауының тереңінде жатқан өткенімізді танып, білуде бүгінгідей шараның маңызы зор», – деді Д.Қыдырәлі. Сондай-ақ, шара аясында сөз алған Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің өкілетті кеңес төрағасы, профессор Мұса Йылдыз бен Башкент университетінің профессоры, жоба жетекшісі Суер Екер кітаптың жазылу тарихын әңгімелеп, тағдырлы тілдерді зерттеу мен қорғау жайлы пайымды пікірлерімен бөлісті. Әңгіме барысында жинаққа зерттеулері енген мамандардың әлемнің түрлі елдері мен университеттерінде, ғылыми ұйымдарында жұмыс істейтіні белгілі болды. Ал оларды тауып, танып, ұжымдық еңбекке жұмылдыруда байланыс тетігі ретінде әлеуметтік желілердің өзін қажетке жарата білген. «Біз осы кітапқа материалдар әзірлеу барысындағы соңғы бес жыл ішінде әлемге тарыдай шашылған түркітілдес халықтардың өкілдерінен бас-аяғы 10 мыңнан астам дерек жиналды», – деді С.Екер. Сондай-ақ, алқалы жиында туыс халықтардың атынан тілектестігін білдіріп, сөз сөйлегендер қатарында мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков пен Астанада Түркі кеңесі ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов бұрынғы түрік дәуірінің асқақ өркениет болмысын танытатын зерттеулердің бүгінгі бүтін Түркі әлемі үшін зор маңызға ие екенін айтты.Түпкі тарих арқылы түркілік түсінісу
Жиынның екінші бөлігінде өткен жылдың тамыз айында халықаралық экспедицияның жүріп өткен жолы мен сапардың қорытындысы жұртшылық назарына ұсынылды. Алдымен «Тәңіртаудан Өтүкенге дейін: Ұлы Дала көшпенділерінің тарихи-мәдени қазыналары» атты ІІ халықаралық экспедициясының мүшесі, Моңғолиядағы «Шивээт улаан» қорымындағы археологиялық қазба жұмыстарына жетекшілік еткен Нәпіл Базылхан арнайы баяндама жасады. «Аталған кешенде археологиялық зерттеу, жалпы құрылымдық бітімін анықтау мақсатында бірлескен экспедиция 2 ай бойы қазба жұмыстарын жүргізді. Басты мақсатымыз қорымның құрылымын анықтау еді. Өйткені, бұл – көне түркі дәуірінің бітім-болмысы жағынан қайталанбас ерекше кешені. Қос өзеннің қосылған тұсындағы шарбақты, дуалды таудың қақ ортасындағы биікте орналасқан «Шивеээт улаан» ғұрыптық кешеніндегі тұғыр таста 60-тан астам таңба мен 30-ға жуық тас мүсін бар. Жалпы аумағы 120х45 метрді құрайтын құрылыс кешені таспен қаланған, төртбұрышты созылыңқы пішінді 11 кішігірім мұнаралы қамал қабырғалардан тұрады. Одан бөлек, бас құрылыстың 8 қырлы бөлігінің төртбұрыш текше іргетасты болғанын анықтадық. Археологиялық зерттеу барысында 9 адам бейнелі, 4 жыртқыш аң бейнелі, 1 қозылы қой бейнелі, 3 қошқар бейнелі тас мүсіндер де табылды. Мұның бәрі де түркі халықтарының түбі бір туыстығын әйгілеп, тарихымызды тани түсуде ерекше маңызға ие құндылықтар екені сөзсіз», – деді Н.Базылхан. Осы тұста, тұғыртастың тарихына тоқталған Академия басшысы түркі тайпаларының таңбалары қашалған Мәңгі тас – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясының айқын көрінісі және бабалар мұратының Ұлы Далада Қазақстан Тәуелсіздігімен бірге қайта жаңғырғанын көрсететінін тілге тиек етті. Естеріңізге сала кетейік, бұл ғұрыптық кешен күні бүгінге дейін фин, орыс, моңғол зерттеушілерінің тарапынан зерттелген. Десек те, алғаш археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге академия ұйытқы болған экспедициялық топ екендігі айрықша атап өтуге тұрарлық.Арал тағдырына араша
Түркітілдес мемлекеттердің ортақ ұйымдары ендігі жерде түп-тамырымызды тереңнен танытатын тарихи құндылықтарды құнттап, жәдігерлерді зерттеп, зерделеуден бөлек, адамзатқа ортақ проблемаларды да ашық алаңдарда талқылауға мұрындық болмақ. Әсіресе, Түркі академиясының «Арал теңізі: өткені, бүгіні және келешегі» деген атаумен арнайы деректі фильм түсіріп, түйінді тарқату мақсатымен тақырыпты талқылауға ұсынуы халықаралық ұйымдардың қызығушылығын оятып, қолдауына ие болды. Фильмде апат аймағын бақылауға алып, Аралды құтқаруға бағытталған нақты қадамдар мен олардың нәтижелері жөнінде, оның ішінде Солтүстік Аралды (Кіші Арал) қайта қалпына келтірудің қазақстандық моделі баяндалады. Мемлекет және қоғам қайраткерлері мен шет елдерден келген көрнекті ғалымдар, зиялы қауым өкілдері фильмді тамашалағаннан кейінгі талқылауда сөз алған Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары Абзал Сапарбекұлы су мәселесіне қатысты түйіндерді тарқатуға Түркі кеңесі де атсалыса бастайтындығын мәлім етті. «Себебі, су – стратегиялық маңызға ие, экономикалық, әлеуметтік құндылығы шексіз тіршілік көзі болғандықтан, Түркі кеңесі де Арал мәселесіне атсалысатын болады. Сонымен қатар, түркітілдес мемлекеттер арасындағы шекаралық өзен, көлдердің тиімді пайдаланылуына да мүмкіндігінше жағдай жасауға мүдделіміз», – деді ол. Сонымен қатар, тың туындыны таныстыру рәсімінде Қырғыз Республикасының бұрынғы Мемлекеттік хатшысы, Халықаралық Манас қырғыз-түрік университетінің профессоры Осмонакун Ибраимов өркениетті қоғамды алаңдатқан апатқа қатысты өз ойларымен бөлісіп, арнайы баяндама жасады. Салтанатты шара соңында Академия басшысы Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Ү. Мұңалбаеваға тұсауы кесілген төрт томдық туындыны тарту етіп, осы еңбектің жарық көруіне жетекшілік еткен М. Йылдыз бен С. Екерді, ғалым Н. Базылхан мен ТИКА-ның Астанадағы өкілі А.Чағларды «Түркі дүниесінің ықпалдастығы мен дамуына және түркітанулық зерттеулерге қолдау көрсеткені үшін» деген Құрмет грамотасымен марапаттады. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»