09 Ақпан, 2017

Еуроодақты енді не күтіп тұр?

169 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Еуропа одағының ендігі тағдыры Германиядағы сай­­л­ау мен ЕО-АҚШ әріп­­тес­тігіне қатысты Трамп­­тың саясатына бай­ла­ныс­ты болайын деп тұр.

Алдымен Меркель мүдделі

Еуроодақтың негізгі драйвері Гер­маниядағы Ангела Меркель үкіметі одақтың тұтастығын сақ­тауға мүдделі. Біріншіден, одақ ел­дері­нің ортақ нарығы немістің экс­порты үшін үлкен мүмкіндік. Өзге елдермен салыстырғанда Гер­ма­ния одақтас мемлекеттерге ең көп тауар сатып отырған ел. Біреу­лер Германияның одаққа сон­ша­лықты жанының ашуын не­міс­тердің үстемдік құруы ретін­де танығанымен, шындап кел­генде, ЕО нарығы арқылы Гер­мания өзінің экономикалық қуатын арт­тыруды көздейді. Екін­ші­ден, Бри­танияның одақтан шығуы Германия үшін тағы бір мүм­кін­дікті ұсынып отыр. «Брек­сит­ті» өткізу туралы референдум қоры­тындысынан кейін Бри­та­ния­дағы халықаралық қаржы ұйым­дары мен ірі компаниялар Лон­доннан кетуге ыңғайлана бастады. Британиядан кеткенімен, Еуро­одақты тастамайтын ірі кәсіп­керлердің ендігі жұмыс іс­тей­тін жері, әрине, Майндағы Франк­фурт болмақ. Осылайша, сарапшылар, келер жылдан бас­тап Лондон қор биржасының сауда­герлері енді Германияға көше­тінін айтып жатыр. Еуроодақтың қаржы орта­лығы болғалы тұр­ған Гер­мания бұл тұрғыда инвес­тор­ларға елдеріндегі саяси тұрақ­тылық пен экономикалық интеграцияны ұсынуы тиіс. Дегенмен, Германияның со­циал-демо­кратиялық партиясы елдің ішкі сая­са­тын­да Брюссельге деген тәуелділікті азайтуды көк­сейді. Оған себеп – босқындар мә­се­­­лесі. Еуроодақ елдері ішінен ең көп бос­қын қабылдайтын Гер­­ма­­­ния­­дағы әлеу­меттік мәсе­ле­л­ер­дің ше­шіміне, социал-демо­­крат­тар­­дың пікірінше, қазіргі билік пар­­тия­­сының сыртқы саясаттағы ұс­та­нымы кінәлі. Соңғы жылдары кө­бей­іп кет­кен лаңкестік әре­кет­тер­ді өз ұпайлары үшін ұтым­­ды пай­да­лана білген социал-демо­­крат­тар 2017 жыл­дың күзіне жос­­­пар­­­лан­ған сай­лау­да өздері­нің сай­­лауал­­ды бағ­­дар­­­­ламасы ретін­де Гер­ма­ния­ны бос­қын­­дар­дан тазар­тып, ішкі эко­но­миканың өркен­деуі­не ба­сым­дық береміз деп уәде беріп отыр.

Еуроның әлсіреуі

Британияның референдумы мен «Брекситті» ел парламенті мақұлдағаннан кейін фунт­тың құны құлдырап кеткен. Сарап­шылардың пікірінше, «Брекситтің» кесірінен Британия 100 млрд фунт стерлинг жоғалт­пақ. Британияны жоғалтса, әри­не, Еуроодақтың ресми валю­тасы да әлсі­рейтіні белгілі. Қар­жы­гер­лердің пікірінше, 2017 жылдың соңына дейін АҚШ дол­лары мен еуроның құны теңе­сіп қалуы тиіс. Онсыз да 2008 жылғы дағдарыстан әлі ес жиып болмаған ЕО-ның кей мем­лекеттері үшін бұл үл­кен қар­жы дағдарысына ұла­суы ықти­мал. Соның ішінде Берлин­мен бұрыннан бері мүдде­лері қайшы келетін Италия бірінші болып антиинтеграциялық шара­лар бастап кетуі ғажап емес. Еуроның құлдырауына, екін­ші кезекте, доллардың өзін­дік құ­ны­ның көтерілуі себеп бол­мақ. Трамптың көші-қон сая­саты­н­ан кейін бірнеше айлық рекорд­тық деңгейге түсіп кеткен дол­лар құны жыл ортасына қарай керісінше шарықтап өс­пек. Олай дейтініміз, өткен жылғы желтоқсанда АҚШ Феде­рал­­дық резерв жүйесінің (ФРЖ) кезекті отырысында 2017 жылы доллардың база­лық үс­­те­­месінің бір жылда қатары­­нан үш рет көтерілетіні тура­лы сөз­дің айты­луы. Егер ФРЖ бас­шы­сы Джан­нет Йеллен осындай қадам­ға бара­тын болса, қазіргі 0,75 п­а­йыз­дық үстеме жыл со­ңы­на де­йін 2 пайызға же­тіп, дол­лардың құны еуроны маңай­лап қалуы ғажап емес. Ал дол­лар­дың көтерілуі Еуропа ел­дерін­де инфляцияға түрткі болмақ.

Трансатланттық сауда келісімі

Жалпы, АҚШ-тың жаңа прези­денті Еуро­одақтың тек қар­жы секторына ғана емес, сыртқы саудасына да тиімсіз болып тұр. Келе салып Транстынық-мұхит­т­ық сауда әріптестігінен шығып кет­кен Дональд Трамп енді ЕО мен АҚШ арасындағы Тран­сатланттық сауда ұйымының да шарттарын қайта қара­мақ­шы. Инвесторлардың демдерін ішіне тартып күтіп отырғаны да осы құжат. Егер Трамп бұл ұйымнан да бас тартып немесе сауда келі­сі­мі­нің шарттарын өзінің «про­тек­ционистік» (ұлттық эконо­ми­каны күйттеу) саясатына ыңғай­лау­ды ұсынса, алдымен ЕО ел­дері зардап шегеді. Өйткені, АҚШ-пен арадағыдай ірі сауда айналымын алмастыра алатын Еуроодақта басқа серіктес жоқ. Жалпы, макроэкономика­лық сарап­шылар 2016 жылды тұйық­талу дәуірінің басы ретін­де си­паттайды. Британияның одақтан бас тартуы, Трамптың сыртқы сау­д­а­ны азайтып, ұлттық өндірісті күйт­теуі осыған дәлел болмақ. Бауыржан МҰҚАНОВ, «Егемен Қазақстан»