Біз, Ресей қазақтары атамекеннен жырақ жүрсек те, онда болып жатқан өзгерістерді сырттан қарап, қадағалап отырамыз. Өзге елде тұрып жатқаннан кейін бізге жырақ көрінеді, әйтпесе Ресей қашаннан Қазақстанның құдайы көршісі ғой. Сондықтан экономикада, әлеуметтік салада екі елдің алыс-берісі жеткілікті. Қазақстан қазір қай саланың дамуы болсын бұрынғы Кеңес Одағына қараған елдерден көш ілгері. Жақында интернеттен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын оқып шықтым. Әрине, мені атамекенім – Қазақстан экономикасының дамуы жотаға емес, көкке атылған шыңдарға ұмтылғандай әсер береді, даму қарқыны таңдандырады. Ең бастысы, елді алға сүйреудің, дамудың нақты, сенімді әрі өршіл жоспар-мақсаты өзгеге үлгі алуға, үйренуге меңзегендей екен.
Осыдан 25 жыл бұрын, Тәуелсіздігін енді алған кезде «Қазақстанға қиын болады, қашан зауыттар салады, өңдеу өнеркәсібін дамытады? Еуропаны айтпағанда, Кеңес Одағы құрамында бірге болған Ресей, Украина, Балтық бойлары елдерінің сол кездегі деңгейіне ол қай уақытта теңесер екен», деген ойды бәріміз де ойладық. Ал қазір Қазақстан ТМД елдерінің көбін шаң қаптырды, алпауыттарға қарай адымдап келеді. Жолдауда бұл анық айтылады. Бүгін дүние жүзінде дамудың ерекше қарқыны байқалады. Дүние тез өзгеріп келеді. Жолдауда Президент: «Еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру керек. Бұл жердегі негізгі фактор Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін жаппай енгізу болуға тиіс. Бұл – автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәліметтер» алмасу, тағыс басқа міндеттер» деп көрсетеді. Соған орай тек экономикада ғана емес, өмірдің барлық саласында көптеген мақсат-міндеттер қояды.
Сырттағы ағайынның байқауынша, бұрын Қазақстанда өнімді экспорттаудан гөрі импорттың үлесі басым болатын. Сыртқа көбіне кен немесе астық секілді шикізатты шығарып отыратын. Қазір Қазақстанда өндірілген тауарды дүниенің төрт бұрышы біледі. Мысалы, ауыл шаруашылығын алсақ, Қазақстанның сапалы ұнын Жер шарының алыс нүктелеріндегі елдер сұрап жатады. Бұл – шындық. Ал Жолдауда Елбасы: «Үкімет алдында қазірдің өзінде 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайту міндеті тұр» деп тапсырды. Демек, Қазақстанда өңдеу кәсіпорны қарыштап дамуға беталды деген сөз.
Дүниенің дамыған көп елдерінде өңдеу кәсіпорны, орта және шағын бизнес экономиканың көп жүгін арқалайды. Қазақстанның экономиканы осы жолға бағыттағаны Елбасының бұрынғы Жолдауларынан да көрініс тапқан еді, бұл жолы нақтылаңқырап айтыпты. Жолдауда бизнес-ортаны дамытуға екінші басымдық бере отырып: «Біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайыз болуын қамтамасыз ету», дейді. Кәсіпкерлікті дамытудың тетіктерін де тәптіштей айтады.
Негізі Қазақстан Президенті бұрыннан кәсіпкерлікті дамытуға көп көңіл бөлгенін, тіпті кәсіпорындар еркін бел жазуы үшін тексеру орындарына мораторий жариялағанын да білеміз. Бұл жолы да түсінгенім, Президент экономикадағы, оның ішінде бизнестегі мемлекеттің рөлін азайтып, кәсіпкерлікті барынша жаппай дамытудың мүмкіндіктер жолына бағыттайды, дүние жүзіндегі дамыған елдердің озық стандарттары мен тәжірибелерін енгізуді міндеттейді. Бизнес бәсекенің ісі, ол тек бәсекелі ортада дамиды. Мемлекеттік монополия бизнесті тек тұсайтыны белгілі, сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы бизнеске, кәсіпкерлікке барынша еркіндік беріп отыр.
Тәуелсіздік алғанға дейін Қазақстан орталықтың шикізат қазанына айналғаны тарихтың ісі болып барады. Ал қазір Қазақстан экономикасының қарыштап дамығанын сол орталықтың мұрагер елі де көріп-біліп, мойындайды. Атамекеніміз, Қазақстанның, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық беделіне де сыртта отырып қуанамыз. Бұрынғы Кеңес Одағында ортақ қазанға қараған елдердің ешқайсысында осы күнге дейін ең ірі саммит, Азия ойындары, Универсиада өткен емес. Мұның барлығы да алдымен Қазақстанды дүние жүзіндегі беделді ұйымдар мен ірі елдердің мойындауы десек, екіншіден экономиканың дамуына да байланысты.
Қазақстанның Үшінші жаңғыруын, жаһандық бәсекеге қабілетті болуын міндеттеген Жолдауда айтылған мақсаттардың барлығы да орындаларына, Қазақстанның болашақта дамыған отыз елдің қатарынан орын аларына сенемін. Өйткені, осыған дейін Қазақстанның дамуы өзін дүние жүзі алдында дәлелдеді.
Құрамыс НОҚАЕВ, кәсіпкер
Ресей Федерациясы,
Магнитогор қаласы