10 Ақпан, 2017

Басты мақсат – басқарудың заманауи жүйесін құру

290 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Бүгінгі күні талқыланып жатқан конституциялық реформаны сарапшылар қалай бағалауда? Реформаның сапалық және мазмұндық толысуы мен Парламенттің іс жүзінде нығая түсуі үшін қандай іс-шаралар атқарылуы керек? Осындай сауалдарды негізге ала отырып, «КИПР» талдау орталығы мен «Нұр Отан» партиясының Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығы «Конституциялық реформалар аясында Парламент өкілеттігін кеңейту мәселелері» деген тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырды. Талқылауға жіберілген конституциялық реформа тек билік тармақтарының ғана емес, билік органдарының ел тұрғындарымен байланысын нығайтатын елдің жоғары заң шығарушы органы – Парламентпен өзара теңгерімді қарым-қатынасын тиімді қарастыратын Қазақстан­дағы саяси жүйе құрылымы мәселесін қайтадан өзекті етіп отыр. Дәл қазіргі кезде кең ауқымда және жоғары жиілікпен заңдар­ға өзгеріс енгізетін Парламенттің баста­машылдығына қарағанда, атқарушы биліктің басымдығы байқалады. Ұсынылатын жаңа заңнамалық өзгерістерге байланысты халық­тың наразылығын тудыратын жағдаятқа еліміздің қарапайым азаматтарының мүдделері ескерілмейтіндігі, Парламенттің өкілеттік қызметтерінің қажетті деңгейде жүзеге асырылмай отырғандығы негіз болды. Парламент рөлін нығайтуға бағытталған бастама азаматтық қоғамның өкілдері мен сарапшылар тарапынан оң бағаланып отыр. «Нұр Отан» партиясының Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Юлия Кучинская конституциялық реформаның мақсаты елді басқарудың тиімді, тұрақты, заманауи жүйесін құру екенін баса айтты. «Мұның негізінде әртүрлі салмақ­тағы мемлекеттік биліктің барлық тармақтары­ның бір-бірімен айқын қарым-қатынасы жат­қаны анық. Бастысы, теңгерім сақталуы тиіс», деді ол. Мықты президенттік билік, беделді Парла­мент және нәтижелі Үкімет – консти­­туциялық реформаның үш тағаны. Президент үшін билік тармақтары арасын­дағы қарым-қатынас­тың жоғары арбитрі, рөлі, стратегиялық функ­циялар бұрынғыша басымдық болып қала береді. Юлия Кучинскаяның ойынша, ендігі жерде Парламенттің өкілеттік шеңбері кеңейе түспек. Мысалы, ол қандай да бір министр өз міндетін дұрыс орындамаған жағдайда қызметінен босату тәртібін иеленуі мүмкін. Сондай-ақ, Конституциядан Президентке заңдық күші бар Жарлық шығаруға мүмкіндік беретін, сонымен берге, Парламенттің Президентке заңнамалық өкілеттіктер құқын беру нормаларын алып тастау ұсынылып отыр. Премьер-Министрді тағайындаудың қазіргі тәртібін сақтап қалуды, бірақ Үкімет мүшелерінің қызметінен босатылу үдерісіне Мәжілісті де қосу ұсынылмақ. Өз кезегінде Үкіметке мынандай Пре­зидент өкілеттіктерін тапсыру ұсы­ныла­ды: мемлекеттік бағдарламаларды, мем­ле­кет­тік бюджет есебінен қамтылған барлық органдар үшін жұмыскерлердің еңбекақы­сын қаржыландырудың бірыңғай жүйесін, Үкімет­тің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарды құру, тарату және қайта құруды, олардың жетекшілерін қызметке тағайындау мен босатуды бекіту; Премьер-Министр тек Президентке ғана емес, Мәжіліске де Үкіметтің басты жұмыс бағыты мен оның барлық маңызды шешімдері туралы баяндап отыруы керек. Осылайша Үкіметтің Парламент алдындағы жауапкершілігі анықталатын болады. Жиында «Альтернатива» өзекті зерттеу­лер орталығының директоры Андрей Чеботарев конституциялық реформаның жал­пы нәтижесіне ықтимал жорамалын жасады. Бұлар – Президенттің елдің саяси жүйе­сіндегі негізгі тетіктерінің ықпалын сақ­тауы, Парламенттің қазіргі мәртебесін алда ие­ле­нетін жаңа мүмкіндіктермен Үкіметке ықпал жасау үшін сақтауы, Үкіметтің ұйым­дас­тырушылық-кадрлық мәселедегі өкілет­тігін кеңейту, мемлекеттік бағдарла­малар­ды әзірлеу мен орындаудағы Үкіметтің жауап­кершілігін арттыра түсу. Дөңгелек үстел жұмысына Г.Баймаханова, С.Сейдуманов, И.Смирнова секілді Парла­мент Мәжілісінің депутаттары мен Б.Бек­тұрғанова, Р.Жақыпов Л.Каратаева, Ю.Булуктаев, М.Казначеев, Э.Полетаев, Д.Сәкен­ұлы, А.Нұрша, М.Шибұтов сынды саясат­тану­шылар, әртүрлі қоғамдық және саяси ұйым­дардың өкілдері, заң, саясаттану саласының ғалымдары, экономистер қатысты. Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ