Еліміздің музыкалық-сахна әлеміндегі тұңғыш қазақ операсы «Қыз Жібектің» дүниеге келгеніне, міне, 83 жыл толған екен. Ол туғанда өзгеше сырлы даусымен барша әлемді селт еткізіп, ықылас-зейінін өзіне бірден тартты. «Қыз Жібек» бүгінгі күні ұлттық опера өнерінде ең ұзақ бақытты өмір кешкен қасиетті туынды! Оны өмірге келтірген авторлар – композитор Евгений Брусиловский мен жазушы Ғабит Мүсіреповтің, басты рөлдердегі Күләш, Қанабек Байсейітовтердің, Құрманбек Жандарбековтің, Манарбек Ержановтың, Ғарифолла Құрманғалиевтің, Шара Жиенқұлованың есімдері ұлттық опера өнерінің шежіресіне алтын әріппен жазылды.
Осы уақыт аралығында бұл туындыда қоюшы режиссерлер, дирижерлер, балетмейстерлер, әншілер, суретшілердің үш ұрпақ буыны қатысып алмасты. Олардың әрқайсысы туындыға өзінше тың серпіліс беріп, тереңдете, кеңейте түсті.
Бұлар – Тұрғыт Османов, Базарғали Жаманбаев, Нұрлан Жарасов, Абзал Мұхитдинов, Дәурен Әбіров, Зәуір Райбаев, Тұрсынбек Нұрқалиев, Гүлфайруз Ысмайылова, Шабал Бейсекова, Бибігүл Төлегенова, Байғали Досымжанов, Әнуарбек Үмбетбаев, Кәукен Кенжетаев, Нариман Қаражігітов, Бақыт Әшімова, Амангелді Сембин, Шора Үмбеталиев, Кеңес Бақтаев, Қанат Омарбаев, Ғафиз Есімов, Қанат Құлымжанов, Бақытжан Ысқақов, Әлібек Дінішев, Кенжеғали Мыржықбаев, Байғали Момбеков, Нұржамал Үсенбаева, Жанат Шыбықбаев, Майра Мұхамедқызы, Гүлзат Дәуірбаева, Жан Тапин, Дина Хамзина сынды Абай атындағы мемлекеттік академиялық және Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрларының өнер тарландары. Ал енді «Астана Опера» мемлекеттік театрында бүгінгі қойылып жатқан «Қыз Жібекте» ұлы Күләштің жұлдызды шөберелері өнер көрсетіп, көрермен жүрегінен орын алуда!
Бұл операның феномені неде деген сұраққа, мен домбыраның қос шегіндей үндестікте болған композитор Евгений Брусиловский мен жазушы Ғабит Мүсірепов сынды дана суреткерлер, ақын Мағжан айтқандай, «Қаламымды малып жүрек қанына...» өздерінің жан жүрегінен тудырып, жалын берген «Қыз Жібектің» мәңгілік жастығында дер едім.
Кемеңгер Ахмет Жұбановтың 1933 жылы Ленинград (қазіргі Петербор) қаласына барып, 27 жастағы Евгений Брусиловскийді қазақтың кәсіби музыкасын көтеру үшін Алматыға арнайы шақырғанын біз тарихтан жақсы білеміз. Бірақ екі жылға келісім берген Брусиловский өзінің бар шығармашылық өмірінің 37 жылға созылатынын, саналы ғұмырының қазақ жерінде өтетінін, қазақтың кәсіби музыка өнерінің негізін салушылардың бірі болатынын болжап білмегені хақ.
Міне, 1933 жылы Қазақстанға келе сала, өзі қызмет ететін Алматы музыкалық-драма техникумы жанындағы халық музыкасының ғылыми-зерттеу кабинетінде дәстүрлі музыканың хас шеберлері Дина Нұрпейісова, Қали Жантілеуов, Науша және Махамбет Бөкейхановтар, Уахап Қабиғожин, Лұқпан Медетов, Әміре Қашаубаев, Манарбек Ержанов, Иса Байзақовтың орындауында 250-ден астам халық және халық композиторының інжу-маржандарын нотаға түсіріп, артынан оларды өзінің туындыларына арқау етті. Ол өзінің газетке берген бір сұхбатында: «Мен қандай музыка жазсам да, бәрібір ол қазақ музыкасы болып шыға береді...» деуі содан болар.
Евгений Григорьевич 9 операны дүниеге әкелген композитор. Солардың ішінде «Жалбыр» (либреттосы Бейімбет Майлиндікі, 1935 ж.), «Ер Тарғын» (либреттосы Сағыр Қамаловтікі, 1936 ж.), «Айман-Шолпан» (либреттосы Мұхтар Әуезовтікі, 1938 ж.) қойылымдары кезінде көрермен халықтың керемет қошемет-ықыласында болды. Бірақ солардың ішінде бүгінге дейін сахнадан түспей келе жатқаны – «Қыз Жібек» операсы. Оның бірден-бір себебі, «Қыз Жібек» либреттосының шекспирлік деңгейдегі ғажайып мүлтіксіздігі деп білемін. Мұнда ұлылық пен зұлымдық, нұрлы күн мен сұрлы күн, тазалық пен ластық, асқақтық пен арсыздық бітіспес қақтығысқа түсіп, ақыры жас жүректердің ғашықтық сезімін тұншықтырып тынады. Бұған дейін де, бұдан кейін де отандық драмалық туындыларда болмаған, аспан айналып жерге түскендей көріністегі Ұлы даланың ұлы трагедиясы бұл! Әрине, мұндай әдеби көркемдік деңгейі биік либреттоға музыка жазу Брусиловский сияқты тұлғалы композиторға шынайы бақыт еді.
Ғабит Мүсірепов әрқашан Евгений Брусиловскийге деген өзінің шынайы достық көңілін тебірене, шығармашылық қарым-қатынасын ерекше білдіретін. Осыған дәлел ретінде композитордың 1970 жылы Алматыдан Мәскеу қаласына біржола қоныс аударғанда, ұлы жазушының оған жазған хатынан үзінді келтірейін: «...Евгений! Сенің бізден біржола кетіп бара жатқаныңды енді қазір ғана ұқтым. Азын-аулақ адал адамдардың бірі мүлде алыстап бара жатқандығынан көңіл пернелерім бырт-бырт үзілуде. Ағымнан жарылатын, адал көңіліммен сырласатын адамдарым Мұхтар мен Сен едің. Осы жолдарды саған «Қош!» – деп айтқан сөзімдей қабыл ал, сүйікті адал досым. Тұла бойы тұтас өзіңнің Ғабитің».
Ғабеңнің де 500 жылдан астам тарихы бар, қазақ халқының көне лиро-эпостық дастандарының бірі «Қыз Жібекке» бет бұрғаны кездейсоқ болмас...
1936 жылдың мамыр айында Кеңес Одағының астанасы Мәскеу қаласында Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің Бірінші декадасында Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы көрсетіліп, бұл қойылымды, ондағы Жібек рөліндегі Күләш Байсейітованы көрген Иосиф Сталин оны «Қазақ бұлбұлы» деп атаса, орыстың ұлы әншісі Антонина Нежданова «Чудо!» деп таңдай қақты.
Міне, шетсіз, шексіз Ұлы даланың жусан аңқыған аршын төсі, сағым қуған тұлпарлар тұяғының қуатты дүбірі, күн сәулесін қанатына ілген аққулар қаңқылы, бәрі-бәрі әншілердің, хордың, оркестрдің үнінде, мың бұралған балет биінде беріліп, Үлкен театрдың сахнасын ғаламат көрініске бөледі.
«Қыз Жібек» операсының 1968 жылы 1000-шы, ал 2008 жылы 1500-ші қойылымы Абай атындағы академиялық опера және балет театрында өтті. Енді ол 2013 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында бірінші рет жаңа музыкалық редакцияда, жаңа режиссерлік шешімде, акустикалық, компьютерлік, жарық беру технологиясымен, пластикалық хореографиялық тұжырымдамада, кейіпкерлердің ойнау, сөйлеу, ән айту тәсілдері қазақтың дәстүрлі орындаушылық ерекшеліктерінде қойылып отыр.
Жоламан ТҰРСЫНБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор