Деректер не дейді?
Алдымен ресми дерекке көз жүгіртейік. Осыдан бір жыл бұрынғы нақты дерек бойынша Қызылорда облысында 37,4 мың бас түйе бар екен. Он екі айдың аунап түскенін ескерсек, онда бұл санның аз-маз артқанын айтпаса да болатын шығар. Осының ішінде 19,2 мың басы інген. Жер жағдайы ойсылқара тұқымын өсіруге ыңғайлы аймақ болған соң, өңірде 21 қожалық түйе шаруашылығымен айналысады. Аз да, көп те дей алмаймыз. Дегенмен, осы шаруашылықтарда талай адам жұмыс тауып, күнкөрісін айырып жүргені анық. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда өңірдегі түйе саны 3,2 пайызға артқан. Ал асыл тұқымды түйенің үлесі 10,6 пайызды құрап отыр. Ақмешіт атырабында жыл сайын 3433 тоннадан астам шұбат өндіріледі. Сондай-ақ, өндірілген шұбатқа мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Мәселен, былтыр 81,6 тонна қымыранға 4487,7 мың теңге субсидия төленіпті. Сонымен қатар, 56,7 тонна түйе етіне 5106,9 мың теңге берілген. Түйе басын асылдандыру ісі де назардан тыс қалып жатқан жоқ. Айталық, 25 бас асыл тұқымды түйе сатып алуға мемлекет қоржынынан 925 мың теңге қаржы бөлінген. Сиыр, қой, не жылқы секілді шеттен шертіп жүріп асыл тектісін өңгеріп келе беретіндей емес. Сондықтан, түйе түлігін асылдандыру жұмысында өзіндік баяулық байқалады. Сонда да болса, шаруашылықтар алдындағы аз малына қанағат етпей, оның басын көбейтіп, шұбаты мен етін нарыққа шығарып, тұқымын асылдандырып жатқанына көңіл қуанады. Облыстық ауылшаруашылық басқармасынан келген деректер осылай сөйлейді. Аса өсімтал емес жануардың өңірдегі күйі әзірге осы.Шығыны аз, күтімі жеңіл
Түйе шаруашылығы аймақтың батыс өңірінде жақсы дамыған деуге болады. Әсіресе, Қазалы, Арал аудандарында төрт түліктің төресіне деген ынта мен ниеттің өзгешелігін байқаймыз. Жалпы, бұл аймақта түйенің моңғол, қалмақ, қазақ тұқымдары кездеседі. Ең ірісі қалмақтікі болып саналады. Ал одан кейінгі кезекте қазақы түйелер тұрады. Моңғол түйелері аталмыш ұлттың аттары сияқты аса ірі емес. – Түйе малының өзге түліктерге қарағанда шығыны аз. Қыста жұт болады деп қорықпайсың. Біздің өсіріп отырғанымыз қазақтың айыр өркешті түйесі. Қарақұм мен Қызылқұмның арасында жатады. Қырық күнге дейін су ішпей жүре алады. Біздің өңір секілді шөлейтті жерлерге ең ыңғайлы жануар. Көбіне жантақпен, жусанмен қоректенеді. Түйенің жүніне дейін жарамды. Түбіті мен шудасынан күнделікті өмірге қажетті киім-кешекті тоқи беруге болады. Шұбатының емдік қасиеті жоғары. Майлылығы 6 пайызға дейін жетеді. Нарлардан сүт көп шығады. Бір өркешті түркімен түйелері де қазақы түліктерге қарағанда сүтті болып келеді. Ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан кәсіп қой. Сондықтан түйе шаруашылығымен айналысуда ешқандай қиыншылықты байқамаймыз. Қыста суыққа, жазда ыстыққа төзімді жануарға аса көп күйдің де керегі жоқ. Қора салып, қарекет етпейсің. Өйткені далалық жерде жата береді. Өзге малға жинағандай шөп жинамайсың. Азығын иен даладан табады. Сол себепті, түйе бағумен айналысамын деген шаруаның ұтары мол. Ең үлкен кемшілігі екі жылда бір төлдейтіні ғана, – дейді «Аян» шаруа қожалығының жұмысшысы Қуаныш Шүленбаев.Шұбатты нарыққа шығару қиын ба?
Былтыр «Аруана» шаруа қожалығы өз қаражаты есебінен шұбат өңдеу цехын ашты. Цехтың жобасының жалпы құны 45 миллион теңгені құрады. Онда тәулігіне 400 литр сүт өңделіп, шұбат өнімі арнайы ыдысқа құйылып дайындалады. Цехтың құрал-жабдықтары заман талабына сай жасақталған. Сондай-ақ, цехта 5 адам тұрақты жұмыс жасайды. – Бұл жобаға қызығушылығым Алматы қаласына жұмыс сапарымен барғанымда, Сыдық есімді кәсіпкердің жұмысымен танысқан кезден басталды. Содан бері міне, бірнеше жыл өтті, атакәсіп өнімінің бірі – шұбаттың құнарын арттырып, жаңа деңгейге көтеру, оның сақталу мерзімін арттыру технологиясымен шұғылданып жүрмін. Бизнес-жоспар жасағаныммен, талай кедергілерге кездестім, қанша қиналсам да, өз жобамды жүзеге асырғаныма қуаныштымын, – дейді Сабыр Ермаханов. Істің жөнін тарата айтар болсақ, оның мәнісі мынандай: бұрыннан келе жатқан қарапайым қазақы тәсіл бойынша ашытқан шұбат әрі кетсе екі-үш күнге ғана шыдайды, ал Сабырдың қазіргі жобасы бойынша арнайы пластмасса құтыға құйылған шұбат толық бір ай жарамды болады, айнымайды. Өйткені, түйе сүтін ашытатын ашытқының құрамы ғалымдармен бірлесе жұмыс істеу арқылы жасалып отыр. – Биология ғылымының докторы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің кафедра меңгерушісі Әсия Серікбаева өз шәкірттерімен бірге үлкен ізденісті жұмыс жүргізді. Нәтижесінде, 5 жиынтықтан тұратын жаңа ашытқы қолданысқа енді. Алдағы уақытта шұбаттың бұзылмай сақталу мерзімін 3 айға ұзартуды мақсат етіп отырмыз. Сонда өз өнімдерімізді еліміздің барлық аймағына таратумен қатар, шет елдерге жеткізуге мүмкіндік туар еді, – дейді кәсіпкер. Өнімнің сапалы және тауарлық сипаты жақсы болуы үшін онда қызмет жасайтын мамандардың да білігі мен тәжірибесі болуы шарт. Бұл орайда, кәсіпкердің жас мамандарды тәжірибе алмасудан, арнайы курстардан өтуін қаржыландырып, үлкен мән беріп келе жатқандығы сүйсіндіреді. Шиелі ауданындағы индустриялық аймақта орналасқан цехтың екі қабатты ғимараты жаңадан салынып, оған электр желісі тартылып, бөлек трансформатор орнатылған. Таза ауыз су құбыры да жеткізілген. Шет елден алдырылған қондырғылары да сапалы. Нақты айтқанда, сапалы өнім өндіруге барлық жағдайы сақадай-сай деуге болады. Жағдай осылай болғанда, шұбатты нарыққа шығаруға болады деген сөз. Сондықтан, аймақта мұндай цехтар әлі де көптеп ашылуы керек деп ойлаймыз.Емдік қасиеті ерекше
Ибн Сина жарықтық «Адам ағзасына пайдалы шөптердің дені құмда өседі» депті ғой. Олай болса, құмды мекен ететін, сексеуіл мен жантақты қорек қылатын түйе жануарының сүтінің де емдік қасиеті мол десек, ағат айтқандық болмас. Оның үстіне біздің жұрт шұбаттың емдік қасиетін ежелден білген. Баяғының адамдары бауыр, өкпе ауруларын, асқазан мен ішек жолдарына жел байланып, ас қорыту нашарлағанда шұбатпен емдеген. Бүгінгі медицина шұбаттың құрамында А, В1, Д, Е, С дәрумендері барын, май, ақуыз, тұз бен түрлі дәрумендерге және қант, амин қышқылына бай екенін айтады. Соңғы жылдары дәрігерлер оның қатерлі ісік, сары ауру, созылмалы колит, созылмалы гастритке шалдыққандар, холецистит, өт жолдарының бітеліп қалуы аурулары, дисбактериоз дертіне таптырмас ем екендігін алға тартып жүр. Ең бастысы, шұбаттың радиацияға қарсы бірден-бір амал екендігінде болып тұр. Түлік төресінің өнімі адамның есте сақтау қабілетін жоғарылатып, ми тамырларына сергектік пен демалыс береді. Сусын адам ағзасында жеңіл қорытылатындықтан, қарын сөлінің жұмысын күшейтіп, асқазан жолының бездерінен сөл шығаратын қасиетке де ие. Мәліметтерді негізге алсақ, мұндай өнiм ағзаның жұмыс қабiлетiн арттырып, ерлердiң әлеуетiн көтередi, әйелдердiң климаксы кезiнде көмегі зор. Ал балалардың белсендi iс-қимылын арттырып, денсаулығын бiршама нығайта алады. Никотин, алкоголь сияқты зиянды элементтердің ағзадан тез шығуын қамтамасыз етеді. Улану жағдайында бүкіл ағзаны тазалап шығады. Ішті тыяды. Яғни, шұбаттың адам денсаулығына пайдасы өте зор. Сондықтан «кола» мен «фантаға» үйір болмай, өзіміздің бабалар тұтынған шұбатты ішіп, шалқып өмір сүру керек қой деп ойлаймыз.Түйін:
Мінсең – көлік, ішсең – сусын, жесең – ет, жүні киім-кешек түйе түлігі қай жағынан алсаңыз да тұрмыста өте пайдалы. Қой секілді күні бойы соңында жүріп бағуды қажет етпейді. Жылқы сияқты бір түннің ішінде ұрылар алдына салып қуып кетеді деп қорықпайсың. Сиырдайын сипап отырмайсың. Бағуға ыңғайлы. Тұрмысқа қолайлы. Сол себепті, түйе шаруашылығын дамытуға, басын көбейтуге, тұқымын асылдандыруға мемлекет тарапынан әлі де көп көмек берілуі керек деп есептейміз. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы