«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Солтүстік Қазақстан облысында болды. Мұхтар Құл-Мұхаммед облыс әкімі Ерік Сұлтановпен бірге өңірдегі еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу өткізді, сондай-ақ, партия активінің алдында тұрған жұмыстардың басым бағыттарын белгілеп берді.
Елбасының Қазақстан халқына Жолдауының маңызын түсіндіру – «Нұр Отан» партиясы Төрағасы бірінші орынбасарының өңірлерге сапарының негізгі мақсаты. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің Солтүстік Қазақстан облысына жоспарлаған жұмыс кестесінде бұл мәселе басты назарда болды.
Солтүстік Қазақстанды барлық уақытта да ең алдымен астық және мал шаруашылығымен байланыстырғанымен, бұл жерде экономиканың басқа секторлары да ойдағыдай дамуда. Мысалы, 2015 жылы облыста полиэтилен құбырларының өндірісі жолға қойылды. Құны 57 миллион теңгені құраған жоба мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылды. Жаңа зауыттың директоры Дмитрий Шарапаев – республикамыздың басқа бизнесмендері үшін жақсы өнеге бола алады.
оқсаныншы жылдары өз ісін жаңадан бастаған көптеген кәсіпкерлердей, ол да халық тұтынатын шетелдік тауарларды жеткізумен және өткізумен шұғылданды. Уақыт өте келе, нарықтың қыры мен сырын меңгерген кәсіпкер өнімді басқа елден әкелгеннен гөрі, оны осы жерде шығарудың тиімді екенін түсінді. Осыдан кейін Д.Шарапаев пластиктен жасалған үйдің керек-жарақтарын өндіретін өзінің бірінші цехын салуға шешім қабылдайды. Жыл өткен сайын кәсіпорынның айналымы өсіп, шығаратын өнімі де көбейе түсті.
Бүгінгі таңда ол халық тұтынатын өнімдердің 230 аталымын нарыққа шығарып отыр. Шикізат ретінде пайдаланылған қалдықтар – пакеттерді, пластмассадан жасалған өнімдерді пайдаланатыны зауыттың ерекшелігі болып табылады. Осындай пайдалы «қоқысты» қабылдайтын орындар Қазақстанның барлық жерлерінде ашылған.
Аталған кәсіпорын бастапқыда тіркелген өндіріс қуаттылығына жете алмаған, мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының әйгілі 72 жобасының қатарында болды. Бүгінгі таңда бұл мәселе шешілді. Атап айтсақ, 2016 жылы зауыт 2,5 миллиард теңгенің өнімін шығарып, оның бүкіл Қазақстан мен Ресеймен шекаралас аудандарына дейінгі жеткізілімін қамтамасыз етті.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары солтүстік-қазақстандық бизнесменнің бастамасын қолдап, Мемлекет басшысының үшінші жаңғыруға арналған халыққа Жолдауында іскер адамдарымыздың кәсіпкерлік тапқырлығына үміт артып отырғанын атап өтті.
Облыстың агроөнеркәсіптік кәсіпорындары уақыттың жаңа талаптарына сай болуға ұмтылады. Ауыл шаруашылығындағы шикізаттан көп пайда таба алмайтынын мұндағылар баяғыда-ақ түсінген болатын. Сондықтан, аймақта жыл сайын түрлі азық-түлік өнімдерін шығаратын жаңа зауыттар мен фабрикалар пайда болуда. Бұл істе «Богатырский продукт» компаниясы табысқа жетуде, ол ұн, макарон өнімдерін, тұшпара, құрғақ таңертеңгі ас, кондитерлік өнімдер өндіруді жолға қойды. Мұхтар Құл-Мұхаммед өндірісті аралап шығып, жергілікті бизнесмендерді өз зауыттарында алдыңғы қатарлы әзірлемелерді енгізе отырып, Президент жариялаған технологиялық жаңғыруды қолдауға шақырды.
«Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында аграрлық сектордың экономиканың жаңа драйвері болуы тиіс екенін ерекше атап өтті. Еліміздің ең ірі сарқылмас қоры болып табылатын Солтүстік Қазақстанның агроөндірістік кәсіпорындарын жаңғыртып, ғаламдық бәсекелі нарыққа шыға алатын тамаша мүмкіндігі бар», – деп атап өтті «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
«Нұр Отанның» облыстық филиалында өткен кездесуде Мұхтар Құл-Мұхаммед жергілікті партиялықтарға бүгінгі таңда Елбасының Жолдауы бүкіл Солтүстік Қазақстан облысы халқының, әсіресе фермерлердің қызу талқылап жатқанын айтып берді. Шаруалар Президенттің ауыл шаруашылығын сапалы дамыту мәселесіне айрықша назар аударғанына дән риза. Олар Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауының арқасында агроөнеркәсіп кешенінің республикамыздағы экономикалық өсімнің жаңа қозғаушы күші бола алатынына сенеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы