Ерекше назар Satbayev University экспозициясына аударылды. Мұнда университет ғалымдарының ғылыми әзірлемелері негізінде ECOTEC Engineering компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Бұл жобалар Қазақстанда ғылымның қолданбалы сипат алып, экономиканың стратегиялық салаларында нақты нәтиже беріп отырғанын көрсетті.

Ғалымдардың басты жаңалығы – Орталық Азияда алғаш рет өндіріске енгізілген кері осмос мембраналары мен олардың жұмысын қашықтан бақылайтын RFID технологиясына негізделген «ақылды» жүйе. Бұл жоба өңірдің технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, Каспий теңізінің суын тұщыландыру сияқты стратегиялық міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Каспий теңізі жағдайына бейімделген жаңа буын мембраналарын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Маңғыстау облысында тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтар өткізу жоспарланған.
Отандық ғалымдар құрғақшылыққа төзімді дақылдарды ойлап тапты
Сонымен бірге қазақстандық зерттеушілер жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін ауа мен су сапасын бақылаудың автоматтандырылған мониторинг станцияларын ойлап тапты. Бұл жүйе экологиялық тәуекелдерді алдын ала болжап, шешім қабылдауға көмектеседі. Satbayev University ғалымдарының Порту университетімен (Португалия) бірлескен зерттеулері отандық технологиялардың жаһандық нарыққа шығуына жол ашып, Қазақстанның ғылыми-инженерлік әлеуетін әлемдік деңгейде мойындатты.
Жалпы алғанда, RES 2026 алаңында ұсынылған бастамалар Қазақстан ғылымының жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін айқын аңғартты. Бүгінде ғылым ел дамуының негізгі қозғаушы күшіне айналып, экономикалық өсімге, технологиялық тәуелсіздікке, экологиялық қауіпсіздікке және ұлттық қауіпсіздікке тікелей ықпал етіп отыр.