«Заман өзгерді, сен де өзгер», деп туған халқына хакім Абайдың арнаған өсиеті есімізде. Сол Абай айтқан, Абай меңзеген өзгерістер уақыт өте келе арнасы кеңейіп, барынша күрделеніп бүгінгі тәуелсіз заманымызда да өзінің өктем талабын алдымызға тартып отыр.
Енді бірден негізгі әңгімемізге көшетін болсақ, оны осы заманда қай халық болса да шетел тауарын, егер ол өз сұранысына қолайлы болса, ешқандай жатсынбай өз өмірлеріне пайдалану дәстүрі қалыптасқанынан бастайық. Біздер, қазақстандықтар да Жапония, Оңтүстік Кореядан келген жүйрік жеңіл машиналарды, Батыс, Шығыс елдерінен келген көптеген тамақтың түрлерін Қытайдың үй жиһазын, Еуропа елдерінің сәнді тігілген киімдерін, алыс-жақын жылы елдерден келген жеміс-жидектерді, күнделікті өмірге керек техника, технологияларды өз тұрмысымызға кеңінен пайдаланудамыз. Пайдалана отырып, осы тауарлар бізде неге шығарылмайды немесе неге олардікі арзан, ал біздікі қымбат немесе шеттен келген тауардың сапасы біздегіден неге жоғары деген сияқты көптеген сұрақтар туады.
Сондықтан да бәсекеге қабілетті болу біздің заманымыздың өктем талабы және де бұрын болмаған бірден-бір ерекшелігі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кезекті Жолдауында біздерді осы жаһандық бәсекеге қабілеттілікке шақырумен қатар, оған жетудің жолы мен шарттарын да жан-жақты баяндап, ұсынып отыр.
Біздің заманымыздың тағы бір зор ерекшелігі – жаһандық бәсекеге әр ел тек өзінің жер-суының, өндірісінің, жалпы экономикасының деңгейімен ғана емес, сол елдің азаматтарының дүниетанымы, білімі мен білігі, іскерлігі, жаңашылдық деңгейімен, қорыта айтсақ, адами капитал деңгейімен де түсіп отыр. Бұрын біздер адами капитал, оның сапасы, экономикаға әсері туралы көп ойлай қоймайтын едік. Заман өзгерді, қазір ел шаруашылығының қай саласын алсаң да оның бүгінгі, әсіресе, келешекте дамуы, бұрынғыдан да жедел, тиімді дамуы тек ғылым жаңалығы, оны іске асыра алатын білім, біліктілік негізінде ғана мүмкін. Ал ғылым мен білім адам сипатының, адами капиталдың негізін құрайды. Әлем елдеріне, әсіресе, алға кеткен елдердің озық тәжірибесіне көз жіберсек, олардың бүгінгі ішкі жалпы өнімінің 70-90 пайызына дейін ғылым мен білім негізінде алынғанын көреміз.
Осыдан кейін бүкіл әлем елдері болмаса да, олардың басым көпшілігі өз еліндегі адами капиталдың сапасын арттыру жолына түсті, яғни, адами капитал жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің тағы бір өте маңызды құралы мен көрсеткішіне айналып отыр. «Білімсіз бірді, білімді мыңды жығар» деген данышпан халқымыздың нақыл сөзі қазір әлемде іс жүзінде дәлелденгенін көріп отырмыз. Бүгінгі таңда әлем елдері инновацияны, оның тәсілдерін де жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің маңызды құралы дәрежесіне көтеруде. Кейбір елдердің жоғарыда айтылған ішкі жалпы өнімінің 30-40 пайызына дейін инновацияны жаппай және тиімді пайдалану негізінде алып отырғанын көреміз.
Инновацияны өз басым адамның жаңашылдық қасиеті және босқа айтылған сөз немесе іс емес, әрбір өмірге келген жаңалықтың шаруашылыққа тиімділігі мен пайдасына қырағылық көрсетіп, оны іске асыра білетін адами қасиет дер едім. Осы жағынан да әлем елдері жаһандық бәсекеге кіріп кетті. Ұтқандары ілгері озады, ұтылғандары орнында қалады. Ұтылғың келмесе, экономикаң, әлеуметтік жағдайың жақсы болсын десең, өз азаматтарыңды жаңашылдыққа баптай біл, оларды оқыт, үйрет, әлемнің озық үлгілерімен сусындат, қолдау көрсет, ынталандыра біл. Сонда жеңіске жетесің, ғылым, білім, инновация арқылы жаһандық бәсекеге қабілеттілік өседі.
Елбасының халыққа кезекті Жолдауында айтылған өзекті мәселенің бірі осы. Осы бағытта жүретін жолымыз, істейтін ісіміздің маңызы өте зор, дейді Елбасы өз Жолдауында. Қорыта айтсақ, адам сапасы, адами капитал – қазіргі заманымыздың, жаһандық бәсекеге түскен әлем елдерінің осы үрдіске қабілеттілігінің шешуші құралы. Елбасы осындай өзекті, мемлекеттік маңызы зор мәселені шешу жолдарына аталған Жолдауында жан-жақты тоқталды.
Жаһандық бәсекеге қабілеттілікке жеткізетін тағы бір маңызды жол бар екенін де көріп, түсініп келеміз. Ол – заман талабына сай мемлекеттік құрылыс, мемлекеттік басқару, саяси, экономикалық, әлеуметтік жүйелер. Осыларды заман талабына сай ойластыра жасай білу, соның арқасында ілгері жедел жүріп, басқалардан қалмау – біз өмір сүріп отырған дәуірдің тағы бір өктем талабы. Мемлекетіңді құра біліп, оның барлық саласына тиімді басқару саясатын жасай алсаң, жаһандық бәсекеде ұтқаның, жасай алмасаң немесе кешеуілдесең – ұтылғаның.
Адамзат тарихы мемлекеттік құрылыс пен оны басқару ісіне үлкен талғампаздық керек екенін сан рет дәлелдеп-ақ келе жатыр. Көне тарихты қопармай, өзіміз білетін заманға тоқталсақ та, аталған талғампаздық өте қажет екенін жақсы түсінеміз. Мысалы, мемлекеттік тиімді жүйе монархия емес, конституциялы, зайырлы мемлекет екені бүгін барша әлемге белгілі. Кешегі авторитарлық социализм демократия, нарық жолымен жүрген елдерден бәсекеде жеңіліп қалды. Осыдан кейін егемен ел ретінде біздер демократияны уағыздап, нарық экономикасы жолына түстік.
Ширек ғасыр осы жолмен жүріп өттік. Конституциялық республика, оған сәйкес билік жүйесі құрылды. Нарық экономикасының шешуші тетіктері іске қосылды. Алыс-жақынмен бейбіт қатынасты, жарастықты көздеген сыртқы саясат, елімізде орнаған ашық қоғам біздерге көптеген әлем елдерімен өзара тиімді байланыс жасауға мүкіндік берді. Бір сөзбен айтқанда, біздер жасаған конституциялық реформа, құрылған билік жүйесі, жүргізілген саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалар бұрынғы артта қалған Қазақстанды көп ілгері жылжытып, барлық маңызды көрсеткіштерімен 217 әлем елдерінің ішінде 50-55-орындарға көтеріп отыр.
Дегенмен, мемлекеттік құрылыс, басқару жүйесі де заман өзгерісіне байланысты оны әрі қарай жетілдіре беруді талап етеді. Және бізде қолданыста болған жүйенің кемшілігі де сезіліп, оны жақсарту талабы тұр. Осы мақсатпен Елбасы өзінің халқымызға Үндеуінде біздегі биліктің үш тармағының жұмысын, олардың бір-бірімен арақатынасын бұрынғыдан да жақсы оңтайластыру керек екенін айтты және де тиісті ұсыныстар жасады. Дәлірек айтсақ, қазір Президент құзырында болған кейбір мәселелерді Парламент пен Үкімет құзырына беру ұсынылып отыр. Бұл биліктің соңғы екі тармағының еліміздің тиісті дәрежеде дамуына жауапкершілігін арттыратыны сөзсіз. Және осыған бағытталған реформа Парламент пен Үкіметтің құзырларының өзара тепе-теңдігін де қамтамасыз етуі керек.
Осындай конституциялық реформаның қажеттілігі әртүрлі деңгейде айтылып жүрген болатын. Бірақ оның толғағы пісіп, қазір керекті шешімдер қабылданғалы тұр. Сонымен қатар, біздер алдағы уақытта да ең жоғары өкілеттік, оның шешуші тетіктерін Президент қолында берік ұстаған республика дәрежесінде дамуды жалғастыра береміз. Ел бірлігін сақтауға, алған бағытымыздан жаңылмай, ел болып ілгері жүре беру үшін биліктің Президент тармағының маңызы өте зор. Демократия жолымен бұрыннан ғасырлар бойы жүріп келе жатқан АҚШ сияқты ел де, жақын арада осы жолға түскен Ресей, Қытай елдері де президенттік басқару жүйесіне басымдық беруде. Бұлар да біздің таңдауымызға жақсы ықпалын көрсетіп отыр.
Ал енді осы саяси реформаның жаһандық бәсекеге қабілеттілікке қатысы бар ма? Әрине, бар. Өйткені, мемлекеттік басқару жүйесі ел экономикасы дамуына, бүкіл ел өмірінің қай саласын алсаң да оның заман талабына сәйкес дамуына тікелей жауапты және ықпалы зор. Демократиялық бағытпен, нарық экономикасы жолымен жүрген, саяси құрылымы тиімді қалыптасқан елдердің көбінің ілгері кеткенін, олар әлем елдерінің көш басында жүргенін біздер өткен ширек ғасырда танып, білдік. Сондықтан да осы жолмен жүру өмірдің өктем талабы және де жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттырады.
Елбасының конституциялық реформа туралы Үндеуі кенеттен туған мәселе емес. Әлемдегі қалыптасқан саяси, экономикалық, әлеуметтік ахуал, өз ішімізде, сыртта да болып жатқан сан қилы өзгерістер ескеріліп, екшеліп, електен өтіп жасалған қадам. Сондықтан осындай реформаның, саяси жүйедегі күрделі өзгерістердің толғағы пісті деп айта аламыз.
Сонымен, абайлап қарасақ, біздер бүгін егемен ел екенбіз, сонымен қатар, сан қилы жаһандық бәсекеге бой ұрған, белсене кіріскен мемлекет екенбіз. Өткен 25 жылда жаңа мемлекет құрып, экономиканы технологиялық негізде жасақтау сияқты үлкен де күрделі асуларды алып едік, ал Президенттің соңғы Жолдауында көрсетілген жол, діттеген мақсат – олар үшінші, бұрынғыдан да маңызды асқаралы асу, Елбасы атап айтқандай, Үшінші жаңғыру үрдісі болып отыр. Және де мазмұны терең, жауапкершілігі зор қадам.
Бұрынғы Жолдауларда Елбасы экономиканың, әлеуметтік саланың, білім беру немесе денсаулық сақтау салаларының даму жолдарын жан-жақты көрсете біліп еді. Бірақ жалпы Қазақстан, Қазақ мемлекеті болып жаһандық бәсекеге қабілетті болу талабы оларда кешенді түрде қойылған жоқ болатын. Осындай асқаралы асу, тарихи таңдау аталған Жолдауда бірінші рет айтылып отыр.
Және де осы таңдаудың өткен ширек ғасырдағы егемендік сапарымызда айтарлықтай негізі жасалды. Мемлекетіміз үлкен сынақтан өтті, тәжірибе жинады. Ел есейді, жақсы-жаманды таныды, жүрер жолының маңызды екенін түсінді. Билік басындағылар, үлкен-кіші басшылар өткен жылдарда саналы да сапалы өмірдің университтерінен өтті, әлемдегі озық үлгілерді көрді, бойына сіңірді. Ана сүтінен бастап жаңаша тәрбиеленген тегіс бір ұрпақ бүгінгі реформаларға белсене араласа бастады. Шетелдер тілін меңгеріп, бүкіл әлемді кеңінен аралаған ел азаматтарына әлемдік өркениет те, демократия да, нарық жолы да бұрынғыдан да көбірек қыры мен сырын аша бастады.
Елдікке шақырсаң жаныңнан табылып, қолдайтын достар да баршылық. Әлемге өзінің кемеңгерлігімен жақсы танылып, біздерге Үшінші жаңғыру жолын ұсынып отырған Елбасымыз ат үстінде. Осылардың арқасында алдымыздағы асу – Үшінші жаңғыру жолы сәттілікке әкелетініне сенім мол.
Кенжеғали САҒАДИЕВ,
академик