Түркі дүниесінің ақсақалы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтардағы халыққа арнаған Жолдауына Түркиядағы Еуразия жазушылар қауымдастығы тарапынан да зор қолдау білдірілуде. Осы орайда, «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдау туралы, Қазақстанның қазіргі таңда әлемдік қоғамдастықтың ішінде алып отырған орны және жаһандық даму үдерісіне тиігізіп отырған ықпалы туралы пікір білдіруді жөн санадық.
Әуелі Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлаған Қазақстан Республикасының 2017 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қызметіне кіріскеніне байланысты, Қазақ елінің Көшбасшысы, қадірлі Нұрсұлтан Назарбаевты және бауырлас қазақ халқын шын жүректен құттықтаймыз.
Соңғы жылдары адамзаттық қасіретке айналып, әлемдік күштердің шешімін таба алмай отырған Сирия мәселесінің реттелуіне қатысты Қазақстанның тигізіп отырған зор ықпалы, сонымен қатар, бітімгерліктің үлгісін көрсете отырып бастаған Астана процесі әлем халықтары тарапынан, әсіресе, үш миллионнан астам сириялық босқындарға пана болып отырған бауырлас Түркия тарапынан қолдау көріп, шын ризашылықтарын жеткізуде.
Сондай-ақ, қырғи-қабақ болған Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың қалпына келуіне ықпал еткен Қазақстан Президенті, қадірлі Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі орасан зор және мұны түрік халқы ешуақытта ұмытпайды.
Жаһандық экономика дағдарысқа душар болған қазіргі уақытта Қазақстан өзі ұстанып отырған дана экономикалық саясатының арқасында қиындықтан көп қиналмай өтіп келеді. Қазақстан Президентінің халыққа арнаған Жолдауында макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау, кәсіпкерлікті дамыту және оның аясын кеңейту, экономиканы дамытатын технологияны жаңғырту, дамудың кез келген факторы – адамның өсіп-өркендеуі сынды басымдықтарға басты орын берілген. Бұл, расында да, құптарлық іс, әлем үшін көкейкесті мәселе.
Қазақстанның өз ішіндегі және халықаралық деңгейде жаңа жетістіктерге қол жеткізетіндігіне сенім білдіре отырып, Қазақстанның барлық жетістігін зор қуанышпен қабылдайтын Түркия және бүкіл түркі әлемі мұны мақтан тұтатынын атап көрсетсем деймін.
Қазақстанның жолы мәңгі-бақи ашық болсын!
Якуб ОМАРОҒЛУ,
Еуразия жазушылар қауымдастығының төрағасы