Облысқа екі күндік жұмыс сапарымен келген Еуроодақ өкілдігінің басшысы Норбер Жустен бастаған Еуроодаққа мүше елдер өкілдері Еуроодақтың «Адам құқықтары туралы ақпараттарды қазақ тілінде тарату бойынша азаматтық қоғам мүмкіндіктерін дамыту» жобасы аясында «Адам құқықтары үшін Хартия» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізілген семинар-тренингке қатысты.
Басқосуға Австрияның, Финляндияның, Францияның, Латвияның, Литваның, Словакияның, Болгарияның, Польшаның, Румынияның және Щвецияның Қазақстандағы елшілері мен уақытша сенімді өкілдері келді. Үстіміздегі жылы басталған бұл жобаның мақсаты тұрғындарға өздерінің Қазақстан Конституциясымен бекітілген, сондай-ақ, халықаралық пактілермен ратифицияланған негізгі адами құқықтарын қазақ тілінде оқыту жолымен танысу болып табылады. Облыста адам құқықтарын қорғау бағытында біраз жұмыстар тындырылуда. Бұл бағытта 100-ден астам үкіметтік емес ұйымдардың басым бөлігі қайтарымды жұмыс істеп келеді. «Достық» үйіндегі 18 этномәдени бірлестік және басқа қоғамдық ұйымдар адам құқықтарын қорғауға атсалысуда. Облыста осындай жүйелі жұмыстар жүргізілуінің нәтижесінде сәби өлімі 16 пайызға кеміген. Тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында көп шаруалар атқарылған. Адам құқықтарының сақталуына байланысты осы және басқа мәселелер жайлы жиналғандарды облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова өзінің кіріспе сөзінде хабардар етті.
Семинар-тренингте Еуроодақ өкілдігінің басшысы Норбер Жустен сөз алып, 27 елді біріктіретін Еуроодақтың адам құқығын қоғамнан бөле қарауға келмейтін әмбебап мәселе ретінде қарастыратынын жеткізді. Ол Еуроодақтың саясатына азаматтық, экономикалық, әлеуметтік, мәдени құқықтарды қорғау кіретінін атап өтті. Сондай-ақ, әйелдер мен балалар, жер аударылғандар құқықтарын қорғау да жататынын мәлім етті. Осы жобаға 156 мың еуро бөлінгенін айтты. Мұндай семинар-тренингтердің Алматы, Шымкент, Тараз, Талдықорған, Атырау қалаларында өткенін тілге тиек ете келіп, алда Ақтау мен Қызылордада ұйымдастырылатынына тоқталды. Қазақстан Білім және ғылым министрлігі Балаларды қорғау комитетінің төрайымы Раиса Шер адам құқығын, соның ішінде балалардың құқықтарын қорғауға байланысты «Адам құқығы үшін хартиясы» қоғамдық қорының жұмысына қолдау көрсетіп отырған Еуроодақтың бастамасына ризашылығын білдірді. Адам құқығын, соның ішінде балалардың заңды мүддесін қорғау мемлекеттік саясатта басымдыққа ие болып отырғанын жеткізді. Елімізде бұл бағытта адамдардың тұрмысын жақсарту мақсатында азаматтық қоғамның, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың тиімді жүйесін құрудың маңыздылығын атап көрсетті. Ол адам құқықтарын қорғаудың 2009-2011 жылдарға арналған ұлттық бағдарламасы қабылданғанын да бұл бағыттағы жетістік ретінде бағалады. Семинар-тренингте сөйлегендер адам құқықтарын, соның ішінде балалардың құқықтарын қорғауға байланысты ой бөлісті, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды саралай келе, алда атқарылуы тиіс шаруалардың бағыттарын анықтады.
Еуроодақ өкілдігінің басшысы Норбер Жустен бастаған делегация өнеркәсіп орындарында, білім нысандарында, Алға балалар үйінде және бейімделу орталығында болды. Олар сондай-ақ, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, облыстық мәслихаттың хатшысы Ғалымжан Нұрышевпен, облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесті.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.