16 Наурыз, 2017

Жақиянов IBO белбеуінен не үшін бас тартты?

151 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
WBA (Super) нұсқасы бойынша әлем чемпионы Жанат Жақиянов IBO белбеуінен не үшін бас тартқанын мәлімдеді. Бұл туралы vesti.kz хабарлады. «Алдымызда екі белбеу тұрды. Біз алғашында тек маңызды саналатын WBA (Super) белбеуіне ғана жарна төледік. Ал IBO негізгілердің қатарына кірмегендіктен қосымша шығындалмауды жөн санадық. Мұның бәрі жекпе-жектің алдында келісілген болатын», – деді Жақиянов. Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы да осы жайтқа қатысты пікір білдірді. «Жанат бұған дейін EBU (Еуропалық бокс одағы) чемпиондық атағынан да бас тартқан. Сол кездегі менеджері Филлип Фондю бұл титулдың еш маңызы жоқ екенін мәлімдеді. Отандасымыз үшін маңыздысы WBA белбеуін иемдену болатын. Ал IBO артық шығынды талап етеді. Енді Жақиянов тек WBA бойынша жекпе-жектерге көңіл бөле алады. Айтарлықтай ешнәрсе болған жоқ. Боксшы мен менеджері өзара келісімге келіп тиімді шешім қабылдады», – деді Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненко. Қазір IBO нұсқасының чемпиондық атағы бос тұр. Бұл рейтингте Джейми МакДонелл көш бастап келеді. Айта кетейік, Жанат Жақиянов 11 наурыз күні АҚШ-тың Толедо қаласында америкалық Роуши Уорренді төрешілердің шешімімен жеңіп, аса жеңіл салмақта WBA (Super), IBO тұжырымдарының жаңа чемпионы атанған болатын.