Жас жеткінге білімнен нәр беретін. Соңынан жүздеп шәкірт еретін. Баланың білгеніне мәз боп күлетін. Оқушысы топтан озса, бақытқа кенеліп жүретін. Өзге үшін күйетін. Мамандығын сүйетін. Үйретуден жалықпайтын. Жалақысы жетпесе де, тарықпайтын. Болар баланы, сонадайдан анықтайтын. Қанша қиындық болса да, қамықпайтын. Жыл өткен сайын шарықтайтын. Ол – ұстаз.
Екі аяқты пенденің бәрі ұстаздың алдын көрді. «Тарыдай болып» табалдырық аттағаныңда жылы жүзбен қарсы алып, бар білгенін бала бойына сіңіріп, «таудай» етіп шығаратын да осы мамандық иелері. Олар болашақтың іргетасын қалайды. «Ұстазы мықтының, ұстанымы мықты» дейтін халық тәмсілі осындайда айтылса керек. Өйткені, сенің алдымен адам, онан соң маман болуың да көп жағдайда осы оқытушыға байланысты.
Өткен ғасырда мұғалім ең қадірлі мамандық болды. Оны мынадан-ақ білуге болады. Қаратабан баламыз. Махмұт деген атамыз болатын ауылда. Таяқты ат қып мініп, жердің шаңын көкке көтеріп жүргенде атамыз келе жатады. Сонда екі қолды алға салып, жүгіріп жетіп, сәлем беретін едік. Сол кісі «о, мұғалім бол» деп бата беретін. Әдетте, ауыл ақсақалдары «молда бол» дейтін. Бұл нені аңғартады? Қара танымаған қазақтың қара шалы мұғалімдікті бәрінен жоғары қояды деген сөз.
Біздіңше, ұстаз болу үшін үлкен жүрек керек. Жұрттың баласын жақсы көріп, солардың болашағына сеніп, әр тентекті тәрбиеге үйретіп, олардың санасына сәуле құйып, білімнің қайнар бұлағынан сусындату әркімнің қолынан келмейді. Ол тек үлкен жүректі азаматтардың ғана қолынан келетін іс. Тыз етпе, шыдамсыз адамнан жөні түзу ұстаз да шықпайды. Мұғалім аса жоғары сабырдың иесі болуы қажет. Ол өзі еккен білімнің жемісін жылдар бойына күтеді. Және сол білімнің далаға кетпеуін, еңбегінің еш болмауын қадағалайды. Қысқасы, ұстаздық екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақ.
Осы сөзімізге әлдекімнің кекесінмен қарауы да мүмкін. Өйткені, осы күні мұғалімнің қадірі біз қалағандай болмай тұр. Анау бір тоқырау жылдары ұстаздардың ала қап арқалап, саудагерлікті кәсіп етіп кеткені бар. Себебі, күнкөріс керек. Жауырды жаба тоқып қайтейік, сол тұста талай білікті маман базар жағалады. Олардың мектепке қайтып оралғанынан, оралмағаны көп. Осы бір өліара тұста мектептерге білімі дүдәмал, білігі сын көтермейтін адамдар қабылданып кетіп жатты. Сайып келгенде, осының бәрі мұғалім беделінің түсуіне әсер етті. Дегенмен, сондай өтпелі кезеңде де мамандығына адал адамдар болды. Олар алтын ұясын аз ғана тиын-тебенге ауыстырған жоқ. Балаға білім беруді басты шарт деп таныды. Тынымсыз еңбек етті. Нарық заманы қос өкпесінен қысып, санасын қанша тұрмыс билесе де, мектебін қиып кетпеді.
Мамандығына адал ұстаздың бірі Рабия Шералиева. Атақты Нартай ақын ауылындағы №156 қазақ орта мектебінің мұғалімі. Ол Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институның түлегі. Аталған жоғары оқу орнын қайта құрудың қызуы қайта бастағанда бітірген ол жолдамамен ауылға келеді. Шиелі ауданының шеткі ауылдарына барады. Қосүйеңкі – Қаратаудың қойнында жатқан ауыл. Халық саны да аз. Арнайы автобус та қатынамайды. Жас маман осындай жерге келіп, жұмысқа білек түріп кірісіп кетеді. Алматыда жиған білімін алыс ауылдағы балаларға үйрете бастайды. Еңбекқорлығын елеген болар, оны директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары етіп тағайындайды. Кейіннен Нартай ауылына ауысады.
– Сабаққа қажетті көрнекі құралдарды түнімен отырып өз қолымызбен жасайтын едік. Жоспар жазу, балалардың сабағын тексеру, оған әлгіндей көрнекі құралдар жасау секілді тынымсыз жұмыстар уақытпен санастырмайтын. Себебі, белгілі. Бала білім алуы керек. Сенің салғырттығың, жұмысқа жүрдім-бардым қарағаның оқушыға салқынын тигізбеуі тиіс, – дейді ұстаз.
Жағрафия пәнін жалықпай оқытып келе жатқан ұстаздан тоқырау жылдардағы жағдайды сұраймыз ғой, баяғы. Алдымен ауыр күрсініп алды. Сонан соң әңгімесін былай деп жалғады. «Егемендік алдық деп қуанышымыз қойнымызға симай жүргенде, оның қиыншылықтары болады деп ойладық па? Әбден «өкімет өлтірмейді» деген психологияға үйренген бізге, «өз күніңді өзің көр» принципіне үйренісу ауырға соқты. Азын-аулақ қана айлық. Оның өзі уақытылы қолға тимейді. Жарты жылдап жалақы көрмеген шақтарымыз болды. Тіршілік тірі пендені өз иіріміне үйіріп алады. Содан болар, көптеген әріптестеріміз несібесін басқа жақтардан іздеді. Өз басым мектепті қиып кете алмадым. Жүздеген оқушының көзін жәудіретіп қалай қиып кетесің?» деп ол одан әрі бізге сұраулы жүзбен қарады. Ауыл зиялысы тап осындай-ақ болар деп ойладық сол сәтте.
Рәбия Нұртазақызы азаттықтың алғашқы жылдарында білім берудің оңай болмағанын айтады. Өйткені, бұрынғы көрнекі құралдар мен оқулықтар бүгінгіге жарамайды. Содан жоқтан бар жасауға тура келген. Оның үстіне еліміз білім берудің басқа түріне өтті. Оның да өзіндік қиындықтары болды. Десек те, ел еңсесін тіктегеннен кейін ауыл мектептеріне айрықша қамқорлық жасала бастағанын да жасырмайды.
– Қазіргі жас мамандарға сабақ беру жеңілдеу. Интернет деген қосулы. Ол арқылы әлемнің әр түкпірінен ақпарат алуға әбден болады. Одан бөлек интерактивті тақта деген бар. Құрал-жабдығының бәрі алақаныңда тұр. Бұрынғы біз секілді түнімен көзмайын тауысып көрнекі құрал дайындамайды. Тек барды игеріп, балаға дұрыс тәрбие мен білім берсе болғаны, – дейді ол.
Бүгінгінің оқушысы да бөлек. Олардың білмейтіні жоқ. Сондықтан мұғалімнің білігі бірінші орынға шықты. Осы ретте «ауыл мұғалімдеріне білімін арттыру үшін не істемек керек?» деген сауал туындайды. Рас, ұстаздардың біліктілігін арттыратын орталықтар бар. Олар Астана мен Алматыға барып та білімін жетілдіріп қайтып жатады. Бірақ ауылда да қарап отырмауы керек қой. Сол үшін не істемек керек? Біздің кейіпкеріміз бұған былайша жауап береді. «Өтпелі кезеңде есігіне қара құлып салынбаған тек мектеп қана еді. Қалған мәдени-рухани ошақтардың барлығы дерлік жабылды. Сондай үдеріспен талай кітапхана қараусыз қалды. Ең алдымен ауылдық жерлердегі кітапхана жұмысын жолға қою керек. Мысалы, бізге әдістемелік кітаптарды табу қиынға соғады. Сол себепті ауыл кітапханаларына оқу-әдістемелік кітаптарды көптеп жинап, мұғалімге ыңғайлы жағдай жасау керек қой деп ойлаймын».
Ал бүгінгі ауыл мектебі мен ұстаздарының жай-күйі қандай? Баяғыда айлықты айлап алмау деген жоқ қазір. Экономикамыз дамып, әлеуметтік жағдайымыз артқаннан кейін ұстаздардың жалақысына жыл сайын үстеме қосылып отыр. Оның үстіне Президент жақында білікті мамандарға жоғары айлық төлеуді тапсырды. Біздің кейіпкеріміз сол санатқа кіретіндердің қатарынан. Сонымен қатар білім беру ісі де жыл сайын дамып келеді. Оған қажетті құрал-жабдықтарды мемлекет ауылдарға жеткізіп беріп отыр.
– Ауылымызда жаңа мектеп салынып жатыр. Бұйыртса, келер жылғы жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастаймыз деп отырмыз. Ал ол мектептің ішінде мұғалімге керектің бәрі болмақ. Бұл да Тәуелсіздіктің арқасы, – дейді ол. Осы арада жаңа мектептердің құрылысына қатысты мына бір деректі айтпай кетуге болмайды. Кеңес өкіметі салтанат құрған 70 жылдың ішінде облыс бойынша 191 мектеп салыныпты. Бір қарағанда аз емес сияқты. Алматы тәрізді алып қала бір қазақ мектебіне зар болып жүргенде, Сыр өңірінде мұншама оқу ошақтарының салынғаны көңілге медет беретін де секілді. Бірақ Тәуелсіздік тұсында ел игілігіне берілген мектептердің санын көргенде, әлгі ойдан бірден бас тартасыз. Екеуін салыстырып қарағанда, көз ұялады. Қазақтың өз қолы өз аузына жеткеннен бері Қызылорда облысында 88 мектеп пайдалануға берілген. Айырмасы айтпаса да түсінікті. Айналасы 20 жылдың ішінде Кеңес өкіметінің 70 жылда жасаған «жақсылығының» жартысы салынып, жеткіншектер игілігіне берілген. Бұл үлкен көрсеткіш.
Ширек ғасырға жуық мұғалімдік еткен Рабия Нұртазақызынан ұстаздың басты ұстанымын сұрадық. «45 жыл мұғалім болсаң да, 45 минуттық сабаққа дайындықсыз кіруге болмайды», деп ол бір ауыз сөзбен жауап берді. Рас сөз. Өзің білмей, өзгеге үйрете алмайсың. Ал дайындық, білімді ұштау, білген үстіне біле түсу ұстаздың басты ұстанымы болуы қажет.
Ержан БАЙТІЛЕС.
Қызылорда облысы.