22 Қаңтар, 2010

БІР-АҚ КҮНДЕ МИЛЛИОНЕР БОЛЫП ОЯНҒАНДАР

1500 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Лотерея ойынынан ірі ұтысқа ие болуды көксемейтін жан кемде-кем болар. Әсіресе, әркімнің маң­дайына бұйыра бермейтін “Джек потты” ұтып алу жолында жігері жасымайтындар. Ал, Астана қаласы­ның Е. есімді тұрғыны әй­теуір бір жолының болатынына сенген. Онымен бірге 69 410 662 теңгені тең­дей бөліскен шымкент­тік А. да күтпеген жерден бақытты билетке ие болған. Сонымен 15 қаңтарда Алматы­дағы Қазақстан баспасөз клубында “Супер Лото” ойынында 69 410 662 теңгені (1-ші санат бойынша) ұтып алған екі жеңімпазды марапаттау оқиғасы болып өтті. “Kazakhstan Lottery Servіse” ЖШС мен “Samsung SDS” өкілдері суперұтыс­қа ие болған Астана мен Шымкент қала­сы­ның тұрғындарына әрқай­сы­сы 34 705 331 теңге сомасындағы чекті тапсырды. Ал, журналистерге бір-ақ күнде мил­лионер болып оян­ған жолы болғыш­тармен сұхбаттасу сәті түсті. Бұл жеңімпаздар “Супер Лото­ның” 9 қаңтарда өткен №6 тиражы­ның нәтижесі бойынша анықтал­ған. Яғни, жеңімпаздар 38 санның ішінен 6 санды (1, 5, 8, 10, 19, 29) дәл бол­жап­ты. Мұндай ірі ұтысты ойын­шылар бір реттік төлем түрінде алмақ. Осы уақытқа дейін қоңыр күй кешіп, қарабайыр тіршілікпен күн көріп келген жеңімпаздардың қуа­ны­шы мен тебіренісін айтып жет­кізу қиын-ақ. Астаналық 51 жастағы инженер Е. мырза Кеңес өкіметінен бері лотерея билетін сатып алып келген екен. Бірақ, бұл жолы ағасының лотерея ойна­ған­ды жақ­сы көретін бі­летін қарындасы оған дәл ұтыс бола­тын – сенбі күні 2 билет сый­­лаған көрі­не­ді, соның бірі сәтті билет бо­лып шыққан. Екінші ұтысқа ие болған 56 жас­тағы шым­кент­тік А. ха­ным үйінің ма­ңындағы дү­кен­­­нен екі ло­терея билетін сатып алыпты. Енді ол екі би­леттің бірі оның да талай тілектерін жүзеге асыратын болады. – Құдайдың пенделеріне берері де, алары да мол. Дәл осындай ірі ұтыс менің маңдайыма жазылған екен. Бұл – бала-шағамның несі­бесі, Алланың бізді жарылқағаны деп білемін, – деді қуаныштан толқыған А. Әріптестеріміздің “Ал­ды­мен бұл қаражатты қайда жұмсайсыз?” деген сауалына ол кісі: – Ең бірінші қой сатып алып, құрбандық шаламын. Содан кейін енемді алып, Меккеге қажылыққа бар­ғым келеді. Қалғанына бала­лары­ма үй-жай, көлік сатып әперемін, – деді. Астаналық Е. Кеңес өкіметінің кезінен түрлі лотереялық билеттерді кемі 3-4-тен сатып алып келгенін, анда-санда кіші ұтыстарға ие болға­нын, ірі ұтысқа бірінші рет қол жеткізгенін айтады. Ол кісі журна­листердің жоғарыдағыдай сауалына “Мен көп балалы отбасында өстім. Бір үйде 10 бала тәр­бие­лендік. Ең бірінші осы билетті сый­лаған қа­рын­дасыма қала­ған үйін са­тып әперемін. Сосын басқа бауырлары­ма қарайласып, қалғанын өз бала­ларым­ның игілігіне жұмсай­мын”, деп жауап бер­ді. Астанадағы теміржолда жұмыс іс­тей­тін инже­нер Е. ұтысының тағы бір бөлігін ло­терея билетін алуға жұмсайтын­дығын айтады. – КТК арнасында ұтыс жүріп жат­ты. Билетімдегі 4 сан дәл кел­ген­де жүрегім жиі-жиі соға баста­ды. 5- сан да тура келгенде қуа­ныштан секіріп, үйді басыма көтер­дім. Алғашқы үш күнде тіпті ұйық­тай алмай, бұл жаңалықты кіммен бөлісерімді білмедім. Содан кейін барып ең жақын достарыма айтуға шешім қабылдадым, – дейді Е. Теңге миллионеріне айналған астаналық инженер де 1991 жыл­дары қайта құру кезеңінде жұмыс­тан қысқартылып, талай қиындық­ты көрген, Алматы көшелерін сыпыруға да көнген. 2000 жылы ғана тұрақты жұмысқа қол жеткізіп, жағдайы дұрысталған. “Әйтеуір бір лотереядан ұтатыныңа күмән келтіруге болмайды. Осыған сену керек және ойнау қажет” дейді ол. А. апай өзі белгілеген 6 санның да дәл келуі Алланың сыйы деп біледі. Алғашында ол кісі де қуа­ныштан ұйықтай алмай, тіпті тама­ғынан ас өтпеген. Зейнеткер әйел өздері Өзбек­станда тұрғанда әбден тұрмыс тапшы­лығын көріп, 1999 жылы Қазақстанға көшіп келгеннен кейін де үйсіз, жа­рық­­сыз, жұмыссыз біраз қинал­ғанын айтады. Автобус жөндеумен айна­лыс­қан жолдасының тапқаны тамақтарына да жетпей, таршылық­тың тауқыметін тартқан. Тек Ел­басы­ның оралман­дарға бас­пана беріп, жағдай туғызу жөніндегі Жарлығы шыққаннан кейін ғана жағдайлары оңала баста­ған көрінеді. – Ең бастысы, басымыз аман, балаларымыздың денсаулығы жақсы болсын! Ауру адамға бай­лықтың не керегі бар?! – деген А. қомақты ұтысты Құдайдың бергені деп қайталауынан жазбады. Қысқасы, бұл 2 жеңімпаздан бөлек, 2009 жылы 19 желтоқсанда өткізілген №3 тиражда Астана, Алматы, Тараз, және Шымкент қалаларынан 4 адам 2 санат бойынша 5 санды дәл тауып және қосымша жеңілдікке берілген санды тура болжап, 10 405 733 теңгеден ұтып алған. Бірақ, шымкенттік ұтыс иесі әлі хабарласпаған, қалғандары өз ұтыстарына ие болыпты. Баспасөз мәслихатында “Супер Лото” ұйымдастырушылары 1-ден 10-шы тиражға дейін суперсыйлық ең кемі 50 миллион теңге болуына кепілдік беретіндіктерін мәлімдеді. Билеттерді сатып алу базарларда, сауда орталықтарында, аялдамаларда орна­ласқан онлайн-терминалдар арқылы жүзеге асырылады. Мүмкіндік ретінде берілетін 38 санның ішінен ойынша көңілі қалаған 6 санды таңдап, түбіртек толтырады да оны онлайнда тіркейді. Барынша ашық, жария түрде жүргізілетін бұл жаңа лото жүйесі осындай жүйелер жасаудың әлемдегі үздіктерінің бірі – “Samsung SDS” компаниясының қатысуымен құрыл­ған. Ұтыс әр сенбі сайын КТК телеар­насында сағат 20.20-да тікелей эфирде жүреді. Бір ойынның құны 100 теңге. Қазіргі уақытта суперұтыс 55 миллион теңгені құрайды. Егер оны ешкім ұтып алмаса, келесі тиражға өтеді. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы. БАЛАБАҚШАЛАР КӨБЕЙЕ БАСТАДЫ Елбасы Н.Назарбаевтың был­тырғы жыл соңында телеарналар арқылы тікелей желідегі сауал-сұхбатында мектеп жасына дейінгі балалар мекемесінің тапшылығы туралы көптеген сұрақтар қойыл­ғаны белгілі. Бұл мәселе Ақмола облысында да өткір күйінде тұр. Облыстық білім беру департаментінің дерек­теріне қарағанда, қазіргі кезде қол­да бар 100 мектепке дейінгі мекеме мен 152 шағын бақшада 15200 бал­ғын тәрбие алуда. Соған қарамас­тан, кезек күтушілер саны 12234-ке жетіп отыр. Яғни, сұраныстың 50 пайызға жуығы қанағаттандырыл­май отыр. Облыс орталығы Көкшетау қала­сын­дағы жағдай тіпті күрделі екендігін айту қажет. Кезектің азаймауы арыз-шағымдарды тас­қын­дататыны белгілі. Мәселе арнайы жобамен салынған әсем ғимараттардың жоқтығында емес, олардың әртүрлі жағдайда жекеше­лендіріліп немесе түрлі мекеме­лердің қарауына беріліп кетуінде болып тұр. Қалада сексенінші жылдары 37 балалар бақшасы жұмыс істесе, бүгінгісі 9 ғана. Осыған байланысты, облыс және қала басшылығы батыл қа­дам­дарды бастады. Табанды ұйым­дық-түсінік жұмыстарының нәти­жесінде 18 балабақша ғима­раты коммуналдық меншікке қайтарыл­ды. Қазір мұнда қайта жобалау мен жарақтандыру және күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды. Алдағы жылы 320 орын­дық жаңа балабақша салынып, дәл осынша орын­дық “Айгөлек” бақ­шасы қалпына келтіріледі, жабы­лып қалған “Огонек” мектеп жасы­на дейінгі мекемесі балғын­дарға қайтадан есігін ашады деп жос­парлануда. Сонымен қатар, №17 ор­та мектеп жанынан шағын мектеп-бақшаның ашылатыны да тұрғындар қуаны­шын еселей түспек. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы. АЯЗДА БАЛЫҚ АУЛАУ ҚАУІПСІЗ ЕРМЕК ЕМЕС Бұл күнде Балқаш жақта жайсыз хабарлар жиілеп кетіп жүр. Қаңтардың қақаған аязына қарамастан, көлге балық аулауға шығушылар кейбірінің қазаға ұшырауы кездесуде. Айналасы жиырма шақты күн ішінде 5 адам опат болып, 4-уі ауыр үсікке шалдықты. Өткен жыл аяғында бірінен соң бірі орын алған қайғылы екі оқиға әуесқой балықшыларды үркіткендей болғанымен, тез ұмытылып, айдынға қармақ салуға тәуекел етушілер тыйылар емес. Алғашқысында Саяқ кентінің 5 тұрғынын автокөліктерімен кенеттен бөлшектенген мұз бөлігі су ағысы арқылы Алматы облысының Қаратал аймағы жағына ағызып әкетеді. Жедел іздестіру тобы бәрін құтқарып қалды. Өкінішке қарай, іштеріндегі ең жасы кейінде үсіктен қайтыс болса, қалғандары аяқ-қолдары мен саусақтарынан айырылып, мүгедектікке ұшырады. Осындай жайларды естіп-білгендерімен балық аулауға аттанған Сарышаған стансасы 7 тұрғынның 2-уі үйлеріне орала алмады. Балықшылықтың қызығына түсіп кетіп, тосын жағдайға тап болушылардың біразы өздері­не екінші өмір сыйлаған іздестіру-құтқару тобы сарбаздарының ерлікке тең істеріне қарыздар. Балқаш қалалық төтенше жағдайлар басқарма­сының арнаулы тобына қазір жұмыс көп. Балқаш сияқты мұзы кейбір тұстарында жұқа қататын шалқар көлде балық аулау қауіпсіз ермек еместігі көпшілікке белгілі. Солай болғанымен, жылда осындай оқиғалар қайталанып жататынын қайтерсіз. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды облысы.