24 Қараша, 2016

Ауа райы қолайсыздығынан 38 рет жол жабылды

246 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Биыл елімізде қыс ерте түсіп, ауа райының күрт нашарлауы халықты әбігерге салуда. Қалың түскен қар, аномальды төмен температура, бұрқасындар мен борандар көптеген төтенше жағдайлардың орын алуына себеп болып отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин айтып берді. «Тек қазан-қараша айларында «Қазгидромет» РМК еліміздің өңірлерінде ауа райының күрт нашарлауы туралы 45 дауылды алдын ала ескерту таратты. Ауа райының нашарлауына (көктайғақ, бұрқасын, температураның төмендеуі) байланысты дизель отынымен жүретін қоғамдық және жүк автокөліктері үшін Астана қаласы, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында жол қозғалысы 38 рет жабылды», – деді Ю. Ильин. Ол сондай-ақ қар басатын учаскелердің жалпы қашықтығы 3399,82 шақырымды құрайтынын, 42008,6 шақырым жол учаскесіне қардан қорғайтын қалқандар орнатылғанын атап өтті. «Жалпы жеке құрамнан 120 мыңнан астам адам мен 22 мыңнан астам бірлік техника бар 9849 азаматтық қорғау құралымы әзірлікке келтірілді. Оның ішінде ІІМ бөлімшелерінің (Ұлттық ұлан, Төтенше жағдайлар комитеті, Әкімшілік полиция комитеті) командалық-штабтық машиналарын, вахтовкаларды, кез-келген жерде жүре алатын машиналарды, авариялық-құтқару және мамандандырылған әскери техниканы қоса алғандағы 1926 бірлік өтімділігі жоғары техникасы бар», – деп мәлім етті министрдің орынбасары. Айдар Өрісбаев, "Егемен Қазақстан".