25 Қараша, 2016

Жастар арасындағы патриоттық байқау

510 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Астана – жастар қаласы. Бүгінде елорда тұрғындарының 30 пайыздан астамы студенттер мен жастардан тұрады. Сондықтан, жастар арасында патриоттық тәрбие жұмыстарын жүргізудің маңызы өлшеусіз. Бұл ретте елордадағы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың атқарып жатқан жұмысы ауқымды. Жақында бас қаланың Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқар­масының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы мемле­кеттік Әнұранының мәтінін көп­шіліктің жатқа білуіне байланыс­ты «Шарықтасын Әнұран!» атты байқау өткізді. Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерейлі мере­кесі аясындағы «Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 тұғыры» негізін­дегі 25 жұлдызды күн жобасының ауқымында өткізілген бұл бұқа­ралық байқауға 200-ден астам жас­тар және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Байқау барысында еліміздің жастары Әнұран мәтінін жете білетіндіктерін танытып, патриоттық рухтарының жоғары екендігін көрсетті. Сонымен бірге, осы патриоттық шара аясында әлеуметтік желілерде кең танымалдыққа ие болған «Mannequin Challenge» флэшмобына еліміздің мемлекеттік Туларын ұстаған қала тұрғындарының қаты­суына мүмкіндік жасалды. Флэш­моб аясында қолдарына мемлекеттік Ту мен жалаушалар ұстаған жастар мемлекеттік рәміз­дерге деген құрметтерін көрсетті. Осы ша­раларға қосымша Қазақстан Респуб­ликасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты тақы­рыптармен безендірілген екі авто­мобиль қала көшелерімен жүріп, елорда тұрғындары мен қонақ­тарының мемлекеттік Әнұран мәтінін білу дәрежелерін анық­тайтын байқау жүргізді. Бұл шара­ға қатысушы тұрғындар мен қонақ­тарға арнайы сыйлықтар табыс етілді. Жастар саясаты мәселелері жө­ніндегі басқарманың бастамасы­мен ұйымдастырылған бұл шара жастар арасындағы отан­сүйгіш­тік және патриотизм сезімдерін қалыптастырумен бірге, Тәуелсіз­дігіміздің 25 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау болып табылады. Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма белгілеген бағдарламалар бойынша елорданың студенттері мен жас­тарын бірлікке, татулыққа және патриотизмге үндейтін мұндай игі шаралар алдағы уақытта да жүйелі өткізіліп тұратын болады. Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы