Астана қаласы елордасы атанғаннан бері еліміздегі басты құрылыс алаңына айналды десек, артық айтқандық емес. Мұндағы тұрғын үй құрылысының көлемі де жылдан жылға қанатын кеңге жайып, қарқын ала түсуде. Тіпті бұған әлемді кернеген дағдарыстың да әсер етер түрі жоқтай. Мұны статистика ұйымынан алынған фактілер де дәлелдейді. Мәселен, 2003 жылы қалада 261 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға берілсе, 2004 жылы бұл көрсеткіш 421 мың шаршы метрге, 2005 жылы 1007 миллион шаршы метрге жеткен. Қала содан бері миллиондық ырғақтан жаңылған емес. Ал өткен 2015 жылы 1 миллион 759 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылды. Бұл 2014 жылғы көрсеткіштен 553 мың шаршы метрге немесе шамамен 35-40 пайызға артық.
Мұның сыртында Астананың жаңа тұрғын үйлері сапасымен де, сәнімен де көзге түсіп, ел өңірлеріне үлгі болуда. Құрылыс қаншама қайнап жатыр десек те, Астанада сапасы жағынан дау туғызған құрылыстар еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда, сирек кездеседі. Осы жағдайдың сырын білмек болып, қаладағы құрылыстың сәні мен сапасына қадағалау жүргізетін «Астана қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Төлеген ҚҰЛҰШЕВТІ әңгімеге тартқан едік. – Төлеген Базарбайұлы, сіз басқарып отырған мекемені Астанадағы кез келген құрылыс ұйымы жақсы біледі десек, артық айтқандық емес. Өйткені, құрылыс сапасын қадағалауда бұл мекеменің пәрмені күшті. Сондықтан құрылысшы ағайындар бұл мекеменің атын естігенде «ГАСК (құлаққа сіңісті болып кеткен орысша қысқартылған атауы) дегеніміз – құдай емес, бірақ құдайдан былай да емес» деп әзілдеп жатады. Осы әзіл қаншалықты шындыққа жақын.
– Мұның қаншалықты шындыққа жақын екендігіне төрелік жасағым келмейді. Біздің мекеме құрылыстар сапасына қадағалау жасаған кезде өзіне берілген өкілеттік пен жауапкершілік шегінде әрекет етеді. Ал біздің қызметіміздің негізгі бағыты – Астана қаласында жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасына бақылау жасау, осы мәселедегі талаптар мен тәртіптерді бұзушылыққа жол берген заңды және жеке тұлғаларға қатысты заңда белгіленген шекте әкімшілік шаралар қолдану және сәулет, құрылыс, қала құрылысы саласындағы сарапшылардың қызметіне лицензиялар беру мен оларды аттестаттаудан өткізіп отыру болып табылады. Сонымен қысқаша айтсақ, салып жатқан құрылыстарының сапасына мән бермейтін, осы мәселедегі талаптарды, құрылыстың жобасы бойынша жүктелген міндеттерді бұзатын құрылыс ұйымдары үшін біздің мекеменің қатал көрінуі әбден мүмкін, ал өз міндеттеріне адал қарайтын құрылыс ұйымдары үшін біздің пайдамыздан басқа зиянымыз жоқ.
– Астана құрылысының қарқынды сипат алып келе жатқандығы белгілі. Бір жақсысы, елордамызда құрылыс көлемі басқа қалалармен салыстырғанда, жоғары болып отырса да, Қарағандыдағы Бесоба тұрғын үйінің құлауы, Алматыдағы жаңадан салынған тұрғын үйде апатты жағдайдың орын алуы секілді оқиғалар Астанада қайталана қойған жоқ. Мұның сыры неде? Әлде Астанада тұрғын үй құрылысына қойылатын талаптар жоғары ма?
– Астана құрылысына өңірлерге үлгі ретінде үлкен жауапкершілік жүктелетіндігін өзіңіз де білесіз. Оның үстіне құрылыс секілді елімізде жақсы дамып келе жатқан сала қадағалаушы және бақылаушы органдар тарапынан оның сапасына ерекше мән беруді талап етеді.
Осы мәселеге орай Астана қаласының әкімдігі өзіне қарайтын құрылымдық бөлімшелердің жұмысын тыңғылықты түрде реттеп отыр деп айтуға болады. Мәселен, біз Астана қаласының сәулет және құрылыс басқармасымен бірлесе отырып, заңсыз құрылыстарды болдырмау мақсатында тиісті алдын алу шараларын жүйелі түрде жүзеге асырып келеміз. Басқа өңірлерге қарағанда, Астана құрылысының сапалы болуына осы жағдай жақсы әсер етіп отыр деп есептеймін.
Жалпы, құрылыс дегеніміз – күрделі сала. Бұл салада құрылыс технологияларының сақталмауы халық өмірі үшін қайғылы зардаптарға дейін әкелетіндігін жақсы білеміз.
Сондықтан біз құрылыс саласындағы кемшіліктерге барынша қатаң қарауға тырысамыз. Қажет болса, өрескел кемшілік жіберген құрылыстарды құлатуға дейін барамыз. Мәселен, 2015 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Астана қаласының әкімшілік сотының шешімімен заңсыз құрылысты жүзеге асырғаны үшін 12 нысанды мәжбүрлі түрде құлату туралы шешімдер қабылданды. Атап айтсақ, әкімшілік департаментімен бірлесе отырып, ағымдағы жылы «Бақыт» автокөліктерге жанармай құю стансаларының екеуін және тұрғын үйге жапсарлас салынған үйді мәжбүрлеп құлату туралы сот қаулысы орындалды.
Мұның сыртында, 2016 жылдан бастап берілген рұқсаттарды ресімдеу нормаларын бұза отырып салынған құрылыс нысандарының қайтадан жөнделіп қалпына келтірілуі туралы талап арыздарды сот және басқа да құқық қорғау органдарына жолдау тәжірибесі қайта жаңғыртылды. Сөйтіп, үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап тиісті шешім қабылдау үшін сот органдарына 31 талап арыз жолдадық. Қазірге дейін мұның жетеуі қанағаттандырылды. Заңсыз салынған деп танылған құрылыстар қайта бұзуға жатқызылды.
Сонымен қатар, біздің басқарма жүргізген тексерулері нәтижесінде бірқатар нысандарда құрылыс нормаларының бұзылғандығы анықталды. Осыған байланысты 3 құрылыс компаниясының құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін алған мемлекеттік лицензиялары кері қайтарып алынды, 5 компанияның жұмысы тоқтатылды. Құрылыс саласындағы қадағалау жұмыстарын талапқа сай жүргізбегені үшін 32 сарапшы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Міне, осындай алдын алу және бақылау шараларының нәтижесінде Астана құрылысының сапасы жақсару үстінде деп айта аламыз.
– Құрылыс саласындағы соңғы өзгерістер бойынша тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды қабылдаған кезде оны қабылдайтын комиссия құрамына кіретін бақылаушы органдар саны бұрынғыға қарағанда, әлдеқайда қысқартылды деп естиміз. Осы жағдайды түсіндіре кетсеңіз. Мұндай өзгерістер талаптың босаңсуына әкеліп, құрылыс сапасына кері әсерін тигізбей ме?
– Аталған шара құрылыс саласындағы кәсіпкерлікті жандандыру, оның алдынан кездесетін әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында қабылданып отыр. Сөйтіп, ендігі кезекте «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңның 73-бабына сәйкес, салынған құрылысты пайдалануға енгізу рәсімін техникалық қадағалаушы, авторлық қадағалаушы тұлғалардың келісімімен құрылысты жүргізуші мен бас мердігер жүзеге асырады. Сөйтіп, құрылысты қабылдап алуға қатысатын мекемелер саны бұрынғыға қарағанда әлдеқайда азайды. Бұл шара құрылыс компанияларына салынған нысандарды пайдалануға тапсыруда едәуір жеңілдіктер беретіндігін атап көрсетуіміз керек. Мәселен, бұрын нысанды пайдалануға қабылдайтын мемлекеттік комиссияға 8 мемлекеттік орган, ал жұмыс комиссиясы құрамына 16 мемлекеттік мекеме тартылатын.
Менің ойымша, құрылыс нысанын пайдалануға енгізу үдерісін осылайша оңтайландыру ісі құрылыс сапасына оң әсер ететін болады. Неге? Себебі, біз бұрын құрылыс нысанын қабылдауға барған кезімізде көзбен шолып өткеніміз болмаса, ондағы кемшіліктерді бәрібір нақты айқындай алмайтын едік. Тек оның техникалық құжаттамаларын тексеру арқылы белгіленген жобалау-сметалық құжатқа сәйкестігін қағаз жүзінде ғана тексере алатынбыз. Енді осы жағдай өзгеріп отыр. Қазіргі күні кез келген құрылыс нысанында бас мердігермен бірге техникалық және авторлық қадағалаушылар үздіксіз жұмыс істейді. Сөйтіп, құрылысты жүргізудегі кемшілік пен ауытқушылық орын алса, ол бірден айқындалып, дереу түзетіледі. Техникалық қадағалаушыларға құрылыс сапасына қатысты үлкен жауапкершілік артылады. Жіберген кемшілігі немесе жауапсыздығының зардаптары болса, оның үстінен қылмыстық іс қозғалады.
– Салынған тұрғын үйлердің сапасына қатысты сіздерге шағымданатын азаматтар көп пе? Шағым түсе қалған жағдайда қандай әрекет жасайсыздар?
– Бүгінгі күні қалада 200-ден астам тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Әзірге олардың сапасына қатысты түсіп жатқан шағымдар жоқ. Өйткені, құрылыс сапасы қадағалаушының қатаң бақылауында. Жалпы, құрылыстың сапасыздығы жөніндегі шағымдар осыдан 2-3 жыл бұрын пайдалануға берілген нысандарға қатысты болады. Бұл шағымдарда негізінен бұрын байқалмаған ақауларға қатысты әңгімелер қозғалады.
Мұндай шағымдарға қатысты біздің басқарма жоспардан тыс тексерулер жүргізуде. Шағымдарда көрсетілген фактілер анықталғанда, құрылысты жүргізуші ұйымдарға тиісті әкімшілік шаралар қолданылып, орын алған олқылықтарды жою жөнінде нақты мерзімін көрсете отырып, тапсырма беріледі.
– Қазіргі күні құрылыс саласында қандай проблемалы мәселелер бар деп есептейсіз? Осыған тоқтала кетсеңіз.
– Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес қажетті рұқсат беру құжаттарымен қамтамасыз етілмеген құрылыстар заңсыз деп танылады. Бірақ солай бола тұрса да мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының құрылысты жүргізушінің меншігіндегі немесе оның жалға алып отырған жер теліміндегі өз бетімен жүргізіп жатқан заңсыз құрылыстарына қатысты шаралар қолдануға өкілеттігі жоқ. Міне, осындай олқылықтың салдарынан қаланың сәулеттік келбетіне елеулі нұқсан келіп жатады. Сонымен қатар, мұндай құрылыстың азаматтардың жеке өміріне қауіп төндіруі де әбден мүмкін екендігін естен шығармағанымыз абзал.
– Бұл жөніндегі заңдылықтарда не делінген?
– Мәселен, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 462-бабының 3-тармағына сәйкес мемлекеттік органдардың заңды талаптарын немесе ескертпелерін орындамаған немесе жеткіліксіз дәрежеде орындаған құрылыс жүргізушінің қызметі әкімшілік айыппұл салына отырып тоқтатылады. Осы кодекстің 48-бабының 3-тармағына сәйкес оның қызметі тек сот шешімімен бар болғаны 3 айға дейін тоқтатылады. Егер оның жер теліміне деген тиісті құқығы болса, салған құрылысы заңсыз болса да бұзылмайды.
Заңдағы осы нормалар құрылыс жүргізушіге айыппұл төлеп, үш ай өткеннен кейін орын алған олқылықтарды қайта қалпына келтірместен, құрылысты одан әрі жалғастыруға мүмкіндік береді. Мұндай жағдайда мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органының құрылыс жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке қайта тарту үдерісіне бастамашы болуға құқығы жоқ.
Біздің жұмысымыздағы тағы бір ескеретін мәселе, басқармадағы жұмыс істейтін кадрлардың штаттық саны өзімізге жүктеліп отырған міндеттерді жүзеге асыруға аздық етуде. Мәселен, біздің басқарма штатында 20 қызметкер болса, соның ішінде 9 маман, 2000-ға тарта құрылыс нысанына тиісті тексерулерді жүзеге асыруы тиіс. Яғни, жүктеліп отырған жұмыс ауқымы өте үлкен. Осыған орай басқарма жұмысының сапасын жақсарту үшін штаттағы қызметкерлер санын көбейтсе дұрыс болар еді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»