Кеше Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінде ШОБ-ты мемлекеттік қолдау мәселелерін талқылаған отырыс болды. Оған Ұлттық экономика және басқа да мемлекеттік органдар басшылары қатысты.
Отырысты комитет төрағасы Асқар Бейсенбаев ашып, жүргізіп отырды. Өз сөзінде ол Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 2050 жылға дейін шағын және орта бизнес шығаратын өнімдер мен атқаратын қызметтер үлесі ІЖӨ-нің 50 пайызы көлеміне жетуі керек деген міндет қойғанын еске салды. Парламент тарапынан шағын және орта бизнестерді қолдайтын іскерлік ахуал тудыру үшін әзірленген заңнамалар жетілдіріліп, көптеген әкімшілік кедергілер жойылғанын айтты. Алайда әлі күнге ШОБ ІЖӨ-дегі үлесі бізде 25,6 пайыздан аспай отыр, ал дамыған шет елдерде ол 40-тан 90 пайызға дейін жеткен, деді А.Бейсенбаев.
ШОБ-ты мемлекеттік тұрғыдан қолдау жөніндегі Үкіметтің жасап жатқан істері туралы Ұлттық экономика вице-министрі Айдар Әріпханов баяндады. Оның айтуына қарағанда, Қазақстанда қазір 3,1 млн адамды қамтыған 1 240 916 ШОБ субъектілері бар екен. Үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында олар 6,4 трлн теңгенің өнімін шығарған. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 11,0 %-ға артық.
Отырыста Қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаев, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов және т.б. сөйлеп, өз салаларында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Баяндамаларды талқылауға сенаторлар Сәрсенбай Еңсегенов, Нұрлан Қылышбаев, Талғатбек Абайділдин, Бақтыбай Шелпеков, Асхат Күзеков және т.б. қатысты. Отырыс қорытындысы бойынша шағын және орта бизнесті қолдаудың маңыздылығы
айтылып, Үкіметке ұсыныстар әзірленді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»