Өнер туралы өрелі сөз
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы Дала ұлағаттары» туындысы түпсіз мұхиттай терең ойымен таң қалдырады. Оқуға жеңіл, тілі көркем. Қазақтың анадайдан айна бұлақтайын жарқырап жатқан маржан сөзіне тәнті боласың. Елін құлай сүйген кемеңгердің өз басынан мысал келтіре отырып жазған жақсы лепесіне көңіл тояды. Ақ қағазға жүгінген – ар-иманның алдына жүгінгенмен бірдей деп жатады ғой. Қалам құр аттай құрдан-құр жүйтки жөнелмейді. Абай: «Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады», – деп ескертеді. Баталы ерден аталы сөз туады. Аталы сөзге арсыз ғана талас қылады. Елбасы үшін кеудеңді шынайы мақтаныш сезімі кернейді. Ұлы жүрек лүпілі кітаптың әр жолынан сезіліп, кеудеңдегі жиілеген дүрсілге ұласып жатады. Әр сөзі ғақлия, ғибратқа толы ақыл-кеңес. «Оқуды қойған адам ойлауды қояды». Бұл – Елбасының ескертуі. Азаттықтың алғашқы жылдары ел үшін бұрын-соңды көрмеген соны сүрлеу сияқты еді. Сондықтан ілкіде бұлыңғыр көрінген. Бірақ соған қарап тұтас рухани өмір еш бұдырсыз өтті деу шындыққа жанаспайды. Халқымыздың тарыдай шашылған тарихын таспиыхтың тасындай мөлдіретіп тізіп жинау сол кезде қолға алынған болатын. Айдар тағылған атаулы жылдар бірінен кейін бірі үзіліссіз жалғасып жатты. Ақыр-аяғы былтыр Қазақ хандығының 550 жылдығымен шашақталып көмкерілді. Енді, міне, ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерекесінің қарсаңында тұрмыз. «Егер біз мемлекет болып тұрғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халықтың руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн». Түгел бағдарламаға жүк боларлық тиянақты тұжырым. «Өнерлінің еңсесі биік, бәсі бағалы», – деген жолдарды оқығанда күн көзіндей төбеңнен елжірей төнген ата-ана елестеп кетеді. Құлақ түбінен: «Өнер есіктегі басыңды бала күніңнен төрге шығарады, ал есейгенде есіл басыңды босағаға сүйреу – өзіңнен», – деп сыбырлап тұрғандай. Өрлік те – ерліктің бір түрі. Өнерде жүрген жас өрен, өр бол, бірақ кең бол. Өзімшілдік те, күндестік те қауіпті. Өнер адамының құдды ар-ождан Кодексі десе болғандай. Сыпыра жомартсып той жасап, тайлы-тұяғымыз қалмай сыпырылып барғанда домбыра есіктің көзінен сығалап қалса, кімнен көреміз. Әулекі әуенге өзіміз ақ тер, көк тер болып жер тепкілеп билеп жүріп, қазақ әндерінің жауһарлары көзі жәудіреп босағада тұрса, айыпты кімге тағасың. Мұндайда: ұлттық мәдениетімізге қамқор болу, оның болмыс-бітімін сақтау – халықтығымызға сын,- деп сұңғыла сөз қозғаған Елбасының биік парасаты мен терең пайымына тәнті болмай көріңіз. Ұрпағың ұран қылса, қане. Өрелі сөз шапағын шашты. Абай: «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел», – демейтін бе еді. Дәулеткерей ҚҰСАЙЫНОВ, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысыБарды бағалағанның бағы артық
Еліміздің бүгінгідей мамыражай заманға жетуі туралы ой жүгіртер болсақ, қазақтың өршіл ақыны Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деген, қанатты сөзге айналған өлең жолдары жүрегіңді тербейді. Төрт түлікпен жанын асыраған халқымыздың ұлан-ғайыр жеріне көзінің сұғын қадағандар талай рет тоздырып, құртып жіберердей күйге түсірді. Патшалық Ресей бауырына тартқандай көрінгенмен есік көзіндегі құлындай көрді, көзіне ілген жоқ. Кедейді теңестірем деген Кеңес үкіметі кезінде аштық пен репрессиядан қынадай қырылдық. Жаулық болмағанда 40-45 млн халық болуымыз керек еді. Әйтеуір, Алла жарылқап қолымыз тәуелсіздікке жетті де жолымыз оңғарылды. Бірақ, Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Елбасымыздың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ұлы Дала ұлағаттары» еңбегін оқып отырып, тарих тереңіне тағы да сүңгідік. Кеше кім едік, бүгін кімбіз? Елбасының кітабынан үзінді келтірейік. «1992 жылдың күзіндегі АҚШ-қа алғашқы сапарым кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында әлемдік мінберде бірінші рет баяндама жасағанда, күллі дүние жүзі бізге «мынау қандай ел, бұлар кімдер, қандай мақсаты бар, болашағы қандай?» деген сауалдар кернеуінде отырды. Тосырқап та, жатырқап та отырғандар болды. Бірақ біз жаспыз деп жасқанып, жолымыздан жаңылып қалған жоқпыз. Ол тұста біз әлемдік өркениет көшіне қосылған жаңа мемлекет болғанымызбен, арғы түбіміз тарих тереңінде жатқан, ұлттық құндылықтары бар ұлағатты ел екенімізді айтуға мүмкіндік таптық. Әлемдегі ең үлкен аумақтардың бірін алып жатқан жұрт екенімізді білдіре отырып, жері байдың – елі бай екенін де жатқа жеткізе түсіндірдік. Шаңырағымызды шайқалтпастан, байлығымызды еселей алатын ел екенімізді аз сөзбен ұғындырдық. Оған да міне, ширек ғасырға жуық уақыт өтті». Сол уақыт көшінен бері тарихымызды таразылағанда кейбір мемлекеттердің ғасырлап өтетін жолын аз ғана уақытта басып өткен екенбіз. Кеше ғана қазақ деген ұлт түгілі Қазақстан деген мемлекетті естіп, көрмеген елдердің бүгінде қай-қайсы да ардақ тұтатын елге айналдық. Елбасымыз жаңа шығармасында тәуелсіздіктің тал бесігінде тербелген халқымыздың өсу жолдарын әлемдегі саяси жаңалықтар үрдісімен байланыстыра отырып әңгімелейді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – Қазақстанды өркениетті елдер көшіне қосумен қатар әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауда да орасан еңбек сіңіріп, дүние жүзі саясаткерлерінің санасатын тұлғасына айналды. Қазақстанның өсу сатылары жайлы толғаныстан халқымыз алатын тағылым үлкен. Сондықтан, барымызды бағалай білейік дегім келеді. Байдулла ҚОНЫСБЕК, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі Оңтүстік Қазақстан облысы