17 Қыркүйек, 2011

Сұранысты мемлекеттік тілде толтырмау – қисынсыз

353 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Бұған дейін хабарланғанындай, Парламент Мәжілісінің соңғы отырысында басқа мәселелермен қатар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы талқыланып, мақұлданды. Бұл азаматтық қоғамды дамы­ту­ға өзіндік үлес қосып, әлеу­мет­тік мәселелердің бірталай қыр­ла­рын шешіп жүретін ҮЕҰ-ларды мем­лекет тарапынан қолдауға мүм­кіндік беретін заң жобасы бо­ла­тын. Сондықтан да қоғамы­мыз­да оған деген қызығушылық үлкен екені сөзсіз. Заң жобасы бойынша баян­да­маны Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед жасады. Ол бұл заңнамалық құжатты әзірлеуге Пар­ламент депутаттарының, жүз­деген ҮЕҰ жетекшілерінің, ха­лық­аралық ұйымдар өкілдерінің бел­сене қатысқанын атап өтті. Одан әрі негізгі өзгерістерге тоқ­тал­ды. Заң жобасы, деді ол, ең алдымен уәкілетті органның қыз­метін анықтаған. Мемлекеттік әлеу­меттік тапсырыс жүйесін түп­кілікті өзгертіп, оның жұмыс­та­рын үйлестіретін мемлекеттік ор­ган­дардың қосымша тетігін анық­тайды және оның орындалуының мониторингін енгізеді, деді министр. Сонымен бірге, ол заң жо­басында әлеуметтік бағдарлама және жоба жөнінде нақты тү­сі­ніктер енгізілгенін айтты. Бұл тү­сі­ніктер ұзақ мерзімді жоба­лар­дың, сондай-ақ осы жобалардың шеңберінен шығатын бастамалар­дың іске асырылуына мүмкіндік береді. Министр басқа да ерекшеліктер туралы айтып өтті. Соның ішін­де мемлекеттік тапсырыс енді тек салалық уәкілетті органның құ­зырлары шеңберінде ғана атқа­ры­латын болады.  Мұның мәнісі, бұрын мемлекеттік әлеуметтік тап­сырыс тек Мәдениет министрлігі арқылы берілсе, енді бұл іспен салалық уәкілетті органдар айналысады. Мәселен, экологияны жақсартуға байланысты ұсыныл­ған жобалар Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде қаралады. Баяндама аяқталған соң министрге бірнеше сұрақ қойылды. Соның ішінде депутат В.Нехорошев: Заң жобасы мемлекеттік қа­ражатты қымқыруды азайтуға ық­пал ете ала ма,  конкурстық негізде әлеуметтік тапсырыс бөлін­ген­де комиссияның басында бастық­тың адамы отырып, жеңісті «өз­де­рінің адамдарына» алып беретінін біз білеміз. Өкінішке қарай, бізде не ұрлайды, не қымқырады. Енді барлық министрлік осымен айна­лысатын болыпты. «Нашар пианино болса, жаман ойнадың деп пианисті атып тастағаннан пайда жоқ» деген сөз бар, сол сияқты кон­курсты өткізу технологиясын өзгертпесек, қандай мониторинг жасасақ та  әлеуметтік тапсырыс­ты кімдер ұтатыны белгілі. Тех­нологияны өзгерту жөнінде сізде қандай ұсыныс бар? Сонымен бірге, сіздің болжамыңыз бойынша осы заң жобасы ҮЕҰ кәсібилігін арттыруға қаншалықты көмектесе алады? – деген сауалдар тастады. Бұл сұраққа: Мемлекеттік қа­ра­жаттың қымқырылуы және оны болдырмаудың жолдары жөнінде құқық қорғау саласының маман­да­ры болмаса, Мәдениет министрі ре­тінде мен ештеңе айта алмай­мын. Екінші сұрағыңызға бай­ла­ныс­ты айтатын болсам, бұрын ҮЕҰ-лармен байланыстар жақсы жолға қойылғанымен, олардың көтерген мәселелерінің қанша­лық­ты тиімділігін Мәдениет министрлігі айыра бермейтін. Енді са­лалық министрліктер олардың ұсыныстарын жақсы танып, со­лар­дың ішіндегі тиімділігі үлкен­дерін дұрыс таңдайтын болады. Мұның өзі сайып келгенде ҮЕҰ кәсібилігін арттыра түсер деген үміт бар, деп жауап қайтарды министр. Депутат Бақыт Сыздықова жастар қозғалысы басшыларының бірі екенін айтып, осы саланың проблемаларына тоқталды. Жастар ұйымдарының тиімді жұмыс істеуіне мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы бөлінетін қара­жат­ мүмкіндік бере қоймайды. Өйт­кені, конкурс сәуір айында ғана өткізіледі, ал қарашада оның есебін беру керек. Қалған уақыт­тарда жастар ұйымдары қаражат болмағандықтан, өз жұмыстарын жүргізе алмайды. Сондықтан мен ұзақ мерзімді қаржыландыру мә­се­лесі қарастырыла ма деп сұ­райын деп едім, деді ол.  Келесі сұ­рағында конкурстық құжат­тар­ды қазақ тілінде толтыруды талап етуді қиынсынатынын жеткізді. Дұрыс толтырмадың деген сыл­тау­мен кейде құжаттарымызды өт­кіз­бей тастайды, деді Б.Сыздықова. Бұл сұрақтарға да толымды жауап берілді. Ұзақ мерзімді қар­жыландыру мәселесін заң қа­был­данғаннан кейін соның негізінде шығатын заңнамалық нормативтер арқылы реттеуге болады, деді министр. Ал құжаттарды қазақ тілінде толтыруды қиынсынған сұраққа орай: Егер ҮЕҰ-лар мемлекеттік орган арқылы мемлекеттік бюд­жет­тен қаражат сұрап тұрып, құ­жат­ты мемлекеттік тілде тол­ты­ру­ды қиынсынатын болса, ол еш­қан­дай қисынға келмейді, деп жауап қайтарды. Жақсыбай САМРАТ.