Жауапкершілігі мол саясаткер
Кітаптың Қазақстанда кең көлемде атап өтілетін тамаша мереке – Тұңғыш Президент күні қарсаңында басылып, тұсауы кесілуінің айтарлықтай нышандық мәні бар. Тұсаукесерде ТАСС бас директорының бірінші орынбасары Михаил Гусман атап көрсеткендей, «бұл жолғы кездесудің осы оқиғамен тікелей байланысты екені жасырын емес». Шараға Нұрсұлтан Назарбаевты жақсы білетін және басылымға объективті баға бере алатын адамдар қатысты. Солардың бірі – М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий. Оның сөзіне қарағанда, «бұл – ұлы саяси қайраткер, Ұлт Көшбасшысы туралы кітап». – Өте қызықты кітап. Мұнда біз бір кездері естуіміз әбден мүмкін, бірақ 25 жыл ішінде көпшілігі естен шыққан қызықты фактілер, даталар, ой-пайымдар жинақталған. Виктор Садовничий түсіндіргеніндей, басылымда дәуір рухы өте жанды көрініс тапқан. Оқырмандар сол бір күрделі жылдарды құдды бір бастарынан қайтадан өткергендей болады. – Көптеген беттерін толқымай оқи алмайсың, – деп атап өтті ол. Кездесуге қатысушылар кітапта Мемлекет басшысының өмірбаянынан бөлек, Президент қатысушысы болып табылған әлемдік оқиғалар да көрініс тапқанын айтып жатты. Онда Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы ГКЧП-ны неге қолдамағаны, еліміздің «түрлі-түсті революцияларды» қалай айналып өте алғаны және күні кешегі оқиғалар туралы айтатын болсақ, Отанымыздың Путин мен Ердоғанды бітістірудегі рөлі қаншалықты болды деген сияқты көптеген сұрақтарға жауап табуға болады. Кітап Нұрсұлтан Назарбаевтың өз өмірінің барлық кезеңдерінде қалай дамығаны мен эволюцияланғанын кезең-кезеңімен ашып көрсетеді. Бірақ, Президенттің алғашқы күннен бастап-ақ өзін жауапкершілігі мол саясаткер ретінде көрсеткенін және тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ, бүкіл посткеңестік кеңістікте үлкен танымалдыққа ие болғанын ерекше атап өткен жөн. Мемлекет басшысына кезінде КСРО басшыларының бірі болу ұсынылғаны да кездейсоқ болмаса керек. Бұл туралы кітапта жан-жақты әңгімеленеді. КСРО премьер-министрі Николай Рыжков зейнетке шыққаннан кейін дәл Нұрсұлтан Әбішұлы оның ізбасары ретінде көрінген-тін. Басылымда биліктің жаңа органдарын жасақтау мәселелері бойынша өткен кеңесте Михаил Горбачевтің премьердің кандидатурасын қарауды ұсынғаны егжей-тегжейлі жазылған. Әуелі академик Примаков пікір білдіреді: – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты! КСРО Ішкі істер министрі Вадим Бакатин Примаковтың ұсынысына қолдау білдіреді: – Нұрсұлтан Әбішұлын! Кітап авторы былай деп жазады: «Екеуі де Қазақстан Президентіне тамаша мінездеме берді. Горбачев олардың пікірлерімен келісетінін білдірді, бірақ Нұрсұлтан Әбішұлы Мәскеуге көшуге келісімін берер ме екен дегендей сыңай танытты. Өткен жылы болған КОКП-ның ХХVIII съезінде Назарбаевтың КОКП ОК Бас хатшысының орынбасары лауазымына ұсынылғанын, алайда, оның бұл жоғары қызметтен бас тартқанын еске алды. Бұл ұсынысқа қазір қалай қарайтынын да айту қиын. Назарбаев Горбачевке сенім көрсеткені үшін ризашылығын білдіргенімен, КСРО Министрлер кабинетіне басшылық жасау туралы ұсынысты қабылдамады. Кейінірек, 1991 жылдың шілдесінде Горбачев Ельцинмен бірге тағы да оған одақтық үкіметтің басшысы лауазымын ұсынды». Мемлекет басшысы өте дәл өлшеп-пішілген саясат жүргізді. Бір жағынан ыдырай бастаған КСРО мен экономикалық байланыстарды сақтап қалу үшін бәрін жасады, екінші жағынан республикалардың еркіндігін қабылдағысы келмеген орталықтың диктатымен белсенді күресті. Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың тамызында маңызды сынаққа төтеп бере алды. Президент ГКЧП-ға қарсы шыққандардың бірі болды. «19 тамыздың кешінде Назарбаев халыққа радио арқылы үндеу жасады. Сабыр сақтауға, абай болуға шақырды. Кез келген адамның көңіл-күй ауанына беріліп, іс-әрекетті дұрыс түйсінбеуі әлеуметтік жарылыс туындатуы мүмкін екенін ескертті. Қазақстанда төтенше жағдай енгізілмейтініне сендірді. Саяси сезімталдығы оны күрделі жағдайларда тығырықтан талай мәрте алып шыққан еді, бұл жолы да қателестірген жоқ», – деп жазылған кітапта.Тарихи бастамалары
ММУ ректорының сөзіне қарағанда, кітапта «саяси қайраткерлердің портреттері жақсы қырынан көрсетілген, бірақ олардың бәрінде басты оқиғалар мен басты ақпарат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен байланыстырылып беріледі». В.Садовничий өзіне Қазақстан басшысын осындай биік тұрғыда көру мүмкіндігі берілгенін айта келіп, осыдан 20 жыл бұрын болған кездесуді есіне алды. – 1994 жылы мен Нұрсұлтан Назарбаевты Мәскеу мемлекеттік университетінде дәріс оқуға шақырдым. Бұл тарихи дәріске айналды. Онда Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясы ұсынылды. Кейінгі оқиғалардың барлығы бастаманың дұрыстығын қуаттап берді деуге болады, – деді ректор. В.Садовничий Николай Зеньковичтің «тамаша кітабын» жоғары бағалай келіп, авторды осы үлкен оқиғамен құттықтады және басылымның тарихты, экономиканы, политологияны және философияны оқу тұрғысынан қызығушылық туғызатынын атап көрсетті. Оның үстіне, кітап тек жай саяси қайраткер туралы ғана емес. Бұл кітап Мәскеу университетінің профессоры туралы. – Мен оны біздің кітабымыз деп санар едім, өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлы Мәскеу университетінің екі бірдей жоғары атағына – құрметті доктор және құрметті профессоры атағына ие болған, – деп қосты ММУ ректоры. Ал Дүниежүзілік орыс баспасөзі қауымдастығының президенті Виталий Игнатенко бұл басылым орасан еңбектің нәтижесі екеніне тоқталды. – Мен осы ұлы адамның өмірбаянын бірінші рет көріп отырған жоқпын, тіпті бір кітаппен жұмыс істеген кезім де болды. Айтайын дегенім, Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаянын жақынырақ зерделеген сайын Қазақстан Президентінің рөлі мен оның әлемдік саясатқа қосқан үлесі де соншалық салмақты бола түсетіні, – деді В.Игнатенко. Оның пікірінше, Қазақстан Президенті «бар өмірін өз халқына қызмет етуге арнаған Көшбасшының көрнекті мысалы». Оның идеялары бүгінде бүкіл әлемде бағаланады. Ол – әрдайым адамдардың, халықтардың, елдердің арасындағы достық байланыстарды қадірлейтін ғажайып дарынды адам. В.Игнатенко Қазақстан Президентінің Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы идеясын да жоғары бағалады. – Нұрсұлтан Назарбаев бұл идеяның бірден болмаса да түбі қажет болатынын түсінді. Сыртынан әңгіме айту, дүдәмалдық болды. Алайда, біз бүгін оның қаншалық көреген болғанын көріп отырмыз, – деп атап өтті Дүниежүзілік орыс баспасөзі қауымдастығының басшысы. «Жоғары экономика мектебі» ұлттық зерттеу университетінің әлемдік экономика және әлемдік саясат факультетінің деканы Сергей Караганов Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде татулық пен келісімді сақтаудағы рөліне тоқталды. Бұл реттегі алғашқы қадамдар КСРО-ның ең нашар жолмен күйреуін болдырмауға талпыныс еді. Нұрсұлтан Назарбаевтың ортақ экономикалық байланыстарды сақтауға қаншалық күш-жігер жұмсағаны еске түседі. Карагановтың айтуынша, еуразиялық ықпалдастық идеясын Ресейде бастапқы кезде, өкінішке қарай, теріс қабылдады. – Нұрсұлтан Назарбаевтың дұрыс жайттарды айтып отырғаны айқын еді. Бүгінде оның идеясы Еуразиялық экономикалық одаққа айналды, – деді С.Караганов. Ол сондай-ақ Президенттің өзге де маңызды бастамалары туралы айтты. Мысалы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі жалпы еуро-азиялық қауіпсіздік құрылымының түпкі үлгісі бола алар еді. Нұрсұлтан Назарбаев Батыстың Шығыстан алшақ, өзара ынтымақтастықсыз, өзара түсіністіксіз өмір сүре алмайтынын, шығыстың дәстүрі мен құндылықтарын ескермейінше орнықты дамымайтынын жақсы біледі. Сол себепті де АӨСШК базасында Азиядағы қауіпсіздік және даму жөніндегі ұйым құру бастамасын ұсынды. С.Караганов бұл идеяның да жүзеге асатынына сенімді. Өйткені, ЕҚЫҰ-ның ескі жүйесі көптеген себептерге байланысты іске аспады. Оның айтуынша, Қазақстан Президентінің ұсынысы «Үлкен Еуразия» жобасының түпбейнесіне айналды, оны Ресей Президенті В.Путин мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин әлден-ақ іліп әкетті. Сондықтан Мемлекет басшысының бастамасы таяу 2-3 жылда жүзеге асып қалуы да мүмкін.Екі дәуірдің адамы
Тұсаукесер барысында автор да, дәстүр бойынша баспагер де сөз алды. – Мен үшін бұл кітапты басу зор құрмет, өйткені, менің өзім Қазақстанда туып-өстім. Осы жоба үшін біздің баспаны таңдаған кезде әлбетте жауапкершіліктің зор екенін түсіндік, – деді «Яуза» баспасының бас директоры Павел Быстров. Ал жазушы Николай Зенькович кітап жазу барысы күрделі болғанын, қажетті материалдарды жинауды былай қойғанда, жазудың өзіне ғана бір жылдан астам уақыт кеткеніне тоқталды. – Биография өте күрделі жанр, ал ол бұған дейін де аз жазылмаған мынадай адамның өмірбаяны болса тіпті қиын. Президенттің өзі шығарғандарын айтпағанда, Нұрсұлтан Назарбаев туралы тек орыс тілінде 23 кітап жазылыпты, – дейді жазушы. Н.Зенькович саяси қайраткердің танымалдылығының екі тұсына назар аударды, олар – халықтық сүйіспеншілік пен мамандардың кәсіби бағасы. – Осы екі құрамдауыш жиі сәйкесе бермейді. Алайда біздің жағдайымызда бұл сирек кездесетін жайттың бірі болып отыр – аталған екі ұғым да саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың жүрегінде тоғысқан, – деп атап өтті жазушы. Н.Зенькович Елбасының өмірбаянын зерттей отырып, ол туралы өзге мемлекет басшыларының теріс баға берген немесе пікір айтқан кездері болды ма деген мәселені анықтағысы келіпті. Алайда, ештеңе таппаған. Бұл да көп нәрсені аңғартса керек. – Нұрсұлтан Әбішұлы – өте көреген адам. Ол ойлаған нәрсенің бәрі дерлік іске асты. Мұндай сирек болады. Оның идеясы көп. Бұл ерекше жағдай. Мен өмірбаянның 25 жылдан кейін жаңаша оқылғанын қаладым. Менің кітабымдағы басты нәрсе де осы. Өйткені, уақыт өте келе баға өзгереді, жағдай өзгереді, түрлі себептерге байланысты адамның өзі де өзгереді. Маған осы оқиғалардың интерпретациясы қалай жүргенін көру қызықты болды, деп қорытты сөзін жазушы. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»