20 Қаңтар, 2010

“ӘКІМ ДЕГЕНІМІЗ – ХАЛЫҚҚА ҚҰЛ БОЛУ”

4786 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
дейді Жаңақала ауданының әкімі қызметін 18 жыл атқарып келе жатқан Төлеген Мерғалиев Егемендік алғаннан кейін Елба­сы Жарлығымен енгізілген әкімдік басқару институтының бұ­рынғы партиялық басқару құры­лы­мынан басты айырмашылығы – халыққа жақын болуында. Ай­талық, кеңестік жүйеде аудандар мен облыстарды басқаратын бірін­ші хатшылар мен халықтың ара­сында атқару комитеті, кәсіп­одақ­тар, комсомолдар делінетін дали­ған аппараттар болды. Сөйтіп аудан­дағы бірінші басшы, яғни бірінші хатшы қарапайым халық­тан алшақтап кетті. Әлгі тотали­тар­лық режім деп жүргеніміздің бір ұшы осыдан шығады. Ал тәуелсіздікпен бірге енгі­зіл­ген әкімдік басқару институтының бұрынғыдан басты ерекшелігі әкімдердің халықпен, қарапайым тұрғындармен тікелей бетпе-бет келуінде. Олармен қоян-қолтық, тонның ішкі бауындай бітісіп, қай­насып қызмет атқаруында. Бұл құрылымның жаңа мемлекеттегі адамдар мен тұрғындардың мүдде­сі үшін қызмет жасап келе жат­қа­нына да жиырма жылға жуықтады. Бүгін біз сол уақыттан бір аудан­ды табан аудармастан бас­қарып келе жатқан басшы жөнінде әңгіме жасамақпыз. Ол сонау 1992 жылдың басында шалғайдағы Жаңақала ауданының әкімі болып тағайындалған Т.Мерғалиев. Оның бір ауданды осыншама уақыт бойы басқаруының сыры неде? Осы ұзақ отырыс өзін-өзі ақтай алды ма? Осы мерзім ауданға не берді? Төлеген Тастайұлының өзі­не не берді? Осындай басы ашық сауалдарға талдау жасасақ нені байқар едік? Әуелі бұл шіркінді бастау қиын демекші, біріншіден, мұның сыры бірден ауданды басқарудың сауат­ты, өркениетті жолы таңдалып алынғанында. Жаңақала ауданын алға қарай дамытудың айқын ба­ғыт-бағдары белгіленгенінде. 1992 жылдың қаңтарында, яғни Төлеген Мерғалиев аудан басшылығына келген кезде республика егемен­ді­гінің жарияланғанына небәрі екі апта ғана уақыт өткен еді. Бұл кез­де жас мемлекетті алға қарай да­мы­ту жөніндегі экономикалық және саяси реформалар жаңадан белгіленіп жатты. Ал реформа де­ге­німіз бір күннің, бір айдың не­месе бір жылдың жұмысы емес. Ол ондаған жылдарды керек етеді. Бір қоғамдық құрылыстан екінші бір қоғамдық құрылысқа, бір фор­мациядан екінші формацияға кө­шу қашанда күрделі мәселе. Ең қи­ындығы оған адамдардың мо­раль­дық-психологиялық тұрғыдан әзір болмай шығуында. Мерға­лиев­тің аудан тізгінін қолға алған кездегі бірінші жеңісі Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев белгілеген реформалардың ойдағыдай іске асатынына, оның нақты нәтиже беретініне аудан тұрғындарының көздерін жеткізе білгендігі. Содан кейін көп кешікпей елде жаппай жекешелендіру науқаны басталды. Осы науқан елдің қиян бір түкпіріндегі Жаңақала ауда­нын­да өркениетті түрде, аса бір жанашырлықпен өткені Мер­ға­лиев­тің екінші жеңісі деуге бола­ды. Бұл тұста аудан басшысы тара­пынан бір де бір әлеуметтік-тұр­мыс­тық және мәдени нысандар бұзылмасын деген талап қойылды. Осы тұста Төкең ар-ұят деген мә­се­лені бағдаршамдай алға ұстай білді. Ұят болады деген бір ауыз сөз әкем Тастайдан қалған өсиет, өнеге еді. Осы қағида менің өмір­лік ұстанымыма айналды. Алайда кейінгі кезде ұят болады деген тәр­биелік тіннің арқауы босап ба­ра­ды. Мені тәрбиелеген, адам қа­тарына қосқан әрі алға талпын­дыр­ған осы бір ауыз сөз. Сон­дық­тан да қолымнан келгенінше осы ұят боладыны аудан тұрғындары мен жас жеткіншектердің сана-сезімдеріне жеткізуге ұмтылып келемін, — дейді ол. Жаны бар пікір. Ақиқатын айт­қанда ауыл әкімдерінен бастап облыс әкімдеріне дейінгі атқару­шы органдардың басшылары ең бірін­ші­ден тәрбиешілер емес пе? Тәр­биеші болғанда да сөзімен емес, ісі­мен өнеге көрсететін тәр­биешілер. Жекешелендіру кезінде Жаңақала ауданында бір де бір нысанның бұзылмағаны, бір де бір үйдің қирамағаны өнеге емей немене? Т.Мерғалиевпен бұдан кейінгі әңгімеміз сұрақ-жауап түрінде өрбіді. – Төлеген Тастайұлы, хал­қы­мыз­да ұстазы жақсының ұстамы жақсы деген нақыл бар. Сізге өмір­­де жол көрсеткен, ел басқару­дың бағыт-бағдары жөнінде көмек бер­ген кімдер? – Социалистік Еңбек Ері Кен­жебек Мендалиев. Жаңақала ауданы ракеталық сынақтар жү­руі­не байланысты жабылған тұста Фурманов ауданының құрамында болды. Оны Кенжақаң басқара­тын. Ол кезде жас маманмын. Ең алғашқы ұстазым осы кісі. Ол та­лап­шыл, ары таза, халықтың мұң-мұқтажына ортақтаса білген бас­шы еді. Тоталитарлық режімнің адамы деуге қимаймын Кен­жа­қаң­ды. Одан кейінгі ұстаздарым Сат­қали Сапаров пен Әділғазы Нұр­ға­лиев. Екеуі менің алдымда бірі­нен соң бірі Жаңақала ауданын бас­қарды. Осы ұстаздарымның ал­ғашқысы Сатқали марқұм сабыр­лы, салмақты, кез келген күрделі мәселені байыппен шеше білетін демократиялық тұрпаттағы басшы еді. Ал Әділғазы Нұрғазыұлы өзінің іскерлігімен әрі тез шешім қабылдай білуімен ерекшеленді. Ол кісі менің алдымда Жаңақала ауданын он бес жыл басқарды. Қазір Орал қаласында тұрады. Жақ­сы сыйласып аға мен інідей араласып келеміз. Ол кісі осы күн­ге дейін маған сен деп айтып көр­ген жан емес. Мен осы ұстазда­рым­ның бойындағы барлық жақсы қасиеттерді ала білуге ұмтылдым. – Бір ауданды жиырма жыл басқару өте сирек кездесетін жағдай. Тіпті баяғы социалистік жүйе кезінде де тап осылай сіз секілді бір ауданды тапжылмай ұзақ басқарған хатшы болмаған секілді. Қазір республикада дәл өзіңіздей бір ауданды осыншама уақыт бойы басқарып келе жатқан әріптес­те­теріңіз бар ма? Болса кімдер? – Жиырма жылға жуық уақыт аудан әкімі қызметінде жүрген әріп­тестерім бар екені анық. Алай­да олардың бәрі де ротациялық жолмен екін­ші бір ауданға ауысып әкімдік қызметтерін жалғастырып келеді. Де­­генмен, дәл мен секілді бір аудан­ды он тоғыз жыл бойы басқарып келе жатқан әріптесімді білемін. Әрі оны­мен хабарласып тұрамын. Ол Маң­ғыстау облысын­дағы Бейнеу ауда­нының әкімі – Басшы Әзірханов. – Өзі басшы, аты да Басшы бол­ғаны ма? – Дәл солай. Өзі де басшы, аты да Басшы. Әкімдік өтіл жөнінен сәл айырмашылығымыз Басекеңнің Бейнеудегі он тоғыз жылдық әкімдік өтілінің арасында сегіз ай үзіліс бар. Ал менде ондай саңылау жоқ. – Өзіңіз осылай тұрақты түрде аудан әкімі қызметін атқаруды дұ­рыс деп ойлайсыз ба? Белгілі бір өңір­ді басқарған кезде ол адам өзі­нің мүмкіндігін әрі кеткенде төрт-бес жылда сарқады деген тұжырым бар. Бұл пікірге қалай қарайсыз? – Басшылық қызметтегі тұ­рақ­тылық негізінен дұрыс деп ой­лаймын. Айталық басшы кадрлар жиі ауысқан кезде белгілі бір істе кеткен кемшіліктерге байланысты кім кінәлі десіп қалатын жағ­дай­лар кездеспей тұрмайды. Ал бел­гі­лі бір орындағы тұрақтылық жағ­дайында оны біреуге жаба алмай­сың. Ондай жабатын кісің болмаса қалай жабасың. Сөйтіп аудан мен оның тұрғындары және әлеумет­тік-экономикалық даму жөніндегі барлық жауапкершілікті тек бір өзің арқалауға тура келеді. Ал сұрағыңыздың екінші тар­ма­ғына қатысты қайтарар жауа­бым мен өмір бойы өзімді өзім қамшылаумен келе жатқан адам­мын. Қашанда өзімді өзім жетіл­ді­ріп отыруға, қоғамдық өмір кө­шінен қалып қоймауға, бір орында тұрып қалмауға ұмтылып келемін. Әрі осы ізденістерім нәтижесіз емес деген ойға табан тірей аламын. – Сіздің ойыңызша әкім болу дегеніміз не? Лауазым ба, билік пе, жоқ әлде жоғары қызмет пе? – Бұлардың ешқайсысы да емес. Менің ойымша әкім болу – халықтың құлы болу деген сөз. Мұның мәнісін халық не айтса, соны істеу деп түсінсек сәл қи­ғаш­тау болар. Ең дұрысы, халықтың көңіл-күй ауанын дұрыс аңғарып, қапысыз сезіп, соған сай ел-жұрттың көңілінен шыға алатын, олардың әлеуметтік-тұрмыстық дең­гейін көтеруге септігі тиетін ше­шімдер қабылдап, оны нақты істермен шегелей алсаң – мақ­сатыңның орындалғаны. – Зейнет демалысына шығатын уақытыңыз да келіпті. Сайлау мер­зі­міңіз де өткен жылы аяқталыпты. (Т.Мерғалиев 2005 жылғы он екі та­мыз күні өткізілген республи­ка­дағы төрт аудан әкімінің экспери­менттік сайлауында баламалы түрде сай­ланған — Т.Қ.). Пайғамбар жасына да жетіпсіз. Енді не істейсіз? Жұмы­сы­ңызды жалғастыра бермексіз бе? Бұл жөнінде облыс басшысы, өзі­ңізді сайлаған аудан тұрғындары не дейді? – Әрине, өтінішімді жазып зейнет демалысына шығамын. – Егер қала тұрсаңыз, әлі де біразырақ уақыт істей тұрсаңыз деп қолқалап жатса ше? – Ол ниеттеріне тағы да рах­мет айтып, бәрібір осы алғашқы пікірімде қалмақпын. Осы арада бүгінгі мақала кейіп­керімен жүргізілген бүкпесіз сұрақ-жауапты тежей тұрып сөз бен істің бірлігі туралы айтқымыз келеді. Мысалы, ауыл мен қала хал­қының арасындағы тұрмыс дең­гейін бір-біріне жақындату, түбінде олардың арасындағы осы айырмашылықты жою деген мә­селе кеңестік кезеңде өте жиі ай­тылатын. Бірақ ол сол сөз күйінде қалып қойды. Бүгінгі егемен елі­мізде бұл міндет жаңаша бір қы­ры­нан көрініс тауып келе жатқан­дай. Рас бұл өте күрделі мәселе. Кешенді көзқарас тұрғысынан алғанда тіпті мүмкін еместей іс. Айталық, ауылдағы тұрмыстық деңгейді қала деңгейіне жақын­да­ту­дың басты бір көрінісі – отын-суы ішіндегі жанға жайлы пәтерлер десек, бұл жаңақа­ла­лық­тар үшін өткен жылдардың жемісі. Жаңақала деген атына заты сай өңірде соңғы жылдары тұтас бір тұр­ғын аудандар бой түзеді. Ол аудан орталығының бас жоспа­рына сай тұрғызылған. Бір сөзбен айтқанда шағаладай. Оны ешкім бағаламай кете алмайды. Ауданда саябақтар мен стадиондар, спорт алаңдары жасақталды. Қысқасы, мұнда өмір сүріп, еңбек етуге бар­лық қолайлы жағдайлар туғы­зыл­ды. Шағын және орта бизнестің дамуына қажетті барлық алғы­шарт­тар жасалды. Республикада тек бірыңғай мал шаруашылығымен айналысатын аудандар бар. Алайда сол өңірдегі жер­гілікті тұрғындар мал өнім­де­рін өткізуге келгенде кедергілерге тап бола береді. Өйткені, оны ыңғайлы бағамен өткізетін орын жоқ. Мал союға арналған орын та­ғы да жоқ. Осы мәселенің өзек­ті­лігі соншалық өткен жылдың аяқ шенінде ол республика Үкіметінің кезекті мәжілісінде арнайы талқы­лан­ды. Енді осының алдындағы ойымызға оралсақ, Жаңақала ауда­ны­ның артықшылығы мұнда ауыл­дық ет тұтыну кооперативі құ­рыл­ған. Бұл нысан ұзақ жыл­дар­дан бері тұрақты жұмыс істеп ке­ле­ді. Соның арқасында жаңа­қа­ла­лықтар өздері­нен артылған ет өнім­дерін көршілес Атырау, Маң­ғыстау облыстары тұ­тынушы­лары­на да өткізіп әжептәуір пайда тау­ып отыр. Мұндағы қондырғылар мен жабдықтар әлемдік стандарт­тар деңгейіне жауап бере алады. Атап айтқанда, кооператив мен­шігіндегі фреонды тоңазытқыштар өндіріс қауіпсіздігі кепілі. Бір сөзбен айтқанда, оны пайдалану тиімді әрі қолайлы. Міне, осындай жетістіктер мен табыстарда аудан әкімі Төлеген Мерғалиевтің лайықты қолтаңбасы бар. Егемендікке ие болғаннан кейінгі кезеңдегі Жаңақала ауда­ны­ның даму жолдары туралы әң­гіме қозғаған кезде айналып өтуге болмайтын тағы бір мәселе бар. Оқырманға белгілі шығар, тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарында жаппай урбанизация, яғни ауыл халқының қалаға қарай жоспарсыз көшу үрдісі басталды. Мұндай нышан республиканың барлық өңірлерінде орын алды. Осы үрдіс Батыс Қазақстан облы­сы­ның аудандарын да айналып өте алмады. Әсіресе Қаратөбе, Сы­рым, Шыңғырлау аудандары тұрғындарының біраз бөлігі облыс орталығына, кеншілер қаласы Ақсай маңына қарай жөңкілді. Айтайын дегеніміз, бүкіл рес­публика жұртшылығы үшін үлкен сын болған осындай өтпелі шақта Жаңақала ауданы тұрғындары ішкі көші-кон шылауына түспеді. Яғни Нарын өңірінен өзге жаққа қоныс аударғандар некен-саяқ. Мүлдем жоқтың қасы. “Арқада жыл жақсы болса, арқар ауып несі бар” деген осы да. Керісінше, Жаңақала өңіріне өзге көршілес аудандардан көшіп келіп қоныстанушылар көбейді. Сондай-ақ 1999 және 2009 жылғы халық санағының нәти­желеріне үңілген адам Жаңақала ауданындағы тұрғындар саны осы­ның алдындағы кезеңмен салыс­тырғанда әжептәуір өсе түскенін көрер еді. Ол негізінен табиғи өсім, яғни сәбилердің дүниеге көптеп келуі есебінен. 2005 жылдың 12 тамызы күні рес­публиканың төрт ауданында әкім­дерді эксперимент ретінде сайлау өткізілгені белгілі. Олар Алматы облысының Ескелді, Батыс Қа­зақ­стан облысының Жаңақала, Сол­түс­тік Қазақстан облысының Ти­мирязев және Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті аудандары еді. Эксперименттің аты экспери­мент. Сол кезде жергілікті атқа­ру­шы органдар Орталық сайлау комиссия­сына сайлауға түсетін әкімнің аты-жөнін ұсынған кезде жеті рет өлшеп, бір рет кесіп де­ген­дей, сауысқаннан сақ мінез та­нытқаны анық. Өйткені, ұсынған адамдары баламалы түрде өткі­зі­летін сайлауда өтпей қалса ың­ғайсыз болар еді. Осындай алмағайып шақта таң­даудың өзгеге емес, нақ Төле­ген Тастайұлына түсуі тектен-тек емес-ті. Бұл жерде біріншіден оның аудан тұрғындары алдын­да­ғы абыройы мен беделі ескерілгені хақ. Қысқасы үш үміткер қатыс­қан аудан әкімі сайлауында Т.Мер­ғалиев тұп-тура жүз пайыз дауыс алғанын айта кеткеннің де артықшылығы жоқ. Міне, өзіне жүктелген жауап­кершілікті жақсы сезіне білетін, қандай жағдайда да ар-ұяттан аттап көрмеген, әрі ешкімге кек, дық сақтамайтын, алды қашанда кең кешірімді жетекші, халықтың алғысы мен үлкеннің батасын алған басшы Төлеген Мерғалиев бү­гінде пайғамбар жасына жетіп отыр. Біздің ойымызша оның осы қызметтегі тынымсыз да ақ-адал ең­бегі, жергілікті жерде ұзақ жыл­дар бойы Елбасы саясатын жүзеге асырудағы алымдылығы мен ша­лымдылығы оның өзге әріптес­те­ріне өнеге болар деген оймен осы мақаланы жазып отырмыз. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы.