25 Мамыр, 2017

Біліктілік – ауыл дамуының алғышарты

259 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мал шаруашылығы ата кәсібі­міз ғана емес, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете­тін маңызды салалардың бірі сана­ла­ды. Мал басының басым бөлігі, яғни 80 пайыздан астамы қосал­қы шаруашылықтарда шоғыр­ланған­дықтан, Елбасы тапсыр­масымен оларды кооперативтерге бірікті­ріп, оңтайландыру шаралары­ның қолға алына бастауы өте құптарлық.

Біліктілік – ауыл дамуының алғышарты

Мемлекет басшысы өз Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді болашағы зор салалардың бірі ретінде кезекті рет атап көрсете отырып, ауыл шаруашылығын Қазақстан экономикасының жаңа драйверіне айналдыру жөнінде нақты міндеттер қойды. Бүгінде еліміздің әлемдік азық-түлік нарығында өз орнын алуы және ең алдымен, эколо­гия­лық таза тағам өнімі арқылы бірін­ші орынды иеленуі еліміздің бас­ты мақсаты болып саналады. Алға қой­ған мақсаттарға  толығымен қол жет­кізу үшін Елбасы агроөнеркәсіп кеше­нін дамыту жөніндегі мемлекеттік бағ­дар­ламаны бекітті. Бағдарламаны жүзеге асырудағы негізгі тәсілдің бірі  – шағын және орта шаруашылықтарды ауылшаруашылық кооперациясына тарту болып табылады. Осы орайда, болуы мүмкін қателіктерге бой алдыр­мау үшін бірнеше алғышарттарды ескер­ген жөн. Олардың ішінде бірінші кезекте кадр мәселесіне айрықша назар аударғым келеді. Экономиканың қай саласын алсақ та, қаржыны тиімді игеретін де, ғылым жаңалықтарын енгізетін де – білікті мамандар. Бұл мәселе ауыл шаруашылығы үшін әлі де өзек­ті проблема болып есептеледі. Сала­ны реформалауда кейбір ұшқа­ры­лықтар жіберілуі салдарынан тәжі­ри­белі кадрлар басқа жақтарға ауысып, жоғары және арнаулы орта білімді мамандар 40 пайызға дейін азайып кетті. Аға буын ізбасарларын дайындау, орналастыру, тұрақтандыру күрт төмендеді. Осындай себептерден ауыр еңбекті, көп мехнатты талап ететін ауыл шаруашылығына, соның ішінде мал шаруашылығына қызығатын жастар қатары сиреді. Бұрындары ауыл шаруашылығы мамандықтарында ұлдар жағы басым болып келсе, қазір қыздардың үлесі 70-80 пайыз. Олардың көпшілігі елді мекендерге барып, жұмыс істегілері келмейді. Өйткені, жайлы баспанамен қамтамасыз етіл­меуі, жалақының төмендігі, еңбек ахуалы­ның нашарлығы, мұның бәрі тұр­мыс­тық ахуалға кері әсер ететін жағым­сыз факторлар екені даусыз. Сондық­тан, аграрлық секторды білікті маман­дармен қамтамасыз етуді жүзеге асы­ратын тиімді жүйені жалпы мемле­ке­ттік міндет ретінде айқындап алуымыз қажет. 
Ол үшін мектептен бастап балалар­ды белгілі бір мамандыққа бейімдеу саясаты қолға алынса, ал ғылыми зерттеу институттарында, ауыл шаруа­шы­лығы факультеттерінде, колледж­дерде кіші аграрлық академия, жас фермерлер мектебі бағдарламалары енгізілсе, құба-құп болар еді. 
Жасыратыны жоқ, ауыл еңбек­кер­лерінің инновацияға, ғылыми техни­калық жетістіктерге құштарлығын, белсен­ділігін арттыру жайы да назар­дан тыс қалып келеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында білім тарату­дың тиімді жүйесін қалыптас­тырудың маңыздылығы жете ескеріле бермейді. Білім беру тек жоғары оқу орындарымен шектеледі деген түсінік әлі басым. Сондықтан, сабақтастық дәстүрін қайта жаңғырту үшін жүйелі түрде үздіксіз білім беру, кадрларды қайта даярлау мен біліктілігін арттыру өте қажет. Жаңа заманға сай инновациялар жүзеге асырылып жатыр дегеннің өзінде ауылдарда дәстүрлі технологиялар сақталып қалғанын, бастауыш кәсіптік білімі бар мамандарға сұраныс көп екенін жете ескерген жөн. Кез келген елдің аграрлық экономикасының негізгі тұтқасы саналатын қарапайым шаруа адамының жұмыс дәрежесі мен мәр­тебесін көтеру де көкейкесті мәсе­лелердің бірі. Қазіргі кезде бұл бағыт­тағы іс-шараларды жандандыруға «Атамекен» ҰКП құрамындағы Агро­компетенция орталығы тартылып отыр. Ел тұрғындарының 18 пайызы ауыл шаруашылығы кәсібімен айналыса­тынын, 190 мыңнан аса шаруашылықтар барын ескерсек, «жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген нақыл еске еріксіз оралады. 
Меніңше, ауылдық жерлерде кон­суль­­тативтік-ақпараттық кеңес беру және білім тарату орталықтары көптеп құрылса, ұтарымыз көп болмақ. Аудандарда орналасқан ауылшаруа­шылық колледждер базасында білім тарату, фермерлерге консультативтік-ақпараттық қызмет көрсету орталық­тарын ашу орынды. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек қаласында шетелдік инвесторлар кеңесі арқылы Филип Морис компаниясы құрған агробизнес орталығы табысты жұмыс істеп келеді. Осы үлгіні кеңінен таратып, жақсы тәжірибелерін пайдалану керек. 

Әйіп ЫСҚАҚОВ,
биология ғылымдарының докторы, профессор