Аймақтар • 30 Мамыр, 2017

Отбасы – мемлекеттің тірегі

337 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шымкент қаласы Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында «Мерейлі отбасы-2017» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау іс-шарасы өтті.

Отбасы – мемлекеттің тірегі

Елбасымыз «Халқымыздың әлеу­меттік жағ­дайын дамытып, азамат­тардың бақуатты­лығын арттырумен бірге, мемлекеттің іргетасы – берік отбасы, үлгілі шаңырақтан баста­латы­­нын» қадап айтқан болатын. Мем­лекет басшысының бастамасы­мен биыл елімізде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы төртінші рет өткізіліп отыр.
«Мерейлі отбасы» ұлттық бай­қауы­ның мақсаты бір шаңырақ астын­да берекелі өмір сүрудің маңыз­дылығын арттыру, отбасылық өмір салты, ата-аналық парыз, жауап­кер­шілік секілді ұғымдарды ел санасына сіңіру, әсіресе, жастарға жеткізу, жарасымды отбасы құндылығын кеңінен насихаттау болып табылады.
«Мерейлі отбасы» ұлттық бай­қауы үш кезеңде өтті. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңіне аудан, қалалардан отыздан астам үміткер отбасылар қатысты. «Мерейлі отбасы-2017» ұлттық байқауы­ның облыстық кезеңінің жеңім­пазы атанған екі отбасы Шым­кент қаласынан Каналбай Сейілбекұлының және Ордабасы ауданы Омаш Шапаевтың отбасына Астана қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама және облыс әкімінің дипломы мен қаржылай сыйлық тапсырылды. Қалған жиырма сегіз отбасына бағалы сыйлықтар мен облыс әкімінің Алғыс хаты берілді.
Бас жүлде алған Сейілбекұлы Каналбай отбасы туралы айтар болсақ, еңбек ардагері, зейнеткер. Қазақ театрының дамуына сүбелі үлес қосып, әншілік, айтыс, жыршылық, суырпсалма ақындық өнерімен елге танылған мәдениеттанушы.
К.Сейілбекұлы 1964 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық фес­тивальде Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектаклінде Шегенің, 1967 жылы Самарқан қаласында өткен Бүкілодақтық халық театры байқауында Б.Майлиннің «Жал­быр» спектаклінде Қайрақбайдың образдарын үлкен шеберлікпен орындап, лауреат атанған. К.Сейілбекұлы Ақан серінің, Біржан салдың, Ғ.Құр­манғалиев әндерін, Базар жырау, Майлықожа бидің термелерін халық арасында насихаттап келеді. Мақтаарал ауданының құрметті азаматы 5 ұл және 4 қыздан 40 немере 18 шөбере тәрбиелеп келеді.
Отанды сүю, оның өркендеуіне жан-жүрегің­мен қызмет ету әр от­басының өзінен, ішкі мәде­ние­тінен басталады. Жайшылықта «Мен Отаным­ды сүйемін, керек болса жанымды беруге бармын» дегенді көп жұрт қызыл сөзге балайды. Оның себебі, ешкім жан сұрамайтындықтан осылай айтып үйренгендер де бар. Айту керек болды, айтты. Көзге түсу керек болды, түсті. Қай жағынан да ұпай түгел.
«Мерейлі отбасы» байқауында облыс әкімінің орынбасары Ұлас­бек Сәдібеков бір жайтты айтқан. Оншақты жыл бұрынғы кеп. Ұласбек Сәдібеков ол кезде облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы. Шардара ауданында идеология тақырыбында келелі жиын жүріп жатыр. Сөзге алдын ала жазылып қойғандар бірінен соң бірі тау суындай ағытылады. «Мен Отанымды сүйемін. Барлық қиындығына дайынмын». Жиын ортасында бір кейуана сөз сұрапты. Бәрі аң-таң. Кемпірдің жалынды патриоттық сөздер айтпайтыны анық. Сонда не айтпақ?!
Айтыпты. 75-тегі кейуана. «Сендердің сөз­деріңді бағанадан бері тыңдап отырып, ай­тарлықтай үлкен қызметіміз жоқ біз Отанымызға не береміз деген ойда болып, жауабын таптым. Біріншіден, әйел-ана өз отбасының ұйытқысы болып, өмірге ұрпақ әкелуі керек екен. Екіншіден, отбасы, ошақ-қасыңды аулаңды таза ұстап өзгелерге өнеге болу керек. Үшіншіден, құдай қосқан көршіңмен тату-тәтті болып, елдің тыныштығына, бірлігіне қызмет ету керек. Бұл жұ­мыстар біздің қолымыздан келеді».
Айтқан сөзінің тоқетері осы. Жаны бар сөз. Көбік сөзді көпірт­кеннен осы үш отбасылық қыз­мет­тің ұшығына жете алсаң Отаныңның тұтат­қан отының түтіні түзу шы­ғарына сене бер. Осы пі­кірдің жал­ғасын жүзден жүйрік, мыңнан тұл­парды марапаттаған жиыннан соң Астанадағы бай­қауға жолдама ал­ған шаңырақтың иесі Канал­бай Сейіл­бекұлына жұбайы Тұр­ған Сейіл­бекова апайдан естідік.
– Елбасымыз Қазақстан бүгінгі­сінен де қуат­ты, бүгінгісінен де мықты мемлекет болса деп ар­ман­дап, мемлекеттік бағдарламалар жасап жатыр. Әлемдегі озық 30 елдің қатарына кіру үш­ін экономикалық өсімнің өскені маңызды бол­ғанымен Отанымыз адам ресурсымен, өске­лең ұрпақпен мың жасауы керек деп ойлаймын. Еркек үйдің егесі болғанда, әйел – шегесі. Өкінішке қарай, үйлене салып ажырасатындар көбейіп барады. Бұл – үлкен індет. Отбасын құрдың ба, ең ал­дымен сәбилеріңнің бақытын ойла, тесік өкпе етпе. Ол үшін ұлттық құндылықтары, салт-дәс­түр­лермізді, мәдениетімізді сақтауымыз керек. Ата-баба мұрасына адалдық танытқан жағдайда қазақ отбасылары бақытқа жетеді. Әйел анаға ең алдымен шаңырақтың тыныштығын ойлау керек, – деді ол.
Есті сөз. Бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербеткен аналар тәрбиесі – ұлттың келешегі. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының түйіні осындай ұлттық құндылықтарға арқа тірейді.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы