Кеше Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми өзінің шақыруы бойынша елімізге ресми сапармен келген Қытай Халық Республикасы Халық өкілдері бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты комитетінің (ХӨБЖ ТК) Төрағасы У Бангомен кездесті.
ХӨБЖ ТК – тұрақты жұмыс істейтін орган. Қытай Халық Республикасы Конституциясының 58-бабында ол заңнамалық билікті атқаратын ресми орган деп анықталған. ТК елдегі көптеген заң актілерін қабылдайды, тек ХӨБЖ-нің жеке өз құзыретіне ғана тиісті деген анықтама алған заң актілері Бүкілқытайлық жиналыста қабылданады. Бір сөзбен айтқанда, ТК – ҚХР Парламенті деп тануға болатын орган. Оның қызметі КСРО кезіндегі Жоғарғы Кеңесінің төралқасына ұқсайды.
ХӨБЖ ТК өкілеттігі бес жыл мерзімге белгіленген. Ол екі айда бір рет өз отырысын өткізіп, заңнамалар қабылдайды. Ал отырыстар арасындағы ағымдық жұмыстарды Төраға мен оның орынбасарлары атқарады. Төраға орынбасарларының саны 20 адамға жуық, сонымен қатар, жауапты хатшысы да болады. Бұлар Төраға кеңесі деп аталады. Төраға мен оның орынбасарлары екі мерзімнен артық уақытқа сайланбайды. Ал ТК-ның өзі 130 адамнан тұрады. Әдетте Төрағаның міндетін Қытай Коммунистік партиясының жоғары басшылығының беделді мүшесі, көрнекті мемлекет қайраткері атқарады. 1998-2003 жылдары бұл қызметті Ли Пэн атқарып келді. Ал 2003 жылдан бері оны У Банго атқарады.
Кездесу аяқталған соң тараптар журналистерге мәлімдеме жасады. Қытай Халық Республикасы ХӨБЖ ТК Төрағасы Қазақстанға тұңғыш рет ресми сапармен келіп отыр, деді Қ.Мәми. Оның сапарының бағдарламасы өте тығыз әрі мазмұнды. Біз Сенатта екіжақты кездесу өткіздік. Бұған дейін У.Банго Алматыда жергілікті билік өкілдерімен кездесті. Сонымен бірге, кеше Қазақстан Парламенті Мәжілісінде келіссөз жүргізді. Бүгін түстен кейін У Банго бастаған Қытай делегациясы екі ел іскер топтарының қатысуымен болатын бизнес-форумның жұмысына қатысады. Ал ертең Қытай делегациясының басшылығы Елбасы Н.Назарбаевтың қабылдауында болады.
Одан әрі Қайрат Мәми Сенатта болған келіссөздердің нәтижесіне тоқталды. Біз екі ел заң шығарушы органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында делегациялар алмасу туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Мұндай кездесулер заң шығару қызметінде өзара тәжірибе алмасуға, екіжақты қатынастарда қол жеткізілген құжаттарды уақытында ратификациялауға мүмкіндік береді. Осылай дей келіп, екі елдің тату көршілік тарихына, әріптестік әлеуеттеріне тоқталып өтті. Біздің елдеріміздің арасындағы достық және өзара тиімді экономикалық байланыстар қазір стратегиялық деңгейге дейін көтерілді. Қытай қазір Қазақстанның экономикадағы басты серіктестерінің біріне айналды. Өткен жылы екіжақты сауда айналымы 20 млрд. АҚШ долларынан асса, 2015 жылға қарай оны 40 млрд. долларға жеткізу көзделуде және оған қол жеткізуге барлық мүмкіншіліктер бар, деді Сенат Төрағасы.
Екі елдің ынтымақтастығындағы жоғары нәтиже Мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Ху Цзиньтаоның өзара тығыз қарым-қатынас орнатқандығының арқасында мүмкін болып отыр. Соның ішінде Қазақстан Президентінің ақпан айындағы Қытайға және ҚХР Төрағасының биылғы маусым айындағы Қазақстанға сапар алмасулары стратегиялық әріптестіктің келешегі зор бағыттарын белгілеп берді, деді Қ.Мәми. Кездесу барысында біз екі мемлекеттің халықаралық және аймақтық ұйымдардағы өзара ынтымақтастықтарына тоқталып, олардың нәтижелеріне де қанағат білдірдік. Сонымен қатар, Қазақстанның дінаралық үнқатысу мен өзара төзімділікті сақтаудағы тәжірибесінің маңыздылығы аталып өтті. Біз Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездеріне үзбей қатысып келе жатқан Қытай жағына ризашылығымызды білдіреміз. Біздің елдеріміздің арасындағы барлық саладағы ынтымақтастықтар, соның ішінде, парламентаралық байланыстар екіжақты тиімді негізде дами түсетініне сенім білдіремін.
Өз кезегінде У Банго Дін лидерлері съездерін БҰҰ аясында өткізу туралы Қазақстан басшысының бастамасына қолдау білдірді. Сонымен бірге, жылы шырайлы кездесулерге байланысты алғыс айтып, «Қазақстанға көптен күткен алғашқы сапарында» көргендері шынайы таңданыс туғызатынын және «ол халықтың Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың дана басшылығымен қол жеткізген тарихи ерлігінің дәлелі» екенін айтты. Қазақстан алдағы уақытта Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтеді, деді У Банго. Сіздердің елдеріңіз өзінің даму жолын тапты, оны қазіргі кезде «Қазақстан жолы» деп атайды. Бүгінде Қазақстан өмірдің барлық саласында жоғары табыстарға қол жеткізді, сіздердің елдеріңіздің халықаралық аренада маңызды және ауқымды орны бар.
Дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған 20 жылда, деді мейман сөзін жалғап, екі ел арасында қарқынды және байыпты қатынастар орнады, біздің елдеріміз лидерлерінің арасындағы жиі байланыстар мен пікірлесулер жалғасып келеді. Өзара саяси сенімнің жоғары деңгейі стратегиялық ынтымақтастықтың жаңа, сапалы сатысына көтерілуге мүмкіндік береді.
У Банго парламентаралық байланыстарды мемлекетаралық қатынастардың маңызды құрамдасы деп бағалады. Және екі елдің парламенттері арасында парламентаралық үнқатысуды жаңа тарихи межеге биіктете алатын жақсы іргетас салынғанын атап көрсетті. Бұл біздің халықтарымыз арасындағы көп ғасырлық достық идеясын әлемдік аренада ілгерілетуге, оның түпкі мүдделеріне қатысты барлық мәселелерді толық түсінуге және қолдауға мүмкіндік береді. Бүкіл Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен құттықтаймын және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан алдағы уақытта бұдан да жарқын және жоғары табыстарға қол жеткізеді деп сенемін.
Жақсыбай САМРАТ.