Қазақстан • 31 Мамыр, 2017

Киномеханик туралы фильм

322 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Келін», «Шал», «Кенже» атты танымал трилогиясын түсірген режиссер Ермек Тұрсынов «Киномеханик» (әзірге жұмыс атауы) атты жаңа туындының дай­ындығына кірісті. Ш.Айманов атын­да­ғы «Қазақфильм» киностудиясында ке­зекті жобаның қорғалымы өтіп, режис­сер жүзеге асырмақ идеясының маз­мұнымен таныстырды.

Киномеханик туралы фильм

– Фильмнің идеясы марқұм Меңтай Өтеп­бер­­геновтікі. Бір күні киностудияда кез­дес­ке­ні­мізде, киномеханиктер туралы ойын айтты. Кейіннен оның ойын тарқатып, сценарий жазып шықтым. Сценарийді көрген сәттен бастап, ауырып жүргеніне қарамастан, басты рөлді сомдауға дайындалып, қуанып жүрді. Амал не­шік, фильмнің түсірілімге шыққанын көре алмай кетті. Алайда, оның есімі титрға жазылады, – деді режиссер Ермек Тұрсынов. 

Фильм екінші дүниежүзілік соғыс кезінде неміс қариясынан сыйға киноаппарат алған солдат туралы. Соғыстан оралған жауынгер үй­і­нің қаңырап бос тұрғанын көреді, жақын­да­ры қай­т­ыс болған. Ол Германияда қарт немістен сый­ға алған кинопроектормен кино қояды. Қай­ғы­сынан тез айығуына осы фильмдер ықпал ете­ді. Өмірді қайта бастауға қуат алады. Сөйтіп, қар­тайған шағына дейін ел аралап, киноаппаратпен ескі фильмдерді көрсетіп, кинематографтың көмегімен әлемді өзгертуге болады деп сенеді. 

«Киномеханик» кинокартинасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілгелі отыр. Картинаның продюсері Қанат Төребай екінші дүниежүзілік соғыс суреттелетін эпи­зодтар өткен жылдың желтоқсан айында Будапеште түсірілгенін айтып, түсірілген 8 ми­нуттық бейнематериалды cараптау кеңесінің мү­шелеріне көрсетті. 

– Соғыстан кейінгі жылдарды сахналауға қа­жетті нысандарды табу үшін Қазақстанның бар­лық аймағын шарлап шықтық. Аралай келе, фильмді Жаркент қаласы маңында түсіруді жөн деп шештік. Біздің картинамыз ХХ ғасырда кино өнерін таратушыларға бағышталады, – деп түйіндеді продюсер.

Ермек Тұрсыновтың бұл фильмінде басты рөлдерді Мұрат Мақажанов және картинаның қою­шы суретшісі Қуат Тілеубай сомдайды. Продюсер Қанат Төребайдың айтуынша, фи­льм­де отандық және шетелдік танымал актер­лер бой көрсетеді. 31 мамыр күні түсірілім то­­бы Алматы облысына аттанады. Соңғы тү­сі­рі­­лімдер Алматыдағы «Қазақфильм» ки­но­сту­дия­сының аумағында және Талғар қа­ла­сының Мәдениет сарайында өтеді. 

Айгүл Аханбайқызы,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ