Аймақтар • 31 Мамыр, 2017

Ақтөбеде жолақы бағасы қымбаттамайды

283 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде еліміздің үлкенді-кішілі қалаларындағы қоғамдық көлік құнының бағасы әртүрлі. Мысалы, ірі мегополистік қалалар Алматы мен Қарағандыда, Астанада және Қостанай мен Атырауда мұның мөлшері 80-90 теңге болса, Қызылорда мен Павлодарда 70 тенге. Салыстырмалы түрде алғанда ең төмен жолақы құны шағын қала Ақтауда болып шықты. Мұнда оның мөлшері 50 тенгеден аспайды.

Ақтөбеде жолақы бағасы қымбаттамайды

Осы орайда жарты миллионнан астам тұрғыны бар Ақтөбе қаласындағы бұл баға 55 тенге деп белгіленген. Әйтсе де қаладағы «Автопарк» және «Ақтөбе қалалық жолаушылар тасымалы кәсіпорны» ЖШС тарифті 90 тенгеге дейін көтеруді ұсынып отыр. Олар жолақы құнын көтеру қажеттігін автопаркті жөндеу мен жаңғыртуға қажетті қаражаттың тапшлығымен байланыстырады. Соған байланысты қалалық көлік тарифін 90 теңгеге дейін көтеруді ұсынды. Бұл жайт жүргіншілер мен қала тұрғындары арасында әр түрлі ой-пікірлер туғызда. Ашығын айтқанда ел-жұрттың көпшілігі тарифтің өсуіне наразылық білдірді.

Әрісін айт та, берісін айт дегендей аталған мәселедегі алып қашпа сөздердің аяғы облыс әкімдігінде арнайы жиынның өткізілуіне әкеліп тіреді. Ендігі кезекте басқосуда түйінделген тұжырымдарға тоқталсақ, тасымалдаушылардың уәждері мен ұсыныстары біржақты мәлімделгенін көреміз. Осы жиында айтылғандай жолақы бағасын көтеруді алға тартқан тасымалдаушы құрылымдар жергілікті мемлекеттік мекемелер мен қоғам алдындағы келісімшарттық талаптарды толықтай орындамаған. Сондай-ақ, өздерінің тікелей функционалдық міндеттерін атқаруға да салғырт-салақ қараған. Атап айқанда, қоғамдық көліктердің жүру уақытының ара қашықтығы сақтала бермейді. Қозғалыс кестелері аялдамалардың бірінде болса, екіншісінде жоқ болып шығады. Сондай-ақ қалалық автобустар салонындағы санитарлық-техникалық жағдайлар да көңіл көншітпейді.

Бұған дейінгі жүргізілген талдаудар мен зерттеулер қорытындысы тасымалдаушылар кіріс пен пайда түсіретін қызметтерді ойдағыдай атқармағанын көрсетеді. Әрі тиімділік әкеле алатын тетіктер мен шығындар азайтылмаған. Түскен пайданы бақылау мен қадағалау ісі қожырап кеткен. Сондықтан да қазір Ақтөбе қаласында жолаушылар көлігінің жай-күйін жақсарту жөнінде бірқатар тың іс шаралар шоғыры белгіленіп отыр. Бұл бағытта өркениетті деңгейдегі жолаушылар көлігін бақылау жүйесін енгізуге басымдық берілген. Кірісті көбірек түсіретін бағыттарды іріктеу жолдары қарастырылған. Түйіп айтқанда бүгінгі күні ақтөбелік тасымалдаушылардың келісімшарттық міндеттерді орындауға баса назар аудара бастағанын айту ләзім.

Ал тарифтер мәселесіне келсек, қалалық жолақы құны бағасы өзгермей, сол күйінде қалатын болды. Оның мөлшері бұрынғыша 55 тенге көлемінде болмақ.

Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»