Аймақтар • 01 Маусым, 2017

Қызылордадағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш жаңартылды

369 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қызылордадағы ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш қайта жаңғыртудан өтті. Қаладағы тарихи орындардың бірі саналатын мемориалды жаңартуға облыстық бюджеттен 142 миллион 470 мың теңге бөлінді. Жоба бойынша шағын аллея мен арнайы тағзым ететін орындар салынды. Жарық шамдары орнатылып, кеспе тастар төселді.

Қызылордадағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш жаңартылды

Кеше осы жаңарған мемориалдық ескерткіш жанында «Азалы тарихқа тағзым» атты митинг өтті. Оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және аймақтың зиялы қауым өкілдері қатысты.

Митингіде сөз сөйлеген Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова 3 миллионнан астам адамның саяси қуғын-сүргін және ашаршылықтың құрбаны болғанын айтып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жол біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді. Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады. Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірлері экологиялық апат аймақтарына айналды», − деген сөздерді атап көрсетіп, өткен жүз жылдықтағы ұлттың басынан өткен тағдырлы сәттерді тізбектеп шықты.  
Мемлекеттік хатшыдан соң сөз алған аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев: «ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық – мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көзінің жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттері. Бас қосып, жиын өткізіп тұрған осы төбе – сол кездегі қанды қырғынның куәсі. Осы жерде қаншама ұлт зия­лыларының мүрдесі жерленді. Енде­ше, бұл жер – барлығымыз үшін тағ­зым етіп, бас иетін киелі орын. Сон­дықтан қайта жаңғыртудан өткізіп, бүгін пайдалануға беріп отырған ескерткіш маңында шағын аллея мен арнайы тағзым ету орындары қарастырылды», – деп нақтылап өтті.
Митингіден соң мәртебелі меймандар Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қызылорда облысы әкімдігі бірігіп ұйымдастырған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты халықаралық форумға қатысты.  
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқа­лы­қова шараның маңызына тоқталып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
–  Қазақ халқының басындағы қуғын-сүргін, ашаршылық, яғни ел басындағы нәубет Сыр жұртшылығын да айналып өткен жоқ. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, тоталитарлық жүйе тудырған ауыр кезеңде облыс бойынша 4038 отбасы қуғынға ұшырап, 1153 адам атылған. Тарихшылардың айтуынша, саяси қуғын-сүргін бел алған зұлмат заманда біздің халқымыздың төрттен бірі бас сауғалап шетелдерге көшкен. Елде қалған ардақтыларымыз атылды, айдалды, түрмелерге қамалды, ар-намыстары тапталды. Бұл өткен ғасырдың 20-30 − жылдары кеңестік кезеңнің алғашқы ширегінде орнаған әкімшіл-әміршіл жүйе тудырған ақылға сыймайтын, бір жағынан саяси әлімжеттіктің, екінші жағынан, қорғансыздықтың көрінісі болатын. Сол заманның оқиғаларын есте сақтау бүгінгі ұрпақ үшін қасиетті парыз, – деді Гүлшара Әбдіхалықова. 
Онан соң ҚХА Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай сөз алып, атаулы күннің маңызы жөнінде айтып өтті. «Қазақ елінің сан ғасырлық тарихында  қабырғаң қайыспай еске алу мүмкін емес ақтаңдақ тұстар жетіп артылады. Соның ішінде жиырмасыншы жылдардағы саяси қуғын-сүргін жүрекке ауыр салмақ салады. Саяси қуғын-сүргін соңы 1932-33 жылдардағы алапат аштыққа алып келді. Бір деректерде 2,7 миллион, келесі бір деректе 3,5 миллион адамнан айырылыппыз. Бұл сол кездегі қазақ халқының тең жартысы. Егер 1917-1926 жылдардағы азамат соғысынан болған қырғынды, аштықты қоссақ жоғарыдағы көрсеткіш бұдан да арта түсер еді. Сондықтан біз мынаны ұсынамыз. Бірінші, саяси қуғын-сүргін, жаппай репрессия деген ұғымды айтқанда оның хронологиялық ауқымын сонау 1916 жылдан бастап 1939 жылдардың аралығы деп көрсеткен орынды. Екінші, репрессиядан қырылған қазақтардың саны мен сапасын анықтағанда бүгінгі Қазақстан көлемінде қалмай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Иран, Ауғанстан, Моңғолия, Қытай тағы басқа елдерде жазықсыз қырылған қандастарымызды да енгізгеніміз жөн. Үшінші, қырғын кезіндегі бауырластық пен этносаралық достықты да ұмытпағанымыз дұрыс. Мысалы, 1916 жылы қырғыз халқының жүздеген мың өкілдері Шығыс Түркістан, Қытай асқанда алаш зиялылары көмек қолын созған, – деп түйіндеді Дархан Қамзабекұлы.
Конференцияның пленарлық мәжілісінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев зұлматты жылдардың ел тарихындағы өшпес рөлі жайында айтып, егемен еліміздің бүгінгі дамуына тоқталды.
– Бүгін – халқымыздың тари­хын­дағы ең қасіретті күн. Осы зұлматты кезең туралы Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Күллі ХХ ғасыр революциялық сілкіністерге толы болды. Бұл осы аумақтағы барша ұлттарға мейлінше әсер етіп, бүкіл болмысын өзгертті. Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды», – деп ерекше атап өтті. Аштықтан негізінен жас балалар мен әйелдер қырылғандықтан қазақтардың өсуі қатты тежелді. 1925 жылы қыркүйекте Қазақстанға басшылық қызметке Голощекиннің жіберілуі жағдайды ауырлата түсті. Оның жүргізген саясаты шын мәнінде ұлт зиялыларын жаппай қуғындауға ұласты, – деді Қырымбек Елеуұлы. 
Конференция барысында Ханкук университеті Орталық Азия институтының профессоры Сангчел Ким, Түрік технология және бизнес университетінің профессоры Тогрул Исмаил, Президент мұра­ға­тының директоры, техника ғылымдарының докторы Борис Жапаров, М.Қозыбаев атын­дағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік универ­ситеті Қазақстан халқы Ассамблеясы кафед­расының меңгерушісі Людмила Гривенная, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған мен Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Наурызбай Байқадамовтың баяндамалар жасады. 

Ержан Байтілес,
«Егемен Қазақстан»

Қызылорда