Ұлтарақтай жерде орналасса да ұлы державалардың өзіне таңдай қақтырған бұл ел ішкі жалпы өнім бойынша да алдыңғы лектен орын алады. Үшінші әлем елдерінің қатарынан шығып қана қоймай, талайға үлгі болатын деңгейге жеткен Сингапурды «ХХ ғасырдың экономикалық феномені» деп те тегін атамайды. Сондықтан оның тәжірибесінен кімде болса үлгі алғысы келетіні анық. Осынау «экономикалық ғажайыптың» авторы – мемлекеттің негізін қалаушы тұлға, елдің бірінші премьер-министрі Ли Куан Ю.
Ли Куан Ю мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арасындағы достық қарым-қатынас екі елді жақындастырып қана қоймай, ортақ мақсатқа ұйыстыра түсті. Сингапурдың негізін салушы тұлға өмірінің соңына дейін Елбасымыздың саяси және экономикалық реформаларын әрдайым жоғары бағалап келді. Тіпті 1991 жылдың өзінде Ли Куан Ю Қазақстанның болашағы жарқын боларын болжап: «Егер ел тізгінін Нұрсұлтан Назарбаев ұстаса, Қазақстанның биік шыңдарды бағындыратынына кәміл сенемін», – деген болатын.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Сингапурге билеуші Халықтық іс-әрекет партиясымен тығыз байланыс орнату үшін Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен барғанын атап өткен жөн. Өйткені, дәл осы партияның басшылығымен сингапурлықтар ғаламат жетістіктерге қол жеткізді. Сондықтан оның тәжірибесі Қазақстан үшін де аса маңызды.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары аталған партияның Бас хатшысы, Ли Куан Юдің ұлы, 2004 жылдан бері елдің Премьер-министрі қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Ли Сянь Лунмен кездесіп, Қазақстан Президентінің жаңа саяси және экономикалық бастамалары, еліміздің бүгінгі жетістіктері, сондай-ақ, Үшінші жаңғырудың басым бағыттары жайында айтып берді. Мұхтар Құл-Мұхаммед Премьер-министрге Нұрсұлтан Назарбаевтың Ли Куан Ю туралы ыстық ықыласқа толы пікірі жарияланған «Қазақстан жолы» атты кітабының ағылшын тіліндегі нұсқасын және ұлы тұлғаның тәуелсіздіктің алдында яғни 1991 жылдық қыркүйегінде елімізге жасаған алғашқы сапары кезінде Елбасымен бірге түскен тарихи суретін тарту етті. Сондай-ақ, Мұхтар Абрарұлы Ли Сянь Лун мырзаға Қазақстан Президентінің сәлемін жолдап, шақыруын жеткізді.
Сингапур премьер-министрі Астанаға арнайы шақыруы үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше ілтипатпен алғысын білдірді. Одан бөлек, Елбасымен 2016 жылы Қытайда өткен G-20 саммиті кезінде үлкен сенім мен құрметке негізделген өте ықыласты кездесуі болғандығын есіне алды. Сондай-ақ, Ли Сянь Лун мырза «Үлкен жиырмалықтың» алдағы Гамбургте өтетін кезекті саммитінде тағы осындай жүздесу өткізуге мүдделі екенін білдірді.
«Қазіргі таңда біздің елдеріміздің тауар айналымы көңіл көңшітпейді. Егер қолымызда бар мүмкіндіктің бәрін ұтымды пайдалана білсек, бұл көрсеткіштің жақсаратынына сенімдімін. Қазақстанға 2016 жылдың сәуірінде арнайы сапармен барған Сингапур бизнес қауымдастығының өкілдері үлкен қанағат сезіммен оралды. Бұл біздің ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуымызға басты себеп болды. Мен екі елдің жан-жақты ынтымақтастық орнатуға деген талпынысын, соның ішінде партияаралық байланысты нығайтуға бағытталған бастамаларын толық қолдаймын. Сондықтан партиямыздың келер буыны да елдегі тұрақтылықты сақтау мен өсіп-өркендеудің басты қағидасын қатаң ұстанып, біздің ісімізді одан әрі жалғастыруы тиіс», – деді Премьер министр.
Сонымен қатар, Мұхтар Құл-Мұхаммед Сингапур құрылғалы бері елді жеке дара билеп келе жатқан саяси күш Халықтық іс-әрекет партиясының төрағасы Кхо Бун Ванмен кездесіп, партияаралық әріптестік жайында сөз қозғады. Одан бөлек, тараптар ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылап, оны жандандыру жолдарын қарастырды.
«Нұр Отан» партиясы Сингапурдың Халықтық іс-әрекет партиясы сияқты бірлік пен берекенің және мемлекеттің өсіп-өркендеуінің кепілі. Биыл Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен Үшінші жаңғыру үдерісі басталды. Сондықтан Сингапур экономикасындағы таңғажайып табыстарға саяси тірек болған партия тәжірибесінің бізге берері мол», – деді Мұхтар Абрарұлы.
Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне Сингапур де белсене қатысуға ниетті. Қазақстанға бұл елдің делегациясын Парламент спикері Халима Якуб бастап келеді. Көрмеде Сингапур «Шағын қала – үлкен идеялар» деген ұранмен өз өнімдерін паш етпек. Соған орай «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Х.Якубпен арнайы кездесті. Онда қос тарап Қазақстан мен Сингапур қарым-қатынасындағы өзекті мәселелерді талқылады. Мұхтар Құл-Мұхаммед Парламент спикеріне ұлтаралық және конфессияаралық келісімге, төзімділікке, Қазақстан халқының бірлігіне негізделген Елбасы саясатының маңызы жайында мағлұмат берді.
Елбасымыздың игі бастамаларының бірі «Болашақ» стипендиясы бастауында аталған елдің сәтті жүзеге асырылған бағдарламасы тұр. Соның арқасында бүгінде қазақстандық жастар әлемнің әр түкпіріндегі жетекші жоғары оқу орындарында білім алуда. Сингапурде де 108 жас отандасымыз ғылым-білім жолында тер төгіп жүр. Олардың бір тобы Сингапур ұлттық университеті жанындағы Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебінде оқиды.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары осы оқу орнына арнайы барып, мектеп ректоры, профессор Кишоре Махбубанимен кездесті. Кездесу барысында К.Махбубани мырзаға Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль салтанатты жағдайда табыс етілді.
Өзіне жасалған құрмет пен ілтипат үшін зор алғысын білдірген К.Махбубани Қазақстанның қарқынды дамуы мен жаңғыру үдерісін ұтымды жүргізуі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың игі бастамаларының жемісі екеніне тоқталды.
Сингапурдың IT технология мен инновациялық жобалар бойынша да әлемдік көштің басында тұрғаны белгілі. Соған орай осы елге сапары барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Наньян технологиялық университетінің роботтар жасайтын ғылыми-зерттеу орталығында болды. Онда жергілікті ғалымдар адам сұлбасының негізінде жасалған роботтардың қарым-қабілетімен таныстырды.
Сапар соңында партияаралық ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталған Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Сингапур мемлекетінің негізін салушы Ли Куан Ю бірнеше рет Қазақстанда болып, біздің Елбасымыз туралы өте жоғары пікірде болды. Мұндай үрдіс саясаткерлердің бүгінгі буынынан да байқалады. Бұл елдің табысын Батыстың ең дамыған елдері әлдеқашан мойындап, бүгінде Сингапурден үйренуде. Елдегі саяси тұрақтылық пен экономикалық реформаның табысты жүргізілуіне Халықтық іс-әрекет партиясының қосқан үлесі зор. Біз Батысқа қарап бас шұлғи бермей осындай азиялық, шығыстық дәстүрдегі партиялардан да үйренуіміз керек. Сол үшін «Нұр Отан» сингапурлық әріптестерімен жан-жақты қарым-қатынас орнатуды бастап кетті», – деді.
Айтулы шара нәтижесінде келешекте партиялық деңгейге көтерілген Қазақстан мен Сингапур арасындағы ынтымақтастықты нығайту жұмыстары одан әрі жанадан түсетіні белгілі болды.
Еламан Мақсотұлы,
журналист