4 маусым ел тарихында жаңа мемлекеттік рәміздер күні ретінде өңірде жыл сайын асқақ патриоттық сезіммен атап өтіледі. Мерейлі мерекеге арналған игілікті шараның бірі Инвестициялар және даму министрлігі техникалық реттеу және метрология комитеті облыстық департаментінде «Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздеріне –25 жыл» тақырыбы бойынша ұйымдастырылды.
Онда айбынымызды асырып, рухымызды қанаттандыратын осынау қасиетті құндылықтарымыздың шығу тарихымен қатар, мән-мағынасын өскелең ұрпаққа ұқтырудың, көздің қарашығындай қастерлеудің өзекті мәселелері де қозғалды.
Семинар-кеңесті кіріспе сөзбен ашқан аталған ведомство басшысы Василий Чепухиннің әңгімені әртүрлі сала өкілдерінен құралған республикалық беделді комиссияның жұмыс бабымен өңірде болып, мемлекеттік рәміздердің қолданылуына, орналастырылуына, насихатталуына байланысты бірқатар ескертпелер айтуынан бастауы себепсіз емес. Өйткені, Елтаңба, Ту, Әнұран секілді басты символдық нышандарды елдік, тәуелсіздік ұғымдарынан бөле-жара қарау мүмкін емес. Бұлар мемлекеттің мызғымас негіздері саналады, асқақ естіледі. Олай болса, Ата Заң талаптарына сәйкес айрықша құрметтеу әрбір қазақстандық үшін асыл парыз, қасиетті борыш, азаматтық міндет болмақ.
Өкініштісі сол, Василий Иванович келтірген кей деректерге қарағанда, атқарылып жатқан шараларға қарамастан, бәзбір басшылар тарапынан атрибуттарға деген салғырттық, немкеттілік көзқарас сезілмей қоймайды. Мәселен, бір мыңға жуық мөр тексеріліп, олардың алтауы ғана стандартқа сай болып шыққан.
Сол сияқты Елтаңбаға қатысты жаңа стандарттар осыдан бір жыл бұрын қабылданғанына қарамастан, осы жылдың 1 шілдесіне дейін кезең-кезеңмен ауыстыру талабының орындалмау қаупі бар. Өйткені, Елтаңба дайындаумен шұғылданатын лицензиялы кәсіпорындардың облыста жоқтығын ескерсек, жағдай шынында да алаңдатарлық. Департаменттің бас маманы Вадим Маршаков осы жөнінде өте орынды мәселе көтерді. Ол бұған дейін мемлекеттік рәміздердің сапасыз жасалуы, талапқа сай орнатылмауы сияқты келеңсіз фактілер орын алып келсе, енді мұндай олқылықтарға нақты тосқауыл қойылады деген үмітін жасырмады. Өйткені, тапсырыстардың орындалу мерзімін кешіктірген заңды тұлғаларға салынатын айыппұл мөлшері өте үлкен. Оны кез келгеннің қалтасы көтере бермеуі ықтимал. Екіншіден, деді, Вадим Александрович, тапсырыс қабылдаушылар үш жылға дейін сапаға кепілдік береді. Бұл талаптар олардың жауапкершілігіне қоса істің сапалы әрі уақтылы атқарылуын қамтамасыз етері сөзсіз. Әйтпесе, әкімшілік жазалар қолданылады. Ол сонымен қатар, мемлекеттік рәміздерді орналастыруда стандарттық талаптардың бұзылатынын сынға алды. Бұл бағытта да алда қыруар шаруалар күтіп тұр.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ткаченко өз сөзінде өңірде жұмыс істейтін 517 мектепте арнайы стендтер мен бұрыштар орналасқанын, оқушылар арасында конкурс-байқаулардың ұйымдастырылатынын тілге тиек етті. Өкініштісі сол, жұртшылыққа белгілі жайттарды қайталаудан әріге бара алмады. Одан өрелі ойлар, салиқалы ұсыныстар күткен үмітіміз ақталмады. Балғындарды отаншылдыққа, адамгершілікке тәрбиелеудің қалыптасқан тәжірибелері, алдағы міндеттермен қоса өзекті проблемалар жайлы айтылмады. Сөз саптауын байқағаннан кейін мемлекеттік рәміздер авторларының өмірбаяны оқытыла ма, Әнұранның сөзін ұстаздардың өздері жатқа айта ма деген сауалдарымызды іркіп қалдық. Сол сияқты ішкі саясат басқармасының бөлім жетекшісі Алмас Файзуллин де көпшілікке белгілі мемлекеттік рәміздерді қолдану, орналастыру, ауыстыру сияқты жалпылама жайттарды қайталап шығумен шектеліп, заңдық тұрғыдағы түсінікке басымдық берді. Өзекті мәселенің практикалық жағы қоса қамтылмады.
Елбасы «Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын бейнелейді» деп атап көрсеткен болатын. Олай болса, қазақстандықтардың еркіндікке ұмтылған зор қажыр-қайратын, асқақ арман-мұратын бейнелейтін мемлекеттік рәміздеріміздің қолданылуы, насихатталуы, осы арқылы бүгінгі буынды отансүйгіштік, адамгершілік қасиеттерге баулу өте өзекті мәселе екенін бір сәт те естен шығармайық!
Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы