Баурап алғаны ойдың тереңдігі, пайымның кемелдігі: мұнда ұлт пен ұрпақ тағдырын, елдің бірлігі мен халықтың тұтастығын, білімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін, ұлттың рухы мен рухани жаңғыруын, прагматиктігі мен күрескерлігін, ешкімге ұқсамайтын ұлттық ерекшелігін, ұшқырлық ұстанып уақыттан ұтылмауын, қоғамдық сананың сілкінуін, еліміздің мәңгілігін ұлықтауын толғаған талдауы мен тағылымы мол тұжырымдарында атқарылар істердің айдыны ашылып, сара жолы сайрап жатыр. Бұл жаңғыру барымызды сарапқа салып, заманауи үрдістердің үдерінде кем түсіп жатқан тұстарымызды қайта қарап, жаһандық өрлеуге ілесуге, оның талабы биік тағылымды жолдарын таңдауына мүмкіндік береді.
Елбасы мақаласында ұлтқа қатысты көп мәселенің басын ашып айтып, болашақ бағдарының қандай құндылықтарына сүйену керектігін айқын да сындарлы түрде алға тартады. Оның ішінде, назарды неге баса аударуды қадап-қадап көрсетеді, түсінікті түрде тарқата ұсынылады.
Адам – қоғамның қазынасы мен қасиеті. Оның сапасы мен сымбаты санаға байланысты. Қазір ісіміз ұқсас, сөзіміз жаттанды, санамыз самарқау. Соны серпіту, көтеру, кемелдендіру керектігі, санаға рухани құндылықтар ауадай қажеттігі, адам санасы тазармай, кемелденбей, ұлттық сана ұстыны қалыптаспайтыны, келешекке өзге елдермен тереземіз тең қалыпта қадам жасай алмайтынымыз да айрықша көрсетіліпті.
Осы орайда, «Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді» – деуінің мәні де, меңзеуі де зор. Санасы биік ұлттың ғана мәңгілігі берік, жасампаздығы жарқын, тірлігі тыныш. Елбасы атап көрсеткендей: «Сананың ашықтығы зерденің үш ерекшелігін білдіреді. Біріншіден, ол дүйім дүниеде, Жер шарының өзіңе қатысты аумағында және өз еліңнің айналасында не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді. Екіншіден, ол жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу деген сөз. Таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері, қысқасы, барлығы түбегейлі өзгереді. Біз бұған да дайын болуымыз керек. Үшіншіден, бұл – өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігі» – деуі бізге өзгерудің қажеттігін алға тартады.
Мінеки, бұл алқалы сөз, айқын бағдар. Ұлттық сананың, өскін ұрпақтың санасына тікелей байланыстылығы өмірдің өз талабы әрі шындығы. Сындарлы түрде сапаға көшу, ашық болу, озық жетістіктерді жатырқамай қайта жандандыра қабылдау, бәсекеге қабілетті болу сапалы зерденің сәулелі көрсеткіштері. Оған шүбәсіз сеніп, байыппен қарау ләзім.
Болашаққа батылдықпен бет алу үшін құндылықтарымыз бен интеллектуалдық әлеуетіміздің жаңғыруы мен түлеуі ұлттық сананың кемелденуіне ұласуы тиіс. Бұл өзгеруіміздің өрелі өзегі болып табылмақ. Өркениеттің ортасынан орын алу үшін, күн сайын өзгеріп жатқан жаһандық үдерістерден қалмау үшін барлық салада бүтіндей қайта жаңғыруымыз керек. Оның бағыт-бағдары мен жолдары жаңғыруда тайға таңба басқандай етіп көрсетіліпті. Әсіресе, тіл, әдебиет, тарих, туған жер, ғылым, мәдениет мәселелері жөніндегі тұжырымдар мен тапсырмалар нақпа-нақ айтылып, көкжиегімізді көз алдымызға әкелгендей жаңа серпінді істерге құлшындыра түседі. Айталық, Елбасымыздың: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» – деген толғамды тұжырымы барымызды байытып, жетістігімізді жетілдіріп, болашаққа сындарлы сеніммен бару үшін терең білім, тұғырлы іліммен суарылған ұлттық болмысымыздың заман ағымына сай болу керектігін паш етеді. Демек, ұлттық кодымыз – ұлттық қорымыз. Оның қайнары сарқылмай, қайратын кемітпеу – жаңғырудың мұратты мақсаты болмақ.
Бізді «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық», «Қазақстандағы жүз жаңа есім», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобалары, ұлттық аударма бюросын құру, «Туған жер» бағдарламалары да қуантты. Бұл дамуымызға серпін беретін, биік мақсаттарға жету үшін өз үлгісімен ұлан-ғайыр күш-жігерді жұмсай отырып, елдің бірлігін, рухын нығайта түсетін соны серпілістердің көзі болары сөзсіз.
Осынау жасампаздығы мол жұмыстарда Жазушылар Одағының рөлі мен қызметі қаламмен қанат бітірер қарымды істерге, жұмыла түсер жауапкершілікке толы болуын діттейді.
Өзгеру мен өрлеуге бастайтын жаңғыруға атсалысу әрбір қаламгер үшін парыз әрі жауапты да сауапты іс. Жаңғыру келешекке, кемелдікке бастайды. Өзгерген қазақ өркениетке де ілесе алады.
Жақау ДӘУРЕНБЕКОВ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Ана тілі» баспасының директоры
АЛМАТЫ