Қазіргі әлемдік дамуға көз салсаңыз, ол осыдан 20-30 жыл бұрынғымен салыстыруға мүлде келмейді. Өркендеп, өзгеріп, түрленіп отырған заманда егер өзгелердің оң нәтиже берген ісін өзіңе қабылдап, топырағыңа сіңіріп, жемісі мен дәнін алмасаңыз артта қаласыз. Біздің отандық медицина да жаңару үстінде. Осы саланы дамытамыз, әлемдік деңгейдегі үдерістерге сай боламыз, халқымыздың денсаулығын жақсартып, өмір жасын ұзартамыз десек, жаңа жүйенің қажеттілігін ұғынамыз. Өйткені, қазіргі қатарына енуге ұмтылып отырған озық елдердің барлығында осыған ұқсас медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс істейді. Екіншіден, мемлекеттің Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған нормативтердің деңгейіне жеткізу үшін салаға қажет қаржыны ішкі жалпы өнімнің 5 пайыздық мөлшеріне бірден көтеруге мүмкіндігі жоқ. Біздегі «Денсаулық» бағдарламасында оның жартысы ғана көзделген. Оның үстіне жаңа жүйе әлеумет алдындағы жұмыс берушінің жауапкершілігін арттыруға, кәсіпорын мен мекеменің өз жұмыскерлерінің еңбек қауіпсіздігін сақтауға, жұмысына, денсаулығына зиян келмейтін жағдайларды нарықтық тетіктер арқылы қарастыруға ықпал етсе, әр азаматтың ауырғаннан гөрі сауығуға ұмтылуына жол ашады. Ал жаппай мүдделілік туған жерде мәселенің таптаурын орнынан жылжымауы мүмкін емес.
Мәселенің байыбына барған жан әлеуметтік әділеттілік пен ортақ жауапкершіліктің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың (МӘМС) негізгі қағидаттары екенін түсінеді. Бірақ көп ретте мамандар тарапынан қанша айтылғанымен жүйе жаңалығын жұртшылық жете ұғынбайтындай көрінеді. Ендігі кезекте әрбір азаматтың денсаулығы үшін жауапкершілік адамның өзіне, жұмыс берушісіне және мемлекетке жүктеледі. Ал денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жарналық төлемдер есебінен өсіп, ол медициналық көмектің ұлғайып келе жатқан шығындарын өтеуге мүмкіндік береді.
Жаңа жүйеде амбулаторлық дәрілік қамтамасыз ету (АДҚ) көлемін арттыру көзделіп отыр, сонымен бірге, емханалар мен дәріханалар арасындағы делдалдық қызмет жойылып, пациенттер бұрынғыдай белгілі бір дәріханадан ғана босатылатын дәрілері үшін уақытын жоғалтып, сабылып жол жүрмей, өз үйінің жанындағы дәріханадан керегін алатын болады. Дәрігер жазып берген рецепттің негізінде кез келген дәріхананың пациенттің мұқтажын өтейтінін тұрғындар білуі тиіс. Сонымен қатар, амбулаторлық дәрілік қамтамасыз етуге мұқтаж тұлғалар ауқымы мен жиі кездесетін ауруларға бөлінетін дәрілік заттардың тізімі артып, қор төлемдерінің ұлғаюымен медициналық қызмет көрсетілуінің көкжиегі кеңейе түспек.
Қордың қаржыландыруымен медициналық қызмет көрсетуге жаңа мердігерлер тартылады, яғни халық бұрынғыдай өздері тіркелген тұрғылықты жердегі емханаға байланып қалмайды. Қазірден бастап азаматтар қай үйде, қай пәтерде тіркелгеніне қарамастан, көңілдері қалаған емхананы таңдауына жол ашылды. Ал бұл өз кезегінде тек тіркелу бойынша қарайтын емханаға баратын халықтың нөпірін азайтып, жұртты шаршататын кезектерді кемітеді.
Осыған дейін Қазақстан азаматы қолайлы емхананы таңдап, қаралуы қалтасынан қаражат төлеу арқылы ғана жүзеге асырылса, енді жаңа жүйе негізінде әр пациенттің келуіне емдеу мекемесі мүдделі болмақ.
Сондықтан кешенді түрде, баршаның мүдделілігін тудыратын жүйенің берері мол болуы тиіс. Әлемдік тәжірибеден аңғарғанымыздай, бұрын бұл жүйеден тыс болған мемлекеттер міндетті медициналық сақтандыруды енгізуімен көптеген мәселені шешті және медицина мекемелерін қаржылық қолдаудың арқасында халық денсаулығына қызмет ететін кең тынысты жүйе жұмысы жолға қойылды. Сол бағытта заңдарына да әлденеше рет түзетулер, толықтырулар мен өзгертулер енгізді.
Әрине, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бір күннің ісі емес, ол жұмыс жылдар бойы қалыптасып, жүре жетілдіріле бермек.
Бексұлтан Тұтқышев,
«Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ директорлар кеңесінің МӘМС түсіндіру бойынша төрағасы