Партия хатшысы Наталья Годунова 1 шілдеден бастап денсаулық сақтау саласындағы жаңа жүйе – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізумен еліміздің әлемдік стандарттарға ұмтылып отырғанын алға тарта келе, сөз кезегін сарапшыларға ұсынды.
Отырыстың негізгі ұйымдастырушысы, Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Юлия Кучинская: «Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесі айтарлықтай дамыды. Қазір елімізде осыдан 10 жыл бұрын мүмкін еместей көрінген күрделі операциялардың жасалуына таңғалмайтын болдық. Дегенмен, денсаулық саласында көптеген шешімін күтетін мәселелер бар», дей келіп орталық жүргізген әлеуметтік зерттеулер қорытындысын ұсынды. Сарапшы респонденттердің 44 пайызының медициналық қызметке қанағаттанарлық деп баға бергеніне тоқталды. Бір есептен бұл әжептәуір жоғары көрсеткіш, алайда бұл ел халқының жартысына жетпейді, сондықтан да салада атқарылар жұмыс салмағы қомақты екенін айтты.
«Стратегия» әлеуметтік саяси зерттеулер орталығының президенті Гүлмира Илеуованың сөзі салмақты шықты. Негізінен әлеуметтік зерттеулерге негізделіп жасалған баяндамадан не аңғарылды? Алдымен МӘМС жүйесінің енуіне байланысты жүргізілген сауалдамаларды зерттеу барысында халықтың бұл мәселеге жете мән бермейтіні анықталған. Мәселен, 2016 жылы МӘМС енгізуді халықтың 40,9 пайызы қолдаса, 31,5 пайызы наразылығын білдірген. Тіпті респонденттердің 14,2 пайызы немқұрайлы қарап, 13,4 пайызы жауап беруге қиналған көрінеді. Жалпы алғанда, халықтың 70 пайызының ақпараттандырылу деңгейі төмен деңгейде, деді сарапшы. «Сіз МӘМС жүйесін білуге, түсінуге тырыстыңыз ба?» деген сауалға әрбір оныншы адам қызығушылығы жоқтығын, есесіне жалпы денсаулық сақтау жүйесінің жұмысына қатысты негізінен 3 мәселенің андағайлағанын алға тартты. Ол – дәрі-дәрмек бағасының қымбаттығы, медициналық қызмет үшін бағаның жоғарылығы, медициналық мекемелердегі ұзыннан-ұзақ тұратын кезектер мен медицина қызметкерлері біліктілігінің төмен деңгейі екен. Расында, осы үш мәселенің де өзекті екені айқын. Тіпті соңғы 3 жылдың ішінде «Нұр Отан» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөліміне түскен 11 мыңнан астам өтінішті соның айғағы деуге әбден болады. Бұл бүгінгі медицинадағы жалпы жұртшылықтың БАҚ беттерінде қозғайтын, күнделікті бір-бірімен кездескенде айтатын, қанша сөз етілсе де онша өзгермей келе жатқан ең бір осал тұсы екені анық.
Астана қаласындағы Онкологиялық диспансердің бас дәрігері Мұхтар Төлеутаев ел бойынша бірнеше жылдың жүзінде жүргізіліп келе жатқан скринингтің маңызына тоқталды. Шыны керек, мемлекет тарапынан қаржыландырылатын аурудың алдын алуға негізделген осы жүйенің қадірін көпшілік біле бермейді. Емханалардың шақырғанына бармай, уақытын созып, тегін қаралып, жыл сайын қатерлі аурулардан сақтан деген жақсы жобаға қатысуға мән бермейді. Соның өзінде бас дәрігердің айтуынша, бұрынғыға қарағанда, қатерлі ісік ауруларын бастапқы кезінде анықтауға скринингтің көмегі болуда.
Сараптамашылар отырысына қатысқан дәрігерлер қауымы аймақтық денсаулық сақтау мәселесінде ақпараттық технологияларды енгізу, нәресте өлімін төмендету, маман тапшылығы бойынша атқарылар көп істер жайындағы ойларымен ортақтасты. Соңында денсаулық сақтау саласын жаңғырту мәселелеріндегі олқы тұстарды жою үшін ұсыныстар әзірледі.
Анар Төлеуханқызы,
«Егемен Қазақстан»