Палата 2015 жылғы 8 қыркүйектегі «Табиғи теріден жасалған киім заттары, киімге керек-жарақтар және өзге де бұйымдар» тауар позициясы бойынша тауарларды бақылау (идентификациялау) белгілерімен таңбалауды енгізу жөніндегі пилоттық жобаны 2015-2016 жылдары іске асыру туралы келісімнің қолданылу мерзімін ұзарту жөніндегі хаттаманы ратификациялады.
2017 жылы пилоттық жоба нәтижелеріне талдау жүргізу қажеттігіне байланысты Келісімнің қолданылу мерзімін 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылатын болды.
Сондай-ақ сенаторлар Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (ОАӨЭЫ 1 және 6-дәліздерін қосатын «Ақтөбе – Мақат» автомобиль жолын реконструкциялау жөніндегі жоба) ратификациялады.
2016 жылғы 7 желтоқсанда Астанада қол қойылған Келісім «Ақтөбе – Мақат» автомобиль жолын реконструкциялауды қаржыландыруға 240 300 мың АҚШ доллары мөлшерінде қарыз беруді көздейді. Республикалық бюджеттен қарызды бірлесіп қаржыландыруға 32 765 мың АҚШ доллары бөлінеді.
Қарыз 5 жылдық жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, 18 жыл мерзімге беріледі. Қарызға қызмет көрсетуді және өтеуді республикалық бюджет қаражаты есебінен еліміздің Қаржы министрлігі жүзеге асыратын болады. Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ерболат Мұқаев бұл заңның маңыздылығын айта келіп, Үкіметтің назарын жолдардың бойында демалатын орындар, уақытша көлік тоқтау алаңдары, тамақтану, сауда-саттық пунктері, техникалық қызмет көрсету станциялары, қалалардың кіреберісінде көлік жуу пунктері, авариялық шақыру байланысы, жолдар бойындағы елді мекендердің тұсында жол жағасындағы бизнес мүлдем жоқтың қасы екендігіне аударды. Сенатордың пікірінше, мұндай қадамдар жүзеге асырылса халықаралық транзиттік бағыттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізеді.
Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өсімдіктер мен жануарлар дүниесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қарап қабылдады.
Бұл құжат биологиялық әралуандықты сақтау үшін экономикалық, әлеуметтік, ұйымдастырушылық және өзге де жағдайларды жасауға бағытталған. Атап айтқанда, орман және аң аулау шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы қолданыстағы заңнамаға, сондай-ақ экологиялық және өзге де аралас заңнамаға түзетулер енгізу көзделіп отыр.
Заңда жекелеген баптар орманды пайдалану, балық шаруашылығы қызметі, жануарлар дүниесі объектілерін жасанды өсіруді, жануарларды елімізге әкелу және әкету мәселелерін қарастырады. Мемлекеттік ұлттық парктер мен олардың қорғалатын аймақтарының аумақтарын пайдалану тәртібі нақтыланып, биосфералық резерваттардың құқықтық тәртібі белгіленеді.
Заң 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап орман шаруашылығы мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қызметкерлерінің лауазымдық еңбекақыларын 25 пайызға жоғарылатуды, сондай-ақ оларға мал жаю мен шөп шабу үшін жер учаскелерін беруді көздейді.
Отырыс барысында сенаторлар сауалдары жолданды. Сенаторлар: Серік Ақылбай – түзету мекемелері қызметкерлерінің жалақыларын көтеруге қатысты, Владимир Редкакашин – мектеп бітірушілер шараларына ақша жинауға байланысты; Жабал Ерғалиев – Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің мерейтойы өткенімен, депутаттық сауал арқылы Үкіметке жасалған ұсыныстың аяқсыз қалғаны жөнінде депутаттық сауалдарын жолдады.