Өткен ғасырға көз жүгіртсек, жарты ғасырға толмайтын аз уақытта біз үш рет сауатсыздықты басымыздан өткізіп үлгеріппіз. 1926 жылы «заман талабына сай емес» деген желеумен араб әліпбиін өзгертіп, жаппай латынға көшу күштеп жүргізілді. Арабша жазуды «ескілік», «кертартпалық» деп бағалап, қазақ интеллигенциясы қудаланды. Кейіннен 1939 жылы Мәскеудің бұйрығымен латын алфавитін тастап, кириллицаға көшірілді. Осылардың бәрі қазақ жастарының, интеллигенциясының, өз халқының өткен тарихын түпнұсқадан оқымауын көздеген болатын. Сондағы мақсат – бұл қазақты тездетіп өткенінен айырудың төте жолы еді. Соның салдарынан біз жетпіс жеті жыл бойы кирилл қарпін пайдаланып жүрміз.
Жаңа әліпбиге көшу қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өркендеуіне, дамуына сөзсіз әсер ететіні белгілі. Сондықтан латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда маңыздырақ.
Қазақ тілі елімізде барша азаматтар үшін, ұлты мен нәсіліне қарамастан негізгі темірқазық тілге айналуы керек. Себебі, өркениетті елдердің қай-қайсысына барсаңыз да мемлекеттік тілдерінің үстем екенін көресіз. Сол елдің азаматтары бір тілде сөйлеп, бір тілде тіршілік жасайды.
Біздің еліміздегі ұлтаралық саясат достыққа, бірлік пен ынтымаққа негізделген. Осы құндылықтар арқылы қоғам мүшелері қазақ тілінің дәрежесін арттыруға күш салып, белсенділік танытулары қажет деп білемін. Әрбір азамат мемлекеттік тілді өз еркімен меңгеріп алуды өзі үшін парыз деп білсе, соған саналы түрде әрекет жасаса, ол нағыз толыққанды Қазақстан азаматы болып шығар еді.
Жақында Астанада болып өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тұрақтылық, бірлік, келісім – жаңғыру негізі» деген атаумен өтуі кездейсоқтық емес. Әлемде неше түрлі қақтығыс, соғыс, жарылыс болып жатқан кезде, еліміз етек-жеңін бүтіндеп, еңсесін көтеріп, өркениеті озған, кемеліне келген отыз елдің қатарына қосылуға ұмтылуда. Тарихта «мың өліп, мың тіріліп», сонда да елдігін жоғалтпай бүгінге жеткен біздің ұлт үшін бейбіт өмір, парасатты тіршілік өте керек. Осы кезеңде Қазақстан халқы Ассамблеясының орны өзгеше болмақ. Оған артылған жүк те салмақты, жауапкершілік те мол. Сессия тақырыбының «Тұрақтылық, бірлік, келісім – жаңғыру негізі» аталуы да сондықтан.
Қазақ халқының ұлттық тілінің, ұлттық мәдениетінің, тіршілігінің жаңғырып-жаңаруы елімізде туып-өсіп жатқан басқа ұлттардың да ортақ жеңісі деп түсіну керек. Қазақ тілінің бауырлас халықтар арасында өркендеп, өсіп басқа ұлттарымыздың да сүйіспеншіліктеріне, құрметіне бөленіп жүруіне толық хақысы бар деп білемін!
Нұрғали Нүсіпжанов,
Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты