Аймақтар • 02 Маусым, 2017

Алматыда биыл үй кезегінде тұрған әрбір төртінші отбасы пәтер алады

205 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы әкімі Бауыржан Байбек пен "Ипотекалық ұйым" Қазақ ипотекалық компаниясы" АҚ-ның басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов үй кезегінде тұрғандарға Атлеттер ауылынан жаңа пәтер кілттері мен сертификаттарды табыстады, - деп хабарлайды Алматы әкімдігінің сайты.

Алматыда биыл үй кезегінде тұрған әрбір төртінші отбасы пәтер алады

Ел Президентінің тапсырмасы бойынша Алматыда "Нұрлы жол" бағдарламасының инфрақұрылымдық жобаларына 20 миллиард теңге, ал дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында тұрғын үй құрылысына республикалық бюджеттен 33 миллиард теңге бөлінген. Алматы әкімі 2016 жыл мен биылғы жылдың алғашқы тоқсанында қалада 4 мыңға жуық пәтер бөлінген, яғни 2014-2015 жылдармен салыстырғанда екі есеге артқанын, жыл аяғына дейін тағы да 4,5 мың пәтер бөлінетінін айтты.

"Алматыда "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында алғашқы бес жыл ішінде құны 140 миллиард теңге болатын 670 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Жыл қорытындысы бойынша үй кезегінде тұрған әрбір төртінші отбасы тиесілі пәтерін алады. Бүгін біз кезекте тұрған 120 отбасыға пәтер кілттерін тапсырамыз, олардың арасында мүгедектер, көпбалалы және толық емес отбасылар, мемлекеттік қызметкерлер, бюджет қызметкерлері, әскерилер бар. Бұлардың басым көпшілігі - пәтер жалдап немес туыстарының үйін паналап, пәтер кезегінде ұзақ тұрғандар. Бүгін олар өздерін нағыз пәтер иелері ретінде сезіне алады", - деді Бауыржан Байбек.

Алматы әкімі халыққа пәтер бөлуді барынша ашық жүргізу үшін түрлі шаралардың жүзеге асқанын жеткізді. Бұдан былай үй кезегіне қою және кезектің жылжуы Электронды үкімет порталы арқылы жүретін болады. Сонымен қатар, алғаш рет кезектің электронды инвентаризациясы енгізілген, яғни кезекте тұрғандар жыл сайын Тұрғын үй басқармасына келмей - ақ дистанциялық жүйе арқылы өзіне қатысты мәліметті біледі. Тағы бір жаңалық, SMS- хабарлар арқылы да қажетті мәліметті алуға болады. Бұлардан өзге, жыл аяғына дейін адам факторынсыз, кезекте тұрғандар арасында автономды кесте арқылы пәтер бөлу механизмі жыл аяғына дейін енгізіледі.