Астроном, астрофизик сынды ғарыш саласының мамандары мен механик, геодезист картогроф сынды мамандарға аса зәруміз. Бұл мамандықтарды таңдаушылар қатары жоқтың қасы, сәйкесінше қажеттілік жыл санап артып келеді. Қазіргі таңда заманауи технологиялардың сан түрі шығарылуда. Төрткүл дүние техникаға телмірген заман төрге озды. Осыған байланысты мұнай-газ және энергетикалық салаға ерекше назар аударылып отыр. Бірақ бұл мамандыққа деген сұраныстың артуы жоғары болғанымен, оған жастардың қызығушылығы төмен. 2016 жылғы ең көп сұранысқа ие мамандықтардың қатарына жалпы практика дәрігері, терапевтер, акушер-гинекологтар, анестезиолог, реаниматолог, балалар дәрігері енді. Биылғы статистикалық мәліметтер бойынша, қалалық медициналық мекемелерге – 154 жалпы практика дәрігері қажет болса, ауылдарда 147 маманның орны бос тұр. Қалалық жерлерде 140 терапевт жетіспесе, ауылға 68 маман керек. Сондай-ақ, әйелдер денсаулығына жауап беретін 124 маман қала мекемелеріне, 79 маман ауыл мекемелеріне керек. Қалалар бойынша – 140, ауылдарда 44 анестезиолог маманы жетіспейді. Қалалық мекемелерде 114 балалар дәрігерінің, ауылда 38 дәрігердің орны бос тұрған көрінеді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласына да жас мамандардың аса қажет екенін көріп жүрміз. Әсіресе, ауылдық аймақтарда мұндай мамандарға сұраныс жоғары. Жас мамандардың ауылдарға барып жұмыс істеуіне мемлекет тарапынан да қолдаулар көп.
Мамандар түлектердің өз орнын тауып, жұмысқа орналасуына алдымен жоғары оқу орындары басшылары мүдделі болу керек дейді. Ал бізде керісінше. «Түлектеріміздің жағдайы нешік?» деп өндіріс жаққа немесе қаладағы мемлекеттік ұйымдарға барып, сұрау салып жүрген оқу орындарының басшылары жайлы сирек естиміз. Басқаша айтқанда «оқу орнынан кейінгі тағдыры қоғамға аманат» деген біржақты көзқарастың шекпенінен әлі күнге дейін шыға алмай жүрміз. Сөзімізді нақты мысалдармен тұздықтар болсақ, отандық жоғары оқу орындарының бәрі халықаралық байланыс саласы мамандарын дайындайды. Жыл сайын жалпы саны 2 мың түлек осы мамандықты алып шығады. Жыл сайын кем дегенге осы салаға 50 мемлекеттік грант бөлінеді. Солардың бес-алтауы ғана Сыртқы істер министрлігіне және шет елдердегі немесе өз елімізде тіркелген дипломатиялық корпустарға жұмысқа қабылданады. Ал қалған 1995 түлек қайда барады?
Сондай-ақ, жыл басында отандық басылым беттерінде біз мұғалімдерді дайындаудың алдағы 15 жылдық жоспарын орындадық, деген деректер пайда болды. Бұл мәселе де журналистердің назарынан тыс қалмады. Нәтижесінде 2015-2016 жылдарға бөлінген білім грантында мұғалімдерге бөлінген грант алдыңғы жылдармен салыстырғанда 1,5 есе азайғаны белгілі болды.
Түлектердің жұмыссыз қалуының объективті, субъективті себептері баршылық. Олар: ЖОО қабырғаларында дайындалып жатқан мамандар мен нарыққа қажетті мамандықтар арасындағы байланыстың жоқтығы, қажетсіз мамандықтардың бей-берекетсіз дайындалуына ақылы бөлімдердің еселеп үлес қосып жатқаны және кейбір мамандықтарды мемлекеттік тапсырыспен ғана дайындаудың кезі келгені және бұл тізімнің жыл сайын Үкімет бекіткен тізіммен жаңартылып тұруы тиіс екендігі. Сол сияқты, оқу орны басшылары нарық талабына ілесе алмай жатады. ЖОО басшысы бірінші кезекте менеджер Һәм нарықтың тынысын бақылап отыратын сарапшы болуы тиіс. ҚБТУ тұңғыш ректоры Әділ Ахметов бар мәселе басшылардың іскерлігіне байланысты деген ойды алға тартады. «ЖОО мен қоғам арасындағы байланыс «Біздің балалар сендерде жүрген еді. Қалай өздері?» деген бірауыз ықыластан басталады. Бұл бір. Екіншіден, ЖОО басшылары маманды пайдаланатын өндірістерді айқындап алып, өндіріс орындары басшыларының көзін соған жеткізу қажет. «Осы үрдісті барлық жоғары оқу орны басшылары басшылыққа алуы керек деп ойлаймын. Өндіріспен тығыз байланыс орнатпаған жоғары оқу орны маманды кім үшін дайындайды? Егер дайындаған мамандарыңызды ұлттық немесе трансұлттық компаниялар қанын жерге тамызбай, талап алып кетіп жатса, сол оқу орындарын элиталы оқу орындары деп айтуға болады», дейді Әділ Ахметов.
Ішкі жалпы өніміміздің 25 пайызынан астамы шетелдіктердің қолында. Ал олардың негізгі мамандықтарды өз елінен алып келетіні белгілі. ЖОО қауымдастығының төрағасы Рахман Алшанов осыдан біраз уақыт бұрын «Шев-рон» компаниясы 20 студентті жұмысқа қабылдаймыз деп өздеріне шақырып алғанын айтады. Бірақ солардың бірі де жұмысқа қабылданбай, шыдамай өздері кетіп қалыпты. Өйткені, компанияның қолданатын техникасының тілін біздің балалар білмейді. Бағасы 2 миллион доллар тұратын қымбат техниканы істен шығарып алудан қорыққан жастарымыз жұмысты істеуге қорқақтап кетіп қалған.
– Шынымен, мұндай мәселе бар. Сондықтан шетелдік компаниялар техниканың қыр-сырын білетін өз мамандарын шақыруға тырысады. Бұл мәселені шешу үшін әрбір компания табысының белгілі бір пайызын маман даярлауға бөлуге міндетті заңдылықты тиімді пайдалануымыз керек. Осы мүмкіндікті пайдаланып, компаниялардың керекті маманды елімізден жіберіп, оқытып алуын қатаң қадағалап, міндеттеуіміз керек, – дейді Рахман Алшанов.
Соңғы кезде ЖОО мен өндіріс арасындағы байланысты зерттеп жүрген мамандар «Ескі кадрлар, қарт мамандар жұмыстан зейнеткерлікке кетіп жатыр. Олардың орнына жаңа буын келген жоқ. Осы келеңсіздік ұлттық қауіпсіздігімізге кедергі келтіреді» дегенді жиі айтып жүр. Елбасы мен Үкімет мына саланы дамыту керек, мынадай тауарларды өзімізде шығаруымыз керек дегендей мәселелерді көтеріп жатады. Бірақ бізде білім саласы өз жоспарымен бөлек жұмыс атқарып келе жатыр. Осыдан біраз бұрын бұзылып қалған диктофонымды жөндейтін жер таппай, біраз жүгірдім. Нәтижесінде бүкіл қазақ басылымдарының 80 пайызы шоғырланған Алматыда диктофонның тілін білетін бірде-бір маман жоқ екен. Алматы мен Астананың өзінде жаңадан орнатылып жатқан түрлі техникалық құралдарды істен шығып қалғанда жөнге келтіретін маман жоқ. Ондай орындарда қартаң кісілер жүр. Олардың орнын кім басады? Қазақтың телефоны, қазақтың спутниктері, қазақтың машинасы, қазақтың компьютері қайда? Ең болмағанда қазақтың ыдыс-аяғы қайда?
– Біз өз-өзімізді алдамайық, әр білім саласының нәтижесі – ол қолға ұстайтын бір тауар. Біздің қолымызда қазір Қазақстанда жасалған дейтін не бар? Басқасын былай қойғанда шеге де, сабын да, шай да, күкірт те жоқ. Компьютер – Қытайдан, теледидар – Жапониядан, машина – Ресей мен Еуропадан. Соңғы жылдары бұл мәселеге қатты көңіл бөлінуде. Алдағы уақытта шешіледі деп үміттенеміз, дейді саясаттанушы, модератор Нұрлан Ерімбетов.
Гүлбаршын САБАЕВА
АЛМАТЫ