23 Қаңтар, 2010

ПАРЛАМЕНТ “Егемен Қазақстанның” арнаулы беті

1262 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
БЕСЖЫЛДЫҚ ЖОСПАРҒА ЗАҢНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕР Біздің еліміз посткеңестік кеңістікте алғашқылардың бірі болып дағдарыстан кейінгі экономиканы дамыту  бағдарламасының негізгі бағыттарын айқындады. Соған байланысты Үкімет елді индустрияландырудың бесжылдық жоспарын әзірледі. Парламенттің былтырғы сессиясын ашу кезінде сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы үдерісті заңдық тұрғыдан қолдайтын басым бағыттарды белгілеп берді. Осынау тапсырманың қалай орындалғандығы жөнінде Сенаттың Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің мүшесі Юрий КУБАЙЧУК әңгімелейді.  – Елбасы Парламенттегі сөзінде ғана емес, “Нұр Отан” ХДП-ның кезектен тыс өткен ХІІ съезінде де елді индустриялан­дыру бірінші кезектегі міндет­тердің бірі екенін атап көрсеткен болатын. Соның ішінде біздің экономика­мызда өңдеу өнеркәсібі үлесінің төмендігі, ғылымның даму қар­қыны­ның бәсеңдігі, жоғары өнімді технологиялар енгізілуінің ойдағы­дай еместігі көлденең тар­тылған еді. Сондықтан да отандық эконо­миканы индустриялық-инновация­лық жағынан жылдам­дата дамыту­дың бесжылдық жос­пары “Қазақ­стан-2030” Стратегия­сының аясын­да қарастырылды. Ал оны іске асыру 2010 жылдың қаңтарынан басталды. Жедел индустрияландырудың бесжылдық жоспарына негізінен экономиканың жеті саласы енгі­зілді. Атап өтер болсақ олар: агроөнеркәсіп кешені, құрылыс индустриясы, мұнай өңдеу, металлургия, химия өнеркәсібі және фармацевтика, энергетика, көлік және телекоммуникация инфрақұрылымдары. Осы жоспарды әзірлеу бары­сында мәшине жасау, металлургия, мұнай өңдеу, фармацевтика мен химия саласы бойынша жалпы со­масы 30 млрд. долларды құрайтын 25 индустриялық жоба іріктеліп алынды. Бұл жобаларды іске асыру тиімділігі 35 млрд. доллар болмақ және жаңадан 270 мың жұмыс орны ашылмақшы. Қазақстанның бүгінгі экономи­калық моделі елді жеделдете индус­трияландыруға молынан мүмкіндік береді. Дағдарысқа қарсы бағдар­ламаны қолға алған күннен бастап біздің еліміз индустриялық саясат экономиканы дамытудың негізгі векторы екенін танытты. Ол туралы жаңа заң да осы басым мақсатты көздейді. Елдің индустрияландыру саяса­ты бір жағынан алғанда ішкі өнді­ріс пен өнеркәсіптің экспортқа бағ­дарлана дамуын қарастырады. Со­ның ішінде ғылыми техноло­гияларды қолданатын салаларды дамытуға үлкен көңіл бөлініп отыр. Ғылым және ғылыми саясат жөнін­дегі кеңестің кезекті отырысында Президент мемлекеттің мақсаты ғылымның дамуына жаңа қарқын беру және бизнесті онымен тығыз ынтымақтастыққа икемдеу болып табылатынын айтты. Бұл мемле­кеттік компанияларға ғана емес, жекеменшік бизнеске де қатысты. Олар да өздерінің табыстарының белгілі бір мөлшерін заң бойынша ғылымды дамытуға бөліп отырады. Бүгінгі күні Елбасының тапсыр­масына сәйкес елімізде бес үлкен ұлттық, барлық облыс орта­лықтарындағы университеттерде инженерлік профильдегі 15 лаборатория ашылды. “Инновациялық әрекеттерді мемлекеттік қолдау туралы” Заңға өзгерістер мен толықтыруларда инновациялық гранттар беру және инновациялық дамудың кешенді шараларын құру сияқты қолдаудың жаңа тетіктері қарастырылған. Сонымен қатар, біздің алдымызға ғылым туралы жаңа заң қабылдау керектігі туралы міндет қойылып отыр. Онда отандық ғылымды дамытудың негізгі қағидаттары айқындалатын болады. Айта кетерлігі, бұл құжат қазірдің өзінде Мәжілістің қоржынында жатыр. Заң жобасымен үстірт танысып шыққанның өзінде онда ғылымды басқарудың жаңа моделінің, ғылыми ізденістерді қаржыланды­ру­дың көп сатылы жүйесінің нор­ма­лары қарастырылғанын көрдік. Сонымен қатар, онда ғылым саласы қызметкерлерін, ғалым­дарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау жүйесін дамыту, ғылым мен білімнің интеграциялануы секілді мәселелер көзделген. Осы заңды тезірек қабылдасақ, ол еліміздің ғылыми-техникалық саласын дамытуға тиімді үлес қосар еді деген үміттеміз. Осының өзі индус­триялық саясатты іске асыруға қосқан сүбелі үлес болатыны сөзсіз. Өздеріңізге белгілі, осыдан жеті жыл бұрын Қазақстан Республи­касының 2003-2015 жылдарға арналған индустриялық-иннова­циялық даму стратегиясы қабыл­данды. Осы стратегия ел эконо­микасын жеделдете индустрия­ландыруға көшіруге мүмкіндік береді. Президент дер кезінде бекіткен осы құжатты іске асыру дағдарыстан кейінгі кезеңде экономиканы одан әрі индус­трияландыруға жағдай туғызады. Оны орындау үшін тиісті заңдық және нормативтік-құқықтық база қалыптастырылған-тын. Атап айтқанда, 30-дан артық салалық бағдарлама қабылданып, инсти­туттық негіздер қаланған. Бүгінгі күні Үкімет дағдарысқа қарсы ағымдағы міндеттерді шешу барысында бірінші кезекте ішкі тұтынуға арналған дайын өнімдерді шығаратын өндірістерді қолдап отыр. Осының өзі өте дұрыс шара. Халықаралық тәжірибе көрсетке­ніндей, дағдарыстан кейінгі эконо­миканы дамытуда барлық елдер осындай тәжірибені қолданады. Отандық экономиканы индус­трияландырудың алғышарты да осы. 2010-2015 жылдар аралығын­дағы индустрияландыру картасын және 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған өндірістік күштерді шоғырландырудың тиімді сызбасын әзірлеу аса ірі инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкін­діктерін анықтайды. Сондай-ақ бұл құжаттар отандық бизнесті дамытуға жаңа жағдайлар тудырып, қосымша тетіктер қызметін атқа­рады. Осының бәрі дағдарыстан кейінгі экономиканың серпін алуына нақты мүмкіндік жасайды. Бұл жұмыстардың негізгі үйлес­тірушісі деп белгіленген Индустрия және сауда министрлігіне қосымша функциялар берілді. Жалпы айтқанда, индустрия­лық-инновациялық даму аясында өткен жылы құны 508,1 млрд. теңге болатын 227 жоба іске асырылды. Осының арқасында жаңадан 14,7 мың жұмыс орны ашылды. Мемле­кет “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ арқылы бұл жобаларды тікелей қаржыландырып отыр. Сонымен бірге, экономиканы жеделдете индустрияландыру бойынша елімізде Үйлестіру кеңесі, инвестициялық жобаларды бағалау жөніндегі тәуелсіз қаржылық топтар құрылған. Осының бәрі алда тұрған міндеттерді жедел іске асыруға жағдай жасайды. Жазып алған  Жақсыбай САМРАТ. ҒАРЫШ ТЕХНИКАСЫ элементтерін құрастыру және сынау үшін жоғары технологиялық кәсіпорын құрылатын болады Астана қаласында әр түрлі мақсаттағы ғарыш аппаратта­рын (байланыс, жерді қашық­тық­тан зондтау, ғылыми мақ­сат­тағы және т.б.), пайдалы жүктеме құрамдас­тарын және ғарыш техникасы элементтерін құрастыру және сынау үшін жо­ғары технологиялық кәсіп­орын құрылатын болады, деп хабар­лады Мәжілістің баспасөз қызметі. Жерді қашықтықтан зонд­тау­­дың ғарыш жүйесі (ЖҚЗ ҒЖ) жобасы жоғары және орта шешімді жер серіктерін және барлық қажетті жер үсті инфра­құрылымын құруды қамтиды. Осындай жүйе көмегімен алын­ған суреттер әр түрлі салалар­да: қорғаныс, ұлттық қауіпсіз­дік, жер қатынастары, ауыл шаруашы­лығы, төтенше жағдай және басқаларда пайдалану үшін қажет. Осы келісім шеңберінде құ­рыл­ған кешен мемлекетіміздің қалып­тасып жатқан ғарыш са­ла­сының басты элементі болады. Келісім “Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметі мен Фран­цуз Республикасының Үкіметі арасын­­дағы Жерді қашықтық­тан зонд­таудың ғарыш жүйесі мен ғарыш аппараттарының құрастыру-сынау кешенін құру және пайдалану шарттары тура­лы келісімді ратифи­кациялау туралы” заң жобасы түрінде Үкіметтен Мәжіліске бекіту үшін берілді. Қазақстан   мен Француз үкіметтері арасындағы келісімге 2009 жылғы қазанның 6-сында қол қойылған. Заң жобасы бойынша бас коми­тет ретінде Мәжілістің Ха­лық­аралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті бел­гіленді. Заң жобасын депутат­тарға Ұлттық ғарыш агенттігі таныстыратын болады. Осы жобаны іске асыру ғарыш саласының 150-ге дейін жоғары білікті мамандарын даярлауға, кешен құрылысы кезеңінде жұмыс орындарын 300 бірлікке дейін көбейтуге, кешен жұмыс жасау барысында жоғары білікті маман­дар үшін тұрақты жұмыс орында­рын көбейтуге және толымдауыш­тарды өндіру және субмердігер­­лік қызметтерді көрсету жөнін­дегі экономиканың іргелес салаларында жұмыс орындарын бір мың бірлік­ке дейін ұлғай­туға жол ашады. ­ӨЗГЕШЕ ТАРИХТЫ АУЫЛДЫҢ ӨТІНІШІ Тасбай СИМАМБАЕВ, Анатолий Башмаков, Сенат депутаттары. Алдымен өз сайлаушылары­мыздың атынан Үкімет тарапы­нан жасалып жүрген мықты әлеуметтік мақсаттағы жұмыс­тар үшін ризашылығымызды білдіруді парыз санадық. Әлем­дік дағдарысқа қарамастан, елімізде “Жол картасы”, “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарла­ма­лары жүзеге асырылуда. Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен атқарылып жат­қан осы жұмыстар халықтың әл-ауқатын жақсартуға оң ық­пал етіп, ол республика айма­ғында жұртшылықтың шын мәніндегі қолдауына ие болуда. Енді әңгімеміздің негізгі тақырыбына көшейік. Солтүстік Қазақстан облысының Шал ауданында өзгеше тарихты, өзіндік дәстүрі орныққан бір ауыл бар. Ол–Жалтыр ауылы. Ұлы Отан соғысы кезінде осы ауылда 90 үй болса, сұм соғыс­тан тура 90 азамат туған ауылы­на оралмай, сүйектері жат жер­де қалды. Сондай-ақ осы ауыл­дан көптеген елімізге танымал ғылым мен мәдениет және мемлекет қайраткерлері шықты. Шағын ғана ауылдан еліміздің жоғары заң шығару органына 3 бірдей депутаттың сайлануы да біраз жайдан хабар берсе керек. Ауыл тұрғындарының отан­сүйгіштіктері де көпке үлгі етуге жарағандай. Президенттік үш сайлауда да ауылдықтардың барлығы бір кісідей, яғни 100 пайыз Елбасымызға дауыстарын берді. Ауыл тұрғындары ешқашан еңбектен қашқан емес. Жал­тыр­лықтар егіндерін бітік шы­ғарып, жинап, мал өсірумен айналысады. Балаларын тәр­биелеп, тірліктерін жасап, аға буынның жақсы дәстүрлерін жалғастырып жатыр. Алайда, ауылдағы осыдан 50 жыл бұрын қолдағы бар материалдардан салынған мектеп ғимараты құлауға шақ тұр. Онда бала оқытпақ түгіл, кіріп-шығудың өзі қауіпті. Ел Үкіметі осындай  тағы­лым­ды шежіресін жиған шағын ауылда 100 оқушы білім алатын жаңа мектеп үйін салуға қаржы бөлсе, нұр үстіне нұр болмақ. Бұл жалтырлықтардың бүгінгі еңбегі мен өткен тарихына жасалған лайықты құрмет пен оң баға болар еді. АГРАРШЫЛАРДЫҢ КӨШПЕЛІ МӘЖІЛІСІ “ҚазАгроИнновация” акцио­нерлік қоғамында Парламент Сена­тының Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитеті депутаттарының көшпелі мәжілісі болды. Еліміздің басшылығы соңғы жылдары аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін оның басым бағыттарына қолдау көрсету саясатын ұстанып отыр. АӨК дамытуда жаңа идеялар­ды, озық инновациялық техноло­гияларды және әдістерді пайдалану ауыл шаруашылығы өндірісін тиімді жүргізудің негізгі құрамдас бөлігіне айналып келеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың қыркүйек айында өткен Ғылым және ғылыми саясат кеңесінің мәжілісінде экономиканы жеделдетіп индус­трияландыру мәселелерін шешу, экономиканың инновациялық қызметіне жағдай жасау және белсенді ету үшін ғылымды дамыту және АӨК-тің ғылыми әлеуетін жоғарылатуға байланысты жаңа міндеттерді айқындап берді. Ал “ҚазАгроИнновацияда” өткен іс-шаралардың мақсаты Парламент Сенатының депутатта­рымен аграрлық ғылымды одан әрі дамытудың жағдайын және “ҚазАгроИнновация” АҚ осы сала­да жүзеге асырып жатқан ша­­ра­лар туралы мәселелерді талқы­лау болды. Белгілі болғанындай, “ҚазАгро­Инновация” АҚ АӨК саласында инновациялық дамушы институт мәртебесіне ие және аграрлық секторды ғылыми қамтамасыз ету жөніндегі мамандандырылған ұйым болып саналады. Аталған АҚ алдына АӨК қажеттіліктері үшін жаңа білімдерді генерациялау, ең үздік отандық ғылыми әзірле­мелерді және шетелдік агротехно­логияларды трансферттеуді пайда­­лана отырып ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу барысын қарқын­дату міндеттері қойылды. Қазақ­стандық аграрлық ғылымды дамыту тарихында 2009 жыл өзгеріске толы жыл болды, себебі, алғаш рет компанияның тікелей қатысуымен ауыл шаруашылығы ғылымы мен инновацияларды қолдауға 5,6 миллиардтан астам теңге, оның ішінде ғылыми зерттеулерді жүргізуге 2,7 млрд.теңге, өндірістік және аграрлық ғылымның өндіріс­тік және инновациялық инфра­құрылымын құруға 2,98 млрд.теңге бағытталды. Парламент Сенатының депутат­тары мен агрария ғалымдарының кездесуі барысында сенаторлар бюджеттік құралдарды тиімді игеру бойынша қабылданып жатқан шаралармен, сонымен бірге, аграр­лық ғылымның кейбір ғылыми орта­лықтарының қызметімен танысты. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ. БАЛА АСЫРАП АЛУШЫЛАР ҚАТАРЫ АРТЫП КЕЛЕДІ Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комите­тінің отырысы өтті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. “Бүгінде елімізде бала асырап алушылар көбейіп келеді. 2009 жылы 3 мың 44 бала асырауға алынды. Ол бұрнағы жылғыдан 271 балаға көп. Ал шетелдіктер бізден 669 бала асырауға алды. Енді сырт­та жүрген балалардың құқығын қорғап, өмірін сақтаймыз”, – деді алғашқы болып комитет отыры­сында талқыға түскен “Қазақстан Республикасының Балаларды қор­ғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияға қосылуы және оны ратификациялауы туралы” заң жобасы бойынша Білім және ғылым министрінің орынбасары Махмет­ғали Сарыбеков өз баяндамасында. Әлемнің 72 елі қол қойған конвен­ция – Гаага конвенциясына қосылу үшін 2006 жылы аталған заң жобасы әзірленіп, Парламентке келіп түсті. АҚШ-тағылар жыл сайын асырап алған баланың жай-күйін айтып, есеп беріп отырамыз дегенімен де олардың барлығын бірдей қадағалау мүмкін емес. “Бала 18 жасқа толғанынша екі жақтың да есебінде тұрып, әрі қарай азаматтығын өзі таңдайды”, – деп көрсетіледі заң жобасында. Комитет мүшесі Сәт Тоқпақ­баевтың “Осы заң жобасын қабыл­дағаннан бізге қандай пайда, қандай зиян келеді?” – деген сұрағына баяндамашы “Бүгінде сыртта жүрген балалардың құқы­ғын қорғап, өмірін сақтаймыз”, – деп жауап берді. Комитет мүшесі, Мәжіліс депутаты, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комис­сияның төрағасы Сағынбек Тұрсынов “Республикамызда халық саны бар болғаны 16 миллион ғана, әрқайсымыз сол сыртқа кеткен баланың бір-біреуін бағып алсақ, тіпті жақсы болар еді”, – деп демографиялық ахуалымызға алаңдаушылығын білдірді. Комитет мүшелерінің қызу талқысынан өткен заң жобасы жалпы отырысқа жолдама алды. Білім және ғылым министрінің орынбасары Махметғали Сарыбе­ков бүгінгі отырыста “Қазақстан Республикасының кейбір заңнама­лық актілеріне отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы бойынша да баяндама жасады. Комитет мүшелері министрдің орынбасары мен қосымша баян­дамашының сөздерін тыңдап, заң жобасына қолдау білдірді. ЖҰМЫС БАБЫНДАҒЫ ЖҮЗДЕСУ Қазақстан Республикасы Пар­ламентінің Сенаты мен Ресей Фе­дерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі парла­менттік топтың үшінші отырысы ұсыныстарын жүзеге асыру мәсе­лелері парламенттік топтың тең- төра­ғалары Ақан Бижанов пен Вла­димир Бабичевтің Мәскеуде өткен жұмыс бабындағы кездесуін­де талқыланды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. Өткен жылдың қазан айында Мәскеу қаласында өткен үшінші отырыста шекара маңы ынтымақ­тастығын заңнамалық қамтамасыз ету жұмысының жай-күйі және оны дамытудың келешегі, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардың нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру мәселелері қарастырылған болатын. Кездесу барысында, сонымен бірге, алдағы төртінші отырыстың күн тәртібіндегі мәселелер талқы­ланды. Қазақстан халқы Ассам­блея­сының жұмысын заңнамалық қамтамасыз ету тәжірибесі, сондай-ақ білім беру және ғылыми-технологиялық салалардағы қарым-қатынастың жай-күйі мен келешегі, кәсіби-техникалық білім берудің жағдайына қатысты мәселелер депутаттар назарына ұсынылатын болды. Ынтымақтастық жөніндегі парламенттік топтың қазақстандық жағының теңтөрағасы, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы А.Бижановың пікірінше, екі мем­лекеттің парламенттері арасын­дағы сындарлы қарым-қатынастың жоғары деңгейі екі жақты ынты­мақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін болады. Сол күні ҰҚШҰ-ға мүше мем­лекеттер делегациялар басшыла­рының кездесуі болды. Халықара­лық ұйымның болашақтағы жұмы­сы, оның Парламенттік Ассамб­леясы Кеңесінің алдағы отырысы үшін құжаттар әзірлеуге қатысты мәселелерді талқылауға ҰҚШҰ-ның Парламенттік Ассам­блея­сының саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы ретінде А.Бижанов қатысты. ТАБЫСТЫЛЫҚҚА ТІЛЕКТЕСТІК Парламент Сенатының Халық­аралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов Бельгия Ко­­рольдігінің Қазақстан Республика­сындағы Төтенше және өкілетті ел­шісі Даниель Бертранмен кездесті. Тараптар Қазақстан-Бельгия қатынастарының табысты дамып келе жатқанын атап өте келіп, Бель­­­­гияның Мұрагер бекзадасы Филипп бастаған ірі бизнес-делегациясының үстіміздегі жылғы күзге белгіленген Қазақстанға сапары көптарапты ынтымақтастық үшін жаңа мүмкін­діктер ашатынын атап өтті. Қ.Сұлтанов парламентаралық байланыстар мен халықаралық ынтымақтастықты дамыту және нығайту жөніндегі өзі басқаратын комитеттің жұмысы туралы әңгі­меледі. Ол Д.Бертранның Қазақ­стандағы дипломатиялық миссия­ның басшысы ретіндегі қызметі өзара сенімді одан әрі нығайтуға, екі ел арасындағы қатынастарды дамытуға жәрдемдесетінін атап өте келіп, осы қызметте табысты болуға тілектестігін білдірді. Даниель Бертран өз кезегінде көптеген халықаралық мәселелерде, оларды шешудегі Қазақстан мен Бельгияның ұқсастықтарын айта келіп, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі жемісті боларына сенім білдірді. ҚАРТАЛЫ ЖОЛЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРЫЛАТЫН БОЛДЫ Өткен жылдың аяғында Мәжіліс депутаты Бағила Баймағанбетова Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің атына сауал жолдап, “Тобыл-Қарталы” темір жол бағытын Үкіметтің 2004 жылғы 11 қарашадағы “Әлеуметтік маңызы бар облысаралық қатынастар” атты қаулысында көрсетілген тізілімге енгізуді өтінген еді. Оның мәнісі төмендегідей: 2009 жылдың 21 мамырында Ресей Феде­ра­циясының үкімет басшысы В.Путин Астанаға ресми сапармен келгенде екі ел­дің арасында 1996 жылдың 18 қазанында жасал­ған “Темір жол көлігіндегі кәсіп­орын­дардың іс-әрекеттерін құқықтық жол­мен реттеудің ерекшеліктері” атты елара­лық келі­сімге өз­геріс енгізіліп, “Тобыл-Четалок” бағы­­ты Қа­зақ­­станға қаратылып, “Қазақстан темір жо­лы” Ұлттық компа­ниясының бас­қаруына берілген еді. Жоғарыда айтылған “Тобыл-Қарталы” қатынасы осы бағыттың бір үзігі. Ондағы тасымал жұмыстарын Қазақстан темір жолының “Қаламаңы тасымалы” АҚ атқарады. Енді осы үзіктегі жолға қызмет ету үшін “Қаламаңы тасымалы” АҚ аттану стан­са­сына байланысты (Тобыл немесе Қостанай) 53 немесе 95 млн. теңге субсидия бөлінуі керек-тін. Бірақ бұл үзік жоғарыда депутат көрсеткен тізілімге енгізілмегендіктен, субсидия бөлінбей отыр. Депутаттың тізі­лімге енгізуді өтініп отырған себебі сол. Сондай-ақ бұл сауалға депутаттар В.Виш­ниченко, А.Тұрсынов және О.Киколенколар да қол қойған болатын. Өзінің жауабында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов көтерілген мәселенің орынды екенін айта келіп, аталмыш жол үзігі әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізіліміне енгізілгенін хабарлайды және 2011-2012 жылдарға арнал­ған республ­икалық бюджеттің шығыс­тары дәлден­генде, аталмыш бағыттың шы­ғын­дарын өтеу қарастырылатынын да жеткізіпті. Дайындаған  Жақсыбай САМРАТ. БІТЕР ІСТІҢ БАСЫНА ЖАҚСЫ КЕЛЕР ҚАСЫНА Шалғайда жатқан ауыл-село тұрғында­рына күрделі медициналық операцияларды жасату оңайға түспейді. Оның ішінде ата-ана үшін бауыр еті – баласының қиналға­нын көріп, оған қажетті көмекті бере алмау азаптың азабы. Міне, осылайша пұшайман болып жүргенімізде жанымызға медеу, иығымызға сүйеу бір азамат таптық. Ол –  Парламент Мәжілісінің депутаты Дауылбай Құсайынов. Алла жар болып, Дауылбай Мейрамұлы­ның көмегімен баламды Алматыға апарып, көзіне операция жасаттық. Шүкіршілік, опе­ра­ция сәтті өтіп, балам аман-есен қатар­­ға қосылды. Ана үшін мұнан артық бақыт бар ма?! Қиналып, қамығып жүргенімде осы қуанышты күнге жетемін деп ойлаппын ба. Сол себептен аналық жүрегіммен алғы­сымды айтып, біз үшін “шиеленген түйінді, шимай­ланған қиынды” шешкен сіздің азаматты­ғыңызға басымды иемін. Сіздей азаматтың амандығын тілеймін. Еліңіз елер еңбегіңіз, толайым табыстарыңыз көп болсын. Ләззат ТАҒАЕВА, Қарағанды облысы. МӘСЕЛЕМДІ ОҢ ШЕШІП БЕРДІ “Адамның басы – Алланың добы”  демей ме, 2008 жылдың сәуір айы мен 2009 жылдың мамыр айына дейінгі кезең мен үшін өте ауыр уақыт болды. Басыма түскен қиын жағдайда білімді де білікті заңгердің көмегін қажетсіндім. Қиналғаннан Парламент Мәжі­лісінің депутаты Нұртай Сабильяновтан кө­мек сұрадым. Нұртай Салихұлы болса, сөзге келместен менің мәселем­ді шешіп берді. Мен бұған дейін де ол кісіге халыққа жаны ашитын адал азамат деп сырттан  сүйсініп жүруші едім. Көңілім алдамапты. Енді қысылғанда көмек қолын созған азаматқа аналық алғысымды жеткізіп, осындай азаматтар елімізде көп болса екен деген тілегімді айтқым келеді. Роза ИСПАЕВА, зейнеткер ұстаз. Шығыс Қазақстан облысы.