Көрменің тақырыбы «Болашақтың энергиясы» деп аталды. Бұл заманауи әлем үшін өте өзекті тақырып. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, еліміздің табиғи бай энергия қорларына қарамастан, құрамдас бөлігі жаңғырмалы энергетика болып табылатын жасыл экономиканы дамытудың келешегін болжап, оны ұлттық жобаның идеясына айналдырды. Республикамызда жасыл экономика және жаңғырмалы энергия көздері (ЖЭК) туралы айтып қана қоймай, осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. Біздің ғалымдарымыз мен инженерлеріміз парниктік газдардың шығарындыларын азайту мәселелерімен айналысады, «күн кластерін» дамытады. Үштөбе және Қарағанды қалаларының кәсіпорындарында тазалығы жоғары металлургиялық кремний өндірілді. ТМД-да алғаш рет тазалығы 99,6%, содан кейін 99,99% құрайтын жоғары сапалы кремний алу технологиясымен жұмыс істейтін «Kaz Silicon» зауыты іске қосылды. Францияның атом энергетикасы жөніндегі комитетінің INES Күн энергетикасы институты «Kaz Silicon» кремний зауытының бұл қасиеттерін растады. Және ол 2010 жылдың соңында Францияға ресми сапармен барған Елбасы Н.Назарбаевқа ұсынылған күн сәулелі модулін дайындау кезінде қолданылды.
Қазақстанда сонымен бірге жел электр стансалары құрылды. Отандық ғалымдар ЖЭК саласындағы өздерінің әзірлемелерін ұсынып қана қоймай, жобаларды да жүзеге асырды. Зерттеулер, тәжірибелер Мемлекет басшысының, Үкіметтің, салалық министрліктердің, сондай-ақ, БҰҰДБ ұсынған нақты бағдарламалар бойынша жүргізілді. Осының нәтижесінде бұл жұмыс жүйелік сипатқа ие болды. «Қазақстан-2050 Стратегиясында бұл міндеттерді Президент былай тұжырымдады: «Көмірсутегі шикізатының нарығында ірі ойыншы болып қала отырып, біз энергияның баламалы түрлерін өндіруді дамытуға, күн мен желдің энергиясын пайдаланатын технологияларды белсенді енгізуге тиіспіз».
Қазақстанның ғалымдары мен инженерлері тарихи тұжырымды тікелей басшылыққа алып, ірі жаһандық шара – ЭКСПО-2017 олар үшін жаңа ғылыми жұмыстармен, көрмесін жаңа инновациялық идеялармен, жобалармен және жетістіктермен лайықты қарсы алуға жұмылды. Осыған байланысты еліміздің екі ірі ғылыми ұйымдары - Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы (ҚазҰЖҒА) мен Қазақстан Ұлттық инженерлік академиясы (ҚР ҰИА) ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында WSEC-2017 Инженерлер мен ғалымдардың дүниежүзілік конгресін өткізу бастамасын көтерді.
Біздің бұл форумның тақырыбы: «Болашақтың энергиясы: инновациялық сценарийлер және оларды жүзеге асыру әдістері». Конгресс ЭКСПО-2017 тақырыбымен байланысты және осы көрме аясында өткізіледі. Біздің конгресс өткізудегі басты идея әлемнің жоғары дәрежелі ғалымдарын, экологтарын, инженерлерін, энергетиктерін әлемдегі қазіргі таңдағы энергетика саласындағы жаңалықтармен және тұжырымдамаларымен таныстыру, оны дамытудағы тәуекелдер мен сын-тегеуріндерді жетекші трендтер арқылы талқылау және түсіну, ең беделді халықаралық ұйымдарға, әлемнің ірі энергетикалық компанияларына және инновациялық фирмаларға пікірталас үшін диалогтік алаң ұсыну болатын.
Энергетика саласындағы ізденістер бойынша нағыз кәсіби және білікті мамандар осы ЭКСПО-2017 көрмесіне жиналмақ. Біздің конгресс үшін мұндай сәтті әрі білікті аудитория табылмайды. Сондықтан, ЭКСПО және WSEC мақсаттары мен міндеттерінің абсолюттік сәйкестігі конгресс жұмысының жоғары нәтижелілігіне кепілдік береді, жоғары синергетикалық нәтижені қамтамасыз етеді.
Екі академияның ұсынысын еліміздің Энергетика, Сыртқы істер, Білім және ғылым министрліктері қолдады және өте қиын дайындық кезеңі барысында өзара тығыз байланыста жұмыс атқарылды. Конгреске дайындық 2014 жылы басталды және ол республикада және әлемде үлкен қызығушылық тудырды. Біздің атсалысуымызбен конгрестің негізгі органдары құрылды. Оның ішінде ғалымдар және беделді ұйымдардың басшылары мен 23 елдің компаниялары кіретін Халықаралық бағдарламалық комитеті де бар. Оны басқару міндеті маған тапсырылды. ҚР ҰИА президенті, академик Бақытжан Жұмағұловтың басқаруымен Ұйымдастыру комитеті құрылды. Конгрессті өткізуге дайындық барысында біз отандық және шетелдік әріптестермен ондаған кездесулер, конференциялар, ғылыми сессиялар, кеңестер өткіздік. Біз шет елдерге сапарға шығып, WSEC-2017 дайындауда және өткізуде көптеген салалық құрылымдармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойдық, қарқынды және мүдделі келіссөздер жүргіздік, түрлі халықаралық форумдар мен конференциялардың алаңдарын пайдаландық.
Қазіргі таңда біз ұйымдастыру кезеңінің қорытындысын жасай отырып, оның жемісті болғанын атап айта аламыз. Конгреске 1000-нан астам жетекші ғалымдар, инженерлер, әлемнің 51 елінен ірі компаниялардың басшылары мен өкілдері қатысады. Оған IRENA – жаңартылатын энергия көздері бойынша халықаралық агенттігі, Masdar Ғылым және технология институты, «Жаһандық энергия» Халықаралық сыйлық комитеті, Әлемдік Энергетикалық Кеңес және басқа да ұйымдар мен бірлестіктер сияқты беделді ұйымдар қатысуын растады. Сондай-ақ, Халықаралық энергетикалық агенттік (Франция); Германия Жел энергиясының қауымдастығы; Инженерлік істің корольдік академиясы (Ұлыбритания); Жаңа технология, энергетика және экономикалық тұрақты даму бойынша агенттігі (Италия) Астанада өтетін басқосуға келмек. Қатысушылардың ішінде әлемнің жетекші энергетикалық компаниялардың өкілдері, Нобель сыйлығының және «Жаһандық энергия» Халықаралық сыйлығының лауреаттары, энергетика саласындағы танымал сарапшылар, ғалымдар, инженерлер, даму институттары мен мемлекеттік органдардың басшылары мен өкілдері де баршылық.
Конгрестің тақырыптық мазмұнына және оның бағдарламасына біз әлемдегі энергетиканың ең маңызды, қызықты және перспективті даму бағыттарын кіргізуге тырыстық. Нәтижесінде төрт тақырыптық блоктарды қамтитын форумның тұжырымдамасы айқындалды: Бірінші блок «Бүкіләлемдік энергетиканың 2050 жылға дейінгі дамуының келешегі мен сценарийлері» тақырыбына арналған. Оны академиктер Альберт Болотов және Қалық Абдуллаев, профессор Қайрат Бакенов басқарады. Екінші блок «Энергетикалық трилемманың балансы: қауіпсіздік, қолжетімділік және эко-логиялық тұрақтылық» тақырыбын қарастырады. Оған «Самұрық-ЭНЕРГО» АҚ басқармасының төрағасы Алмасадам Сәтқалиев басшылық жасайды. Академиктер Ұзақбай Қарабалин, Болат Өжкенов және Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев «Әлемдік энергетиканы және энергетикалық нарықты дамыту үрдістері» тақырыбы бойынша үшінші блоктың жұмысын ұйымдастырады.
«Ғылыми кадрлармен қамтамасыз ету» төртінші блокты Білім және ғылым вице-министрі басқарады. Осы блоктың қосалқы жетекшілері ретінде Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов және Алматы энергетика және байланыс университетінің президенті Ержан Сырғалиев бекітілді. Тақырыптық блоктар бойынша конгресс барысында белгілі тақырыптық бағытта он мамандандырылған секция өтеді. Сондай-ақ, екі пленарлық отырыс, дөңгелек үстелдер, баспасөз-мәслихаттары және басқа да іс-шаралар өткізу жоспарланған. Осылайша, саланың негізгі тақырыптарына ғылыми және практикалық тұрғысынан назар аударылатын болады. Тақырыптық қамтылудың жоғары деңгейін әлемге аты шыққан баяндамашылар қамтамасыз етеді, олардың ішінде Нобель сыйлығының төрт лауреаты, «Жаһандық энергия» халықаралық сыйлығының оннан астам лауреаттары, әлемнің ірі энергетикалық компанияларының басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері және энергетика саласындағы жетекші ғалымдар мен мамандар бар.
Біз ұсынылған баяндамалардың көпшілігі таяу болашақта тәжірибелік жолын табады деген сенімдеміз. Жаңғырмалы энергия көздерінен алынатын энергия бағасының тұрақты төмендеуінің жаңа ғасырдың басында басталған жалпыәлемдік трендін жалғастыратын технологиялық қана емес, сондай-ақ, экономикалық шешімдер табысты болады деп үміттенеміз. ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушы елдер жәдігерлерінің көбі, Қазақстанда тәжірибе жүзінде пайдалану үшін үлкен қызығушылық тудыруда.
Және бұл WSEC-2017 Дүниежүзілік конгресіндегі бүкіл әлемнің инженерлері, экологтары, ғалымдары жауаптарын іздейтін және ұсынатын практикалық тапсырмалардың бөлігі ғана.
Жаңғырмалы энергетиканың әлемдік тренді айқын белгіленгендіктен, конгресте алыс болашаққа бағытталған баяндамалар да тіркелген. Олар жаңа ғылыми жетістіктер мен инновациялық технологиялар арқасында іске асыруға болатын жаңа идеяларды ұсынады. Әлемдік ғылыми-инженерлік қоғамдастықтың бірегей форумы қазіргі заманғы және болашақ энергетикасын дамытудың маңызды міндеттерін шешуде сүбелі үлес қосады деп сенеміз,. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі бұл жаһандық басқосудың табысты өтетіндігінің шынайы кепілі болмақ.
Нұртай ӘБІҚАЕВ,
SEC-2017 Халықаралық бағдарламалық комитетінің төрағасы, Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының президенті