Көкшетау қаласынан 45 шақырым жерде орналасқан ауылға жету оңайға түскен жоқ. Кеңестік дәуірден бері жөндеу көрмеген шұрық тесік жол есімізді шығарды. Жолы осындай болғанда, шаруашылықтың жайы мәз емес шығар деген күдіктің болғаны да рас. Осылайша екіұшты ойда жеткен біздерді ақ түсті «джип» мінген «Грин Азия» ЖШС директоры Олег Хан күтіп алды. Бір кездері өзі құрған шаруашылық базасына апарып, жұмыс барысымен таныстырды. Оның айтуынша, қазіргі таңда көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу мен күзгі жиын-терімге қатысты қарапайым жұмыс тетігін ойластыру қажет. Бұған дейін олар Азық-түлік корпорациясымен жұмыс істеп, егін алқабы аумағы бойынша тапсырыс беріп, ақша алып келіпті. Оны күзгі жиын-терімде не өндірген өнімдерімен немесе ақшалай қайтарып отырған. Өте ыңғайлы әрі қарапайым тетік еді, дейді Олег бізден қолдау күткендей. Ал егер құрғақшылық бола қалса не істейсіздер, дедім сұрағымды төтесінен қойып. Оған асып-саспастан жауап қатқан шаруашылық басшысы кез келген жағдайда жермен жақсылап жұмыс істей білген адам бәрібір бірдеңе алатынын, ол үшін жер өңдеу технологиясын сақталынуы қажеттігін және барлығын дер кезінде атқара алуы керектігін ортаға салды. «Біз жермен жұмыс істеген бес жылда минусқа кеткеніміз жоқ. Қанша салсақ та әйтеуір нәпақамызды айырып отырдық», дейді Олег Викторович.
Қазіргі таңда 7,5 мың гектар жерге тұқым сеуіп жатқан «Грин Азия» ЖШС-нің қол астында 60 адам жұмыс істейді екен. Олар осы айналадағы елді мекендер тұрғындары. Өзі де осы жерге тұрақтағандығын, енді осында қалатынын жеткізген серіктестік директоры оңтүстік пен солтүстіктің өзіндік ерекшеліктермен де бөлісті. Алматы қаласының тумасы болса да оған солтүстік тұрғындарымен жұмыс істеу оңайырақ көрінеді. «Жергілікті тұрғындарға қолдау білдіріп келе жатқанымыз фирма үшін анау айтқандай қиын да шаруа емес. Бірақ адамдар үшін бұл ерекше қуаныш сыйлайтын игі іс дегім келеді», деді ол өзі басқарып отырған фирма жұмысына ойысып. Биыл аталған серіктестік зығыр мен рапс
тұқымын сепкен. Сонымен қатар аздап бидай да егіпті. Түскен өнім элеватордан тікелей сатылып отырылады екен. Қазіргі таңда ауылшаруашылық өнімдерін сатуда ешқандай проб-
лема жоқ көрінеді. Сондықтан да серіктестік қажетті ауылшаруашылық техникаларын әртүрлі жолмен: нақты ақшаға, несиеге немесе лизинг арқылы сатып алып жатқан жайы бар. Өзге шаруашылық субъектілерімен бірігу жайын сұрағанымызда ЖШС директоры өзі үшін кооперацияға бірігу әлі де пісуі жетілмеген мәселе екендігін алға тартты. «Өйткені 70 жыл дәурен құрған кеңестік кезде барлығы да ортақ болатын. Қазіргі кезде әркім өзінше қарекет етуде. Енді қайтадан бірігу қажет екен. Менің түсінбейтінім, неге өзге біреумен бірігіп, сол үшін жауап-
кершілікті өз мойыныма алуым керек?! Біреу тұрмақ, өзімнің жағдайым ертең не боларынан бейхабармын», дейді Олег Викторович.
Шаруашылық жұмысымен танысу барысында жанымызда еріп жүрген Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Ербол Жүсіпбеков та көптеген жайттан хабардар ете кетті. Оның мәліметіне қарағанда, биыл ауданда 231 мың 600 гектар алқапқа тұқым себілген. Осы мақсатқа өткен жылы 21 мың 800 тонна конденсатталған тұқымдық әзірленіпті. Бүгінгі таңда аудандағы барлық шаруашылық жеңілдетілген жанар-жағармаймен қамтамасыз етілген және жұмыстарын өрге бастыру үшін 638 млн теңге несие де алыпты. Сондай-ақ, 500-600 млн теңгенің жұмыстарын олар өз қаражаттары есебінен атқаратындықтары да аталмай қалған жоқ. Осылайша, 1 млрд 200 млн теңге көктемгі егіс жұмыстарына бағытталуда. «Бүгінгідей екпінмен жұмыс жүргізілетін болса, онда ертерек аяқтап қоюымыз да мүмкін. Оған қажетті техника мен жағармай жеткілікті. Реті келгенде айта кету керек, аудан бойынша 82 шетелдік трактор бар. Оған қоса биыл тағы 300 млн теңгеге 22 дана трактор мен себу қондырғылары сатып алынды. Қысқасы, жердің ылғалдылығы жеткілікті, оның үстіне барлық жағдай жасалған», деді Ербол Кәрімұлы. Белгілі болғандай,
биыл аудан бойынша егін алқабы 231 мыңнан 166 мың гектарға дейін қысқарған. Соның ішінде бидай алқабы 120 мың гектардан 99 мыңға дейін кеміген. Оның басты себебі, шаруашылықтар май дақылдарын өсіруге бейімделуде көрінеді. Өйткені майлы дақылдар өзін-өзі ақтайды. Мысалы, өткен жылы зығырдың тоннасы 120 мың теңгеге жетіпті. Бұдан басқа, шаруашылықтар биылдан бастап жасымық егуге де кірісіпті. Оның үстіне биыл 173 гектар алқаптың ылғал сақтау технологиясы бойынша құнарлылығы арттырылып отыр. Аудандағы жұмыссыздық жайы туралы қойған сауалымызға әкім орынбасары өздерінде анау айтқандай бос жүргендер жоқтығын алға тартты. Аудан тұрғындары үшін дүкендер ашу, наубайхананы іске қосу, мал бордақылау сияқты 88 жоба қолға алыныпты. Адамдарды жұмыспен қамтудың тиімді тетігі осылайша жүзеге асып келеді екен. Сондай-ақ жергілікті тұрғындардан сүт сатып алу да жолға қойылған.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы