Шара Қазақстан мен Қытай елдері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ұйымдастыруымен, «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігі мен Жэньмин хуабао» журналының атқаруымен өткен шараға екі тараптың жауапты өкілдері қатысты.
Биыл Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы. Фотокөрменің ұйымдастырылуының бір себебі осы екенін «Қазақпарат» басшысы Асқар Құмыран айтты. Ал ҚХР әдеби туындылардың шет тілдерінде басылуы және таралуы жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Фа Жың Хуайбасқарманың былтыр «Қазақпарат» агенттігімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғанын, өткізіліп отырған шара сол келісімнің нәтижесі екенін баяндады.
Фотокөрмеге екі елдің ең көрікті жерлерінің суреттері қойылды. Мысалы, Каспий теңізі, Баянауыл ұлттық мемлекеттік табиғи паркі, Бурабай көлінің, Астананың көрікті ғимараттарының, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы кесененің фотолары еліміз тарапынан қойылса, Қытай елі тарапынан Ұлы Қытай қорғанының, Бейжіңнің орталығындағы кіруге тыйым салынған жер – Мин және Цин империясының император сарайының, Юньнаньдағы 270 миллион жыл бұрын қалыптасқан Кунмин қаласының, Шэньсин өлкесіндегі Бинсянь будда храмының, Сияоянь мұнарасының, Гансу өлкесіндегі Уймэнгуан көне жұртының фотосуреттері қойылды. Жалпы, көрмеден екі елдің қорғауға алынған аң-құстарын, үй жануарларын, достық рәуіштегі кездесулерді бейнелейтін көптеген фотоларды ұшыраттық.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»