Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетовтің айтуынша, басты шахарды санитарлық тазалау және абаттандыру бойынша үшайлық аясында жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Оның ішінде эстетикалық талаптарға сәйкес келмейтін бөгеттер мен қоршаулар алынуда. Жабық қоршау иелеріне торлы полимерлі жабылғы түріндегі заманауи еуроқоршаулардың баламалы түрлері ұсынылды.
Құмар Іргебайұлы қаланы абаттандыру тек қана сәнсіз қоршауларды алып тастау ғана емес, ол облыс орталығын көгалдандыру, көше жолдарын, бақтарды, Қазақстан Конституциясы көшесін, аулаларды қалпына келтіру екендігін атап айтты.
«Бүгінгі күні «қызыл белдеулерге», яғни коммуникациялар өтетін аумақтарға іс жүзінде ғана емес, моральдық жағынан да ескірген дүңгіршіктер мен сауда нүктелері салынған. Олар қаланың бет-бейнесін бұзып тұр, эстетикалық талаптарға жауап бермейді. Ашық түрде сауда жасайтын базарлар көп. «Қызыл белдеуде» тұрған нысандар, бақылаусыз сауда орындары алынып тасталатын болсын», деп аймақ басшысы қатаң ескертті.
Облыс әкімі «Береке» шағынауданын абаттандыру жағдайына да ерекше назар аударды.
«Әсем аудан бой көтеріп келеді. Онда құрылыс қарқынды жүргізілуде. Алайда, оны көркейту ісінде шешімін күткен мәселелер өте көп. Аулаларда толығымен антисанитарлық жағдай орын алған. Құрылыс қарқынды, ал аумағы адам көргісіз. Абаттандыру үшін жақсы жоспар дайындалмаған. «Береке» қаланың ең көрікті шағынаудандарының бірі болуы тиіс», деді өңір басшысы.
Бұл аумақта жанға жайлы логистиканы қамтамасыз ету, бюджетте жаңа жолдар салу қарастырылған.
Талқылау барысында вокзал алаңындағы «қызыл белдеулерге» орналасқан нысандар да қатты сынға алынды.
Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан»