Қазақстан • 06 Маусым, 2017

Елордада ШЫҰ Университеті жөнінде келісімге қол қойылды

128 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің алдыңғы қатарлы ғалымдары симпозиумы аясында ШЫҰ Университетінің қызмет істеуі туралы келісім бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Елордада ШЫҰ Университеті жөнінде келісімге қол қойылды

Аталған құжатқа Қазақстан тарапынан Білім және ғылыми министрі Ерлан Сағадиев, Қырғызстаннан Білім және ғылым министрі Гүлмира Құдайбердиева, ал Ресей жағынан Білім министрінің орынбасары Людмила Огородова қол қойды.

«Бүгінде ұйым кеңістігінде білім саласында көпжақты өзара іс-қимылдың басты тетігі болып ШЫҰ Университеті есептеледі. Осы орайда ШЫҰ Университеті аясында жоғары білікті кадрларды даярлау ұйымға мүше мемлекеттердің мәдени, білім беру, экономикалық ынтымақтастығының басымдықты салаларында жүзеге асырылуы керектігін түсінеміз», деп тоқталды Сағадиев.

Оның сөзіне қарағанда, ШЫҰ Университетінің негізгі миссиясы жоғары білікті кадрларды үйлестірілген түрде даярлауға бағытталуы тиіс, сондай-ақ бұл шаралар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үшін басымдықты мүддені көздейтін мамандықтар бойынша келісілген білім беру бағдарламаларына негізделуі қажет.

Белгілі болғандай, бүгінде ШЫҰ Университеті құрамына алты бағыт бойынша Қазақстанның 14 жоғары оқу орны кіріп отыр. ҚР Білім және ғылым министрінің пайымынша, аталған Келісім ШЫҰ бірыңғай білім беру кеңістігін нығайтуға ықпал етеді. Қатысушы мемлекеттердің білім беру ресурстарын интеграциялауға жол ашады.

Айта кетейік, симпозиум ШЫҰ Хартиясына қол қойылуына 15 жыл толуына арналып отыр.