Аппарат кеңесінде аймақтағы жол жөндеу жұмыстарының және дене шынықтыру мен спортты дамытудың барысы туралы мәселелер қаралды.
Күн тәртібіне сай облыс әкімі жиналғандарға жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жаңа басшысы Жоламан Бәкішевті таныстырып, қызметіне табыс тіледі. Осы басқарма басшысының орынбасары Дудар Сағитовтің жасаған баяндамасында облыста 7890 шақырым жол бары айтылды. Оның 2260 шақырымы республикалық, 2665 шақырымы облыстық маңызға ие. Осы күні бұл жолдардың біразы жөндеуді талап етеді.
2017 жылы басқармаға осы мақсатқа 11,7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның 5 миллиардқа жуығы республикалық, қалғаны облыстық бюджеттен бөлініп отыр. Бұл қаржыға 177,7 шақырым жергілікті маңыздағы жолдар жөнделуі тиіс. Бұл жұмыс бес бағдарлама аясында жүзеге асырылмақшы. Соның ішінде Астананың іргесіндегі елді мекендерді және Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамытуға қатысты жұмыстар ерекше орын алады.
Баяндамашы осы жұмыстардың барлығын егжей-тегжейлі айта келе, облыс әкімінің қойған сауалдарына да жауап беруіне тура келді. Аймақ басшысы әсіресе, жолдарды жаңартуға және жөндеуге бөлінген қаржының тиімді жұмсалып, толық игерілуіне баса екпін қойды.
Сонымен қатар, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Надежда Патюткинаның да баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, өткен жылға қарағанда жаңадан 71 спорт қондырғысы іске қосылған екен. Баяндамашы аймақта кейбір спорт түрлерінің дамымай отырғанын айтып, шеттен шақырылатын жаттықтырушыларға пәтер болса деген тілегін жеткізді. Жергілікті «Оқжетпес» командасының стадионын жөндеу мәселесі де сөз болды.
Кеңесті қорытындылаған аймақ басшысы стадионның қайта жаңартылатынын атап өтті.