Аймақтар • 07 Маусым, 2017

Награда 72 жылдан кейін иелерін тапты

119 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Петропавлдағы Достық үйінде майдан даласында ерлікпен қаза тапқан қос жауынгердің ұрпақтарына үлкен құрмет көрсетілді.

Награда 72 жылдан кейін иелерін тапты

Жиынды облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әдия Ахметова ашып, қан майданда ерлікпен қаза болған жерлестеріміз – Әбутәліп Ысқақов пен Василий Петровтың өмірбаянымен таныстырды.

Әбутәліп Ысқақов 1942 жылы майданға Шал ақын ауданынан аттанып, Шығыс Пруссияны жаудан азат етуге қатысқан. Ал Василий Петровтың ұрпақтары бүгінде Қызылжар өңірінде тұрады. Есіл ерлер ерен ерліктері үшін соғыс жылдары «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталса да, әртүрлі себептермен иелерін таппаған. Марапаттың құжатын олардың ұрпақтарына Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы елшісінің кеңесшісі Елена Лысенко салтанатты түрде  тапсырды.

«Асқар тау әкемнен алты жасымда айрылдым. Отан үшін от кешіп, қаза болған ерлігіне басымды иемін. Үйімде әкемнің  еңбек кітапшасы мен  майдан даласынан жазылған  үш хаты  сақтаулы. Мұрағатымды енді  «Қызыл Жұлдыз» орденінің куәлігі толықтырып отыр. Ерлік ешқашан ескірмейді деген осы болар», деді майдангердің қызы Зинаида Агеева көзіне жас алып.

Жауынгер Әбутәліп Ысқақовтың Көкшетаудан келген немере інісі Сабыр Сеңкібаев осындай игі шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдірді.

Соғыс ардагері Степан Башкиров, қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Қайрат Ысқақовтың батыр бабаларымыздың  ерліктері, соғыстың зардаптары, бүгінгі тыныш заманның қадірі жайлы әңгімеледі.

Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан»