Қазақстан • 07 Маусым, 2017

Астанада мүмкіндігі шектеулі балалардың сурет көрмесі өтті

380 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласындағы 65 метептің түзету сыныптары және №38 мектептің оқушылары зағип жандар мен көздері нашар көретін балалардың жұмыстары қойылған «Жаңа көзқарас» сурет көрмесіне барды. Көрме Назарбаев орталығында ашылды, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Астанада мүмкіндігі шектеулі балалардың сурет көрмесі өтті

Шараны Ұлт көшбасшысы - ҚР Тұңғыш Президенті Қоры ұйымдастырды. Көрмеге Алматы мен Қарағанды қалаларының көзі нашар көретін балаларға арналған арнайы мектеп-интернаты тәрбиеленушілерінің жұмыстары қойылған.

- Бүгін бізде өте ауқымды жоба қолға алынды әрі оның балалар үшін маңызы зор. Мағыналы, мәнді қадам жасадық. Бастама - көзі нашар көретін балаларды әлеуметтік жағынан бейімдеп, оларды қоғаммен біріктіруге бағытталып отыр. Сонымен қатар, оларды сурет өнері әлеміне шақырып, талантты, көпқырлы мүмкіндіктерін ашу, - дейді Ұлт көшбасшысы - ҚР Тұңғыш Президенті Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев.

Ағымдағы жылдың сәуір айында ҚР Франция Елшілігі және Алматы қаласындағы француз Альянсымен бірлескен жоба аясында Президент Қоры мектеп-интернаттың оқушыларына суретке түсіру өнері бойынша француздың танымал сурет шебері Эрик Ваззолермен шеберлік сыныбын ұйымдастырды. Жоба мақсаты – балаларды сурет өнеріне баулу, фотоаппараттар мен смартфондарға түсірілген суреттер арқылы олардың өмірі жайлы баяндау. Бұдан бөлек, Эрик орыс тілін жақсы меңгерген, сәйкесінше балалалармен байланысуда тілдік кедергі болған жоқ.  

Суретшінің зағип балалар мен көзі нашар көретіндерге арналған арнайы әдістемесі жоқ. Дегенмен, ол 30 жылдан бері Франция, Германия, Польша және ТМД елдерінің осындай санаттағы балаларымен жұмыс істеп келеді.