Әлем • 07 Маусым, 2017

Иранда атыс-шабыстан кемі 12 адам өлді

179 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Иран парламенті ғимараты мен Тегерандағы Аятолла Хомейни кесенесінде атыс болып, соңғы ақпараттар бойынша, салдарынан 43 адам жараланып, 12 адам қаза тапты, деп хабарлайды CNN басылымы.

Иранда атыс-шабыстан кемі 12 адам өлді

Жергілікті биліктің мәліметінше, тәртіп сақшылары үшінші жарылыстың алдын алып қалған.  

Лаңкестікті ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған) ұйымы өз мойнына алды. Айта кетерлігі, аталған ұйым алғаш рет Иранда террорлық акт ұйымдастырып отыр. 

Террорлық әрекеттердің артынша лаңкес ұйым осы оқиғаның бейнежазбасын интернетте таратқан. 

Иран ақпарат құралдарының мәліметінше, тәртіп сақшылары парламент ғимаратына жасырынған төрт лаңкестің көзін жойды. Қаза тапқан 12 адамның қатарына төрт лаңкестің қосылған-қосылмағаны әзірге белгісіз. 

Интернеттегі бейнежазбада көрсетілгендей, әйел киіміндегі лаңкес ғимараттың негізгі есігінен кірген. 

Ақпарат құралдарының мәліметінше, бұл террорлық акт 1979 жылғы Ирандағы Исламдық революциядан бергі ең қанды оқиғалардың бірі ретінде тіркеліп отыр.