Баспасөз мәслихаты бастала сала журналистер Джеки Чаннан Димаш Құдайбергенмен кездесу туралы сұрап, Джекидің Димаш туралы ойын білді. «Кездейсоқ теледидарымды қосып қалсам, Сіздердің талантты әншілеріңіз өлең айтып жатыр екен. Оның өнеріне, өзіндік ерекше дауысына таң қалдым. Кейінірек білсем, ол менің жанкүйерім екен. Димашпен танысып, кездескеніме қуаныштымын. Бұйырса, ол кино әлемінің үлкен жұлдызы болады», - дейді Джеки.
Сондай-ақ, ол журналистердің «Қазақстанда кино түсіру ойыңызда бар ма?» деген сұрағына актер елімізде кино түсіру жоспарында бар екенін, бірақ, уақыттың тапшылығы қол байлау болып тұрғанын айтады. Дегенмен, болашақта міндетті Қазақстанда кино түсіретінін жеткізді.
Әлемді мойындатқан майталман актер болуының басты себебі ретінде Джеки Чан тынбай еңбектенуді, бос нәрсемен айналысудан, мәселен, интернетте отырудан, әркімнің өмірін аңдып отырудан қашуды және өзіңнен әлдеқайда жағдайы төмен жандарға қайырымдылық жасауды атап көрсетті.
– Мен осы деңгейге бір күнде жеткен жоқпын. Бәріне өз уақытымен, тәжірибе арқылы қол жеткіздім. Менде бір киноны түсіріп болғасын демалу деген жоқ. Кино түсіру, рөлде ойнау, оның сценариін жазу, ең аяғы музыкасы мен дыбысын тексеріп, монтаж жұмысымен айналысудан ләззат алмасам, шаршаған емеспін, – дейді ол.
Бейжіңде кунг-фу бойынша жаттығулар жүргізіп жүрген актер алдағы уақытта Қазақстанда да кунг-фу мектебін ашуға ниетті. «Болашақта әлемнің барлық елінде кунг-фу мектептерін ашқым келеді. Мүмкін Қазақстанда да ашылып қалар», - деді Джеки Чан.
Журналистермен кездесуден соң Джеки Чан Қазақстан-Қытай кинофестивалінің ашылу салтанатына қатысып, отанды сүюге, отаншылдыққа баулитын Қытай тіліндегі «Отан» әнін шырқап берді. Джеки Чанның әнінен кейін сахнаға Димаш Құдайберген шығып, «Singer» жобасында шырқаған «Күзгі мұң» әнін қытайша орындап берді.
Еске сала кетейік, Астанада 7-18 маусым аралығында өтетін Қытай кинофестивалі аясында елордалықтар мен қала қонақтары «Іле өзені», «Шынайы махаббат», «Гүлім», «Қатерлі ісік мырза, кетіңіз», «Қасқыр тотемі» сынды туындыларды тамашалай алады.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»