Қазақстан • 08 Маусым, 2017

Қазақстан жаһандық бәсекелестікте биіктей түсті

2457 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бәсекелестікке қабілеттілік ел экономикасын дамытудың қуатты қозғаушы күші.

Қазақстан жаһандық  бәсекелестікте биіктей түсті

Экономикамыздың жетекші салаларының әлеуеті артып, жаһандану заманындағы бәсекелестікке төтеп бере алатын болса, өркениеттілік шоғырына батыл қадам басқан Қазақстанның да беделі  үстем болмақ.  

Жақында әлемдік бәсе­ке­лес­тікті зерттеу орталығы болып табылатын беделді  Халық­аралық менеджментті дамыту институты (IMD, Швейцария, Лозанна) 2017 жылғы әлемдік бәсекелестік рейтингінің қоры­тындысын жариялады.  Осы 2017 жылғы IMD әлемдік бәсе­келестік рейтингі бойынша Қазақстан былтырғы жылғы көр­сеткішті бірден 15 сатыға жо­ға­рылатып, 32-ші орынды иеленді.

Жаһандық бәсекелестік рей­тингін бағалайтын IMD мето­дологиясы бойынша сынақ 4 көрсеткіш: Экономикалық қыз­мет, Үкімет қызметінің тиім­ділігі, Бизнес тиімділігі және Инфрақұрылым жағдайы бойын­ша бағаланады. Рейтинг  342 көрсеткіш бойынша жүр­гі­­зі­леді. Оның үштен екісі ста­тистикалық көрсеткіштер бол­са,  үштен бірі сауал жүргізу қоры­тынд­ылары болып табылады. Қазақстан бұл халықаралық беделді институттың рейтин­гіне 2008 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді.

Сонымен, IMD-2017 рейтинг сынағы әлемнің 63 мемлекеті арасында жүргізілді. Әлемдегі ең бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде Гонконг, Швейцария және Сингапур елдері танылды. Сингапур осы бәсекелестікте АҚШ-ты ығыстырып, үшінші орынды иеленді. IMD-2017 рейтингі бойынша Қазақстан бірден 15 сатыға көтерілген бірден-бір мемлекет болды. Мәселен, осы бәсекелестікте Қы­тай 7 сатыға жылжыса, Ин­до­незия 6 сатыға, БАӘ 6 са­ты­ға жылжыды. Қазақстан жарыс мәресінде Италия (44-ші орын), Үн­дістан (45), Ресей (46) және Түр­кия (47) мемле­кет­терінен қара үздіріп, алға шықты.

Иә, еліміз егемендік алған­нан бергі жылдары заманауи на­рықтық экономиканы қа­лып­тас­тырып, жаһандық экономиканың ажырамас бөлігі бола білді. Ши­рек ғасырлық тәуелсіздік кезең­інде Қазақстан нарықтық экономи­ка қағидаттары негізінде мүлдем жаңа мемлекет құрып, «Қазақ­стан-2030»  Стратегиясын жүзеге асырды. Еліміз жедел қарқын­мен дамып, әлемдегі ең қуатты 50 елдің қатарына кірді. Алда­ғы асулар бұдан да жоғары. Бүгін­гі жаһандық экономикалық бәсе­ке­лестік талаптары тым күрделі. Оны 2017 жылғы  IMD  әлем­дік бәсекелестік рейтингінің қоры­тын­дысынан да анық көруге болады.

IMD әлемдік бәсекелестік рейтингінде Қазақстан 4 сынақ көрсеткішінің екеуі бо­йынша өте жоғары әлеуетке ие екендігін көрсетті. Атап айтқанда,  «Үкімет қызметінің тиімділігі» көрсеткіштері бойынша еліміз 12 саты жоғарылап, 19-шы орынды иеленсе, «Бизнес тиімділігі көрсеткіштері бойынша 21 саты жоғарылап, 23-ші орынды иеленді. Өкінішке орай, қалған екі көрсеткіш бойынша, атап айтқанда,  «Инфрақұрылым жағдайы» (54-ші орын) және «Экономикалық қызмет» (54-ші орын) көрсеткіштері бойынша әлі де әлсіз екендігін байқатты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында «Коммуникацияның дамуы мен оптикалық-талшықты инфрақұрылымға жаппай қол­же­тім­ділікті де қамтамасыз ету керек. Цифр­лы индустрияны дамыту басқа да барлық салаларға серпін береді. Сондықтан, Үкімет ІТ саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауға тиіс», деп атап көрсеткен болатын. Осыған байланысты Қазақстан IMD әлемдік бәсекелестік рейтингі бойынша цифрлы бәсекелестікте өткен жылғы көрсеткішті 

5 сатыға жақсартып, 38-ші орынды иеленді. IMD  әлемдік бәсекелестік рейтингі бойынша 2017 жылғы әлемдік цифрлы саладағы бәсекелестікте Сингапур, Швеция және АҚШ мемлекеттері көш бастады.

Қазақстан бүгінгі таңда жаһандық экономика саласында өзінің лайықты орнын алған қуатты өндірістік державалардың біріне айналды. Еліміз осы жылдар ішінде өзінің қауіпсіздігі мен аумақтық біртұтастығын қалыптастырып қана қоймай, экономикалық дамуда әлемнің ірі мемлекеттерімен бәсе­ке­лестікке түсе алатын әлеуетке қол жет­кіз­ді. Елбасы белгілеген стратегиялық бағ­дар­ламалар бүгінде қол жеткізген өмір бе­лестеріне айналды. Ендеше, әлемдік экономика үрдісінде айшықты қадамдармен айқындалған Қазақстан таяу жылдардың ішінде дамыған отыз елдің бел ортасындағы лайықты орнын да ойып алатындығына күмән жоқ. Оған  әлемдік бәсекелестік дәрежесін айқындайтын ең беделді орталық – IMD-2017 рейтингі бойынша еліміз 2016 жылы ұлттық экономикамыздың белсенділігін толық қалпына келтіруінің арқасында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгендігі айқын дәлел болса керек. 

Жылқыбай Жағыпарұлы, 
«Егемен Қазақстан»